• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Шілде, 2024

«Ауыл аманатының» жәрдемі

266 рет
көрсетілді

Несие десе көпшіліктің тіксініп қалатыны рас. Бірақ ауыл тұрғындарына арналған бағдарламаларды жүзеге асыру үшін берілетін шағын несиелер өзінің тиімділігін көрсетіп келеді.

«Ауыл аманаты» жобасы ауылда тұрып кәсіппен айналысамын деген жандарға өте ыңғайлы. Айталық, шаштараз ашу, тігін кәсібін бастау үшін азғантай ғана қаражат керек. Соның өзі ауылдық жерде таптыра бермейді. Ондайда «Ауыл аманаты» жобасының жәрдеміне жүгінсеңіз болады.

Ұлытау облысында 2023 жылдан бері бұл жоба жақсы атқарылып жатыр. Цифрға сүйе­ніп айтар болсақ, былтырдан бері облыстың ­342 кәсіпкері шағын несиеге қол жеткізіпті. Олар­ға 2,7 млрд теңге қаражат берілді. Жаңаарқа ­ауда­­ны бойынша – 1,4 млрд теңге, Ұлытау ауда­ны бойынша – 1,0 млрд теңге, Қаражал мен Жезқазған қалалары бойынша 300 млн теңге кө­лемінде ауыл тұрғындарының шаруашылығын да­мытуға шағын несиелер берілген екен. Таяу арада тағы 25 өтінімге 184 млн теңге ұсынылмақ.

«Бұл жоба арқылы беріліп жат­қан қаражат ауылды көтеруді басты мақсат тұтады. Жоба халықты ауылда тұрақтандырудың бір тетігі іспетті. Шағын несие алып, шаруаларын дөң­гелете бастаған отбасыларды әр ауылдан кезіктіруге болады», дейді «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» басқарма төрағасы Алмат Жөкебаев.

Кейінгі кезде елімізде сиыр және қой басының кеміп бара жатқаны ескеріліп, өңірде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша мал алу үшін несие тек сиыр немесе қой, ешкі сатып алатындарға ғана берілетін болды. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы берілетін несиенің номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екені сөзсіз. Тағы бір атап айтар­лығы – жоба аясында несие алған аза­мат­тарға негізгі борыш пен сый­ақы­ны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі де қа­рас­тырылған. Сондай ақ несиені өтеу мер­зімі де қолайлы. Айталық, мал ша­руа­шылығына байланысты несие – ­7 жыл­ға, басқа бағыттар бойынша 5 жыл­ға бері­леді. Мұны «Ұзын арқау, кең тұ­сау» деп сипаттаса да артығы жоқ. На­ғыз ауыл адамдарына қолайлы мерзім мен пайыз.

«Өкінішке қарай, ауылдағы кейбір ағайындар бұл жоба туралы біле бер­мейді. Сондықтан бұрын алынған несие­нің нақты мақсатқа пайдаланып жат­қан-жатпағанын тексеру мақсатында ауылдарға барған кезімізде халықпен кездесіп, жобаны түсіндіруді де қоса жүргіземіз. Соның арқасында, жобаға деген қызығушылық артып келеді», дейді А.Жөкебаев.

Жақында жалпы сомасы 83 млн теңге бола­тын 8 өтінім келіп түсіпті. Жоба ­аясында бөлін­ген 3,4 млрд теңгенің әлі 400 млн теңгесі өз иесін күтіп тұр.

Ұлытау облысы