• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Шілде, 2024

Дижитал жаңалықтар есебі

200 рет
көрсетілді

Oxford университетінің «Reuters» журналистика институты тарапынан биыл 13-рет жарияланып отырған дижитал жаңалықтар есебі 6 континенттегі 47 елден алынған деректер мен 100 мыңға жуық респонденттің қатысуымен жүргізілген сауалнама негізінде журналистиканың әлемдегі даму үрдісін зерттейді. Есептің ішінде негізгі проблемалар, аудиторияның белсенділігі және сенім деңгейі баяндалады. Сондай-ақ мемлекетке қарасты БАҚ-қа айтылатын сын-пікірлер де қарастырылады. Зерттеуді YouGov 2024 жылғы қаңтар айының соңы мен ақпан айының басында онлайн са­уалнаманы пайдалана отырып жүргізген.

Биылғы есеп әлем халқының жартысына жуығы жалпыұлттық және аймақтық сайлаулар бастал­ған кезде жарыққа шықты. Осын­дай күрделі кезеңдерде дәл, тәуел­сіз журналистиканы ұсыну бұрын­ғыдан да маңызды екені даусыз. Сауалнамада қамтылған көптеген елде БАҚ өсіп келе жатқан жалған ақпарат пен сенімнің төмендігіне, саясаткерлердің шабуылдарына және белгісіз іскерлік ортаға байланысты қиындықтарға тап болған.

Көптеген елде, әсіресе Еуропа мен АҚШ-тан тыс жерлерде, Facebook-ті жаңалықтар үшін пай­­даланудың айтарлықтай тө­мен­деуін және мессенджерлер мен стримиң желілерін қоса ал­ғанда, бірқатар баламаға тәуелді­лік­тің артып келе жатқанын байқаймыз. Өткен жылы Facebook жаңалықтарын оқу барлық елде 4%-ға төмендеген. Апта сайын жаһан­дық деңгейде жаңалықтар оқу мақ­сатында респонденттердің үштен бір бөлігі YouTube-ты (31%), бестен бір бөлігі WhatsApp-ты (21%) пайдаланады. Ал TikTok (13%) әлеуеті артып, X (бұрынғы Twitter) платформасын (10%) алғаш рет басып озды.

Осы өзгерістерге байланысты бейнелер, әсіресе жастар арасында, онлайн жаңалықтардың маңызды көзіне айналып жатыр. Қысқа жаңалық бейнелерін апта сайын қоғамның үштен екісі (66%) тұтынса, ұзағырақ форматтар шамамен тұтынушылардың жартысын (51%) қамтиды. Жаңалықтар бейнелерін тұтынудың негізгі көзін баспагерлердің веб-сайттары (22%) емес, онлайн платформалар (72%) құрады.

Жаңалық платформаларының құрамы өзгеріп жатқанымен, қоғамның көпшілігі әлеуметтік медианы немесе агрегаторларды онлайн жаңалықтардың негіз­гі шлюзі ретінде тануы жалға­сып жатыр. Барлық нарықта респон­денттердің шамамен бестен бір бөлігі ғана (22%) жаңалықтарды веб-сайттарынан алады немесе олардың қосымшасын онлайн жаңалықтардың негізгі көзі ретінде таңдайды. Бұл 2018 жыл­мен салыстырғанда 10%-ға тө­мен көрсеткіш. Солтүстік Еуропа­ның бірнеше нарығындағы баспагер­лер бұл үрдісті еңсере алды, бірақ әлемдегі жастардың жаңалық­тарды баспа сайттарынан қарауы азайып келеді.

Әртүрлі платформадағы жаңа­лықтарға қатысты адамдар ең көп назар аударатын дерек­көз­дерге жүгінсек, бейтарап коммен­таторларға, қоғамдық пікірге әсер етушілерге және жастар арасынан шыққан жаңалық таратушыларға, оның ішінде YouTube және Tik Tok платформаларына көбірек көңіл бөлетінін байқаймыз. Бірақ Facebook және X сияқты әлеуметтік желілерде дәстүрлі жаңалық таратушы брендтер мен журналистер әлі де маңызды рөл атқарады.

Интернеттегі жаңалықтардың шынайы немесе жалған екендігі туралы тұтынушылардың алаң­дауы былтырғыдан 3%-ға өскен. Шамамен сауалнамаға қатысқан репон­денттердің оннан алтысы (59%) аталған мәселеге алаңдау­шылық білдірген. Бұл көрсеткіш биыл сайлау өткізгелі жатқан екі ел­де айтарлықтай жоғары. Олар­дың қатарына Оңтүстік Афри­ка (81%) және АҚШ (72%) кіреді. Деректерге сүйенсек интер­нет платформаларындағы сенімді және сенімсіз мазмұнды ажырату туралы алаңдаушылық бас­қа­лармен салыстырғанда Tik Tok және X платформаларында жоғары болды. Екі платформада да Газадағы соғыс және Уэльс хан­шайымының денсаулығы сияқты оқиғаларға, сондай-ақ «жалған» фотосуреттер мен бейнелерге қатысты расталмаған ақпарат немесе қасақана жасалған хабарлар орналастырылған.

Жалпы әлемдік деңгейде жаңалықтарға деген сенім (40%) көрсеткіші былтырғыдай тұрақты болып қалды. Бірақ бұл пандемия кезіндегіден 4%-ға төмен. Әлемде Финляндия жалпы сенім деңгейі ең жоғары ел (69%), ал Грекия (23%) мен Мажарстан (23%) БАҚ-қа шамадан тыс саяси және іскерлік ықпал етуге қатысты тұтынушылар алаңдауы ең төменгі деңгейдегі мемлекеттер болды.

Зерттеу деректері жаңалық­тарға жазылушылар санының аз да болса өскенін көрсетті. Рес­пон­денттердің 17%-ы өткен жылы 20 бай елге тиесілі кез келген онлайн жаңалықтар үшін қаржы төлегенін айтқан. Норвегия (40%) және Швеция (31%) сияқты Солтүстік Еуропа елдері жаңалықтар үшін қаржы төлейтіндердің ең жоға­ры үлесіне ие. Бұл санатта Жапо­ния (9%) және Ұлыбритания (8%) ең төменгі көрсеткіштерді көрсетті. Былтырғыдай цифрлық жазылымдардың едәуір бөлігі бірнеше беделді ұлттық брендтерге ғана тиесілі екенін анықталды. «Reuters» дижитал жаңалықтар есебі көрсеткендей подкаст түсіру баспагерлер үшін жас, білімді аудиторияны тартудың құралы. Бірақ жалпы қоғамның азшылық бөлігінің назарын аударады. Ең танымал подкасттардың көпшілігі қазір YouTube және TikTok сияқты бейне платформалар арқылы таратылады.

Есеп жаһандық ақпарат ағыны­ның бүгінгі ахуалын талдауда, тұ­тыну­шылар нарығын түсінуде қо­сым­ша көмекші құрал бола алады. Еркебұлан ҚУАНБАЙ,Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы