Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бастаған делегация жуырда Қытай Халық Республикасының Сиань, Үрімші қалаларына сапарлап қайтты. Шымкент пен Сиань – бауырлас қала. Бауырластықтың орнағанына биыл бір жыл толды. Іссапар осынау айтулы мерзімге орайластырылды. Шымкенттік делегацияның Қытайға сапарына Қазақстанның Сиань қаласындағы Бас консулдығы қолдау білдірді.
Делегация іссапардан келген соң, қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов арнайы брифинг өткізді. Онда ол Шымкенттен барған қонақтар алғашқы танысуды Сианьдағы көлік-логистикалық терминалдан (КЛТ) бастағанын жеткізді. КЛТ екі ел президенттерінің келісімімен құрылған. Басты мақсат – елімізді, Орталық Азияны, Еуропаны көлік транзиті арқылы Қытаймен байланыстыру. Сиань Қытайдағы транзиттік хаб саналады. Ең үлкен құрғақ порт та осында. Қытай мен Еуроодақ арасындағы контейнерлік пойыздардың 40%-ы КЛТ арқылы өтеді. А.Кәрімовтің айтуынша, логистикалық терминал отандық экспорттаушыларға жаңа нарыққа жол ашады. Сонымен бірге жүктерді жеткізу мерзімін айтарлықтай қысқартады. Еліміз сол арқылы Еуразиядағы транзиттік хаб ретінде де өзінің орнықты орнын айқындайды.
Сапар барысында Шымкент –Сиань қалалары кәсіпкерлерінің сауда-экономикалық форумы өтті. Екі ел іскер топтарының арасында В2В форматында кездесулер ұйымдастырылды. Форумда денсаулық сақтау, IT, металлургия, қоғамдық тамақтану, білім, ауыл шаруашылығы, электр жабдықтары, құрылыс материалдарының өндірісі сияқты салалар қамтылды. Одан бөлек, отандық кәсіпкерлер Қытайдың ірі 6 компаниясының өкілдерімен кездесті. Атап айтқанда, «Jiangsu Xiandai Lighting Group Co., Ltd» компаниясымен жарықдиодты, ландшафтты басқа да сан алуан көше шамдарын, сигналдық байланыс, электр, бақылау тіректерін, жол қауіпсіздігі құралдарын, электромеханикалық жабдықтарды, күн фотоэлектрлік панельдерді өндіру бойынша келіссөз жүргізілді. Сондай-ақ «Shaanxi Jingzhao carspan» компаниясымен бірлесіп сервистік қызметтен толық циклді автомобиль құрастыру зауытын құруға дейін келісімдер жасалды. Қазақстан мен Қытай кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға ықпал етумен айналысатын «Қазақстан – Қытай кәсіпорындар альянсы» ұйымы аясында ынтымақтастық платформасын құру, іскерлік сапарлар ұйымдастыру, сауда-экономикалық форумдар өткізу, сол арқылы екі ел экономикасының өркендеуі мен дамуына үлес қосу мәселесі талқыланды.
Бұдан бөлек, «Xian Typical Elevator Co., Ltd.» компания өкілдерімен лифт өндіретін зауыт салу жайы қарастырылды. Тағы бір Қытай компаниясы «Shaanxi Foreign Trade Import and export Group Co., Ltd.» серіктестігімен көтерме сауда, технологиялары, азық-түлік импорты мен экспорты, қойма, көлік қызметтері, жеткізу тізбегін басқару, халықаралық контейнерлік тасымал салаларын дамытуға қатысты екіжақты ынтымақтастық мүмкіндіктері сараланды. Сонымен бірге «China Communications Construction Company Limited (CCCC) Tianjin Dredging Co., Ltd.» компаниясымен порт және су жолдарын тереңдету, жерді мелиорациялау, гидротехникалық құрылыстар мен іргетастарды жобалау, іздестіру, жобалау, кеңес беру, экология, жабдықтар өндірісі, жылжымайтын мүлік, халықаралық тасымалдар секілді жобаларды ілгерілетуге уағдаласты.
Форум мен екіжақты кездесулер нәтижесінде құны 17,6 млн доллар тұратын келісімдерге қол жеткізілген. Олар:
• «Invest Shymkent» ЖШС мен «China-Kazakhstan Enterprises Alliance Committee group» арасында өзара түсіністік туралы меморандум;
• «KazFerroGroup» ЖШС мен «Shanxi Heynan New Metallurgical Electric Equipment Co. LTP» компаниясы арасындағы ферроқорытпа пешін сатып алу туралы келісім;
• «JT Food Expert» пен «Xi’an Gang Tong Tian Xia Dian Zi Shang Wu You Xian Gong Si» компанияларының бірлескен тамақ өнімдерін шығаратын кәсіпорын құру туралы уағдаластығы;
• «KazBioTech» ЖШС мен «Alashankou city Haoyu Trading Co. Ltd»-ның өсімдік майын сатуға байланысты өзара сауда шарты.
«Іссапар аясында Сиань қалалық партия комитетінің хатшысы Фан Хунвэй мырзамен, қала мэрі Е Нюпинмен кездестік. Жүздесуде сауда-экономикалық қарым-қатынасты жан-жақты дамыту бойынша мәселелерді талқыладық. Сондай-ақ ынтымақтастық аясында инвестиция мен сауда-саттық саласын күшейте беру мәселесі де қозғалды», деді А.Кәрімов.
Биылғы 5 айда мегаполистегі өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындар 424,7 млрд теңгенің өнімін өндірді. Биыл 928,7 млрд теңгеге инвестиция тарту жоспарда тұр. 239 кәсіпкерлік нысан бірыңғай кешенді бағдарлама шеңберінде жаңа жобаларға мемлекеттен қолдау тапқан. 5 айда фармацевтика өнеркәсібіндегі өнім көлемі – 29,3 млрд, тамақ өнімдері – 62,9 млрд, дайын металл бұйымдары 29,7 млрд теңгеге өсті. Биыл 897 млрд теңгеге 467 жоба игеріледі. Сондай-ақ 2024 жылға 262 млрд теңгені құрайтын 64 инвестициялық жоба пулы қалыптасқан.
Нақты санға көшсек, биыл өнеркәсіп саласы бойынша 16 жобаны іске қосу көзделіп отыр. Аталған жобалардың жалпы құны 88,5 млрд теңгені құрайды. Жоспар бойынша 1,8 мың адам жаңа жұмысқа орналасады. Жалпы, 2024-2028 жылдар аралығында 220 жобаны іске асыру жоспарда бар. Оған 2,7 трлн теңге инвестиция жұмсалады. Нәтижесінде, 29 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ. Мегаполистің өнеркәсіп саласында биыл алкогольсіз сусындар, керамикалық тақталар, темірбетон бұйымдары, шұлық, автоклавты бетон, сутегі пероксиді, тоқыма емес материалдар, полимерлі бұйымдар, асфальт бетон, ылғал майлықтар, автомобиль әйнегі, аяқкиім, картон қағазы басқа да осы секілді тамақ пен тұрмысқа қажетті өнімдер шығаратын зауыттар пайда болады. Бүгінде Шымкентте кәсіпорындар негізінен өндірістік алаңдарда орналасқан. Индустриалды аймақтардың жалпы ауданы – 869 гектар. Онда 287 жоба жүзеге асырылып отыр. Жобалардың жалпы құны 229 млрд теңгеге тең. 8,5 мың адам осы индустриалды аймақтарда еңбек етеді.
ШЫМКЕНТ