Шардараға жолыңыз түсіп, жергілікті жұртшылықтан «Осы өңірде әке-шешесін 100-ден асырып, перзенттік парызы мен адал еңбегін қатар атқарған азаматың қайсы?» деп сұрасаңыз, бірден Мұсахан Әбдікерімұлын атар еді. Иә, бұл кісі – жол саласының ардагері, Ақбала шағын ауданы ардагерлер ұйымының төрағасы, сонымен бірге «Шардара» мектеп-лицейі Қамқоршылық кеңесінің басшысы. Жастық жалынын Қызылқұм тыңын игеруге арнаған Мұсекең осылайша зейнеткерлік жасқа шықса да, елдің бірлігі мен берекесін арттыруға үлес қосып келеді.
Мұсахан Әбдікерімұлының анасы Ұлбосын Айдарқұлқызы 104 жасқа келіп бақиға озса, әкесі Әбдікерім Мархабайұлы 102 жастан асып барып, дүние салды.
Түркістан облысының құрметті азаматы, құрылыс саласының майталманы Өстемір Тілегенұлы 1992 жылы аудан әкімі кезінде Наурыз тойын елдік деңгейде өткізіп, соңында ғасыр жасаған Әбдікерім ақсақалдан бата сұраған еді. Ол бір мазмұнды, ұмытылмас бата болды.
Әбдікерім ақсақалдың Мұсекеңнен үлкен бір ұлы Исахан жасы 86-ға келсе де, Шымкенттің жоғары оқу орнында дәріс оқиды. Ғылым докторы, профессор. Өзбекстан мен Қазақстан тең сыйлайтын тұлға. Кіші баласы Әмірхан Шардара аудандық ішкі істер саласында еңбек етті, қазір зейнеткер.
Мұсекеңнің туып-өскен ауылы – Қосарал. Рас, ол кейін теңіз астында қалды. 1958 жылдан бастап Қызылдың құмын игеру басталғанда Сыр бойын жағалай қонған біраз ауыл басқа жаққа көшірілді. Көп ұзамай дария жағасында екпінді құрылыс жұмысы басталып, үлкен бетбұрыс болды. Бұл туралы кейіпкеріміз:
– Түрлі техникалар өзен жағасындағы тал-дарақты сүріп, шұңқырларды тегістеп, азаннан кешке дейін гүрілдеп жататын. Кейін білсек, қазіргі су қоймасының табанын таптап, дайындап жатқаны екен ғой. Біз Қалғансыр елді мекеніне қоныс аударып, кейіннен қазіргі аудан орталығына орналастық. Қалғансыр ауылында 8-сыныпқа дейін оқып, қалған жоғары сыныпты көрші аудандағы Қызыл әскер ауылында бітірдім. Сонда жиендердің үйінде жатып оқыдым. Мектебіміздің директоры Кеңес одағының батыры әйгілі Ілесбек Жолдасов еді, – деп еске алады.
Мұсекең жастай өлең жазуға талпынып, журналист болуды армандапты. Алматыдан шығатын газет біткенді үзбей қарап, кітап оқуға ынтығады. Бұл ынтасын ұстаздары да қолдаған.
Алайда жоғары оқу орнын таңдар кезде Исахан ағасының: «Жазу-сызуыңды ешкім тартып алмайды, ол – дарынмен келетін өнер. Біздің елімізге технологияны меңгерген азаматтар керек. Өмірге керекті мамандықты таңдағаның дұрыс» деген бірауыз сөзі бәрін шешіп кетеді. Сөйтіп, ол Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтына оқуға түсіп, инженер-құрылысшы-технолог мамандығын алып шығады. Содан бергі өмір жолы Шардарамен тығыз байланысты. 1975 жылы алғаш аудандық астық қабылдау мекемесінде инженер-техникалық бақылаушы қызметімен бастап, «Шардара құрылыс бұйымдары комбинатында» инженер-технолог, «Совхозремстрой» тресіне қарасты №85 жылжымалы мехколоннада прораб, «Қызылқұмсовхозстрой» тресі өндірістік басқармасында учаске бастығы секілді бел-белестен өтеді. 1980 жылдан бірыңғай жол саласында қызмет етіп, 2017 жылы зейнет демалысына шықты. «ДЭСУ-363» жол-құрылыс мекемесіндегі бас инженерлік лауазымы «Шардара жолдары» ЖШС мен «Оңтүстік жолдарының» аудандық филиалында сәтімен жалғасты. «Басшымын» деп кеуде кермеді, «елге қызмет ету – парызым» деп еңбек етті.
Жол салу, көпір салу – сауапты іс. Мұсекеңнің жалпы еңбек өтілі 47 жыл болса, соның 37 жылын жол саласына арнапты. Жаушықұм ауылына екі жақтан кіретін асфальт жол, Қуанқұдық ауылына, Пішентөбе елді мекеніне, Көксу ауылы №1 фермаға, Баспанды-Жоласар елді мекеніне, Сүткент кеңшарына кіретін жол – көпір-асуы осы кісінің еңбегі. Қазіргідей технологияның жетілген кезі емес, қарапайым техникалармен жасалған сол жолдар әлі де халыққа қызмет етіп келеді.
– Ол кезде арнайы асфальт зауыты жоқ. Жолдың ортасына құм аралас тасты тасып алып, автогрейдерлердің көмегімен жол бойына созып, үстіне битум құятын едік. Оны қас қарайғанша араластырып, дайын болған соң манағы автогрейдермен тегіс етіп жайып шығатынбыз, – дейді еңбек ардагері.
Құмды жерде жол салудың ауыр мехнаты бар. Қайбір жылы «Каздорпроект» институты мамандары келіп, қазір тарихқа айналған жолды көріп таңғалыпты. Сонда облыстық автомобиль жолдары басқармасының бас инженері Е.М.Останин: «Сендер көзсіз батыр екенсіңдер. Көлік жүре алмайтын Қызылқұмды қақ жарып, тас жол салу – ғасырлық ескерткіш», депті.
Мұсахан Әбдікерімұлы мекемесі Шардара қаласын абаттандыруға да өз үлесін қосты. Бұл тура қазір Президент көтеріп отырған «Таза Қазақстан» идеясына сәйкес келеді. 80-жылдардан бері шаһарға көрік беріп тұрған – қазіргі Н.Оңдасынов трассасы бойындағы бүркіт пен таутеке ескерткіштері десек жаңылыспаймыз. Бұл да Мұсекең бастаған азаматтардың жобасы еді.
– Бұл шаруаны бізге сол кездегі бірінші хатшы Ілесбек Бекжанов тапсырды. Бүркіттің ескерткішін Алматыға тапсырыс беріп жасаттық. Бүркітті де, таутекені де биік төбеге қою оңай болмады, - деп еске алады ел ағасы.
«Менің өмірімде ата-анамның орны ерекше. Олар – нағыз қазына еді ғой. Әке-шешем ғасырлық өмірін «халықтың, ағайынның ниеті» деп отыратын. Кісілікті де, кішілікті де, адал еңбек етуді де сол кісілерден үйрендік. 90-жылдары қиындықта сол кісілердің ақылы көп пайдасын тигізді. Сондықтан елде ата-ананы тыңдау мен дәстүрді сақтауды замана талғамымен жалғастыруымыз қажет», дейді Мұсахан Әбдікерімұлы.
Қала тірлігіне қол ұшын созуды азаматтық парыз санаған Мұсекең – әрқашан жақсы істердің бастамашысы. Ауданға Серік Ибадуллаұлы әкім болып келгенде көпқабатты үйлердің алдына демеушілер есебінен балалар ойын алаңын жасатқаны көз алдымызда. Осындай ұрпақ игілігі үшін жасалып жатқан шаруаға да Мұсахан аға жәрдем берді. Балалар алаңы салынатын алаңға асфальт төсеп бергеніне куә болғанбыз.
Мұсахан Әбдікерімұлы бастауыш ардагерлер ұйымы төрағалығын да шырқ үйіріп әкетті. Мәслихат депутаттарымен, мектеп директорымен, басқа да кәсіпкер азаматтармен кездесу өткізіп, зейнеткерлердің мұң-мұқтажын жеткізіп отырады. Мәслихат депутаты Бекарыс Базар да Мұсекеңнің өтінішін екі етпей, Ақбала шағын ауданында тұратын 10 зейнеткерге бір жылға газет-журнал жаздырып бергенін естіп риза болдық. Өткен жылы «Шардара» мектеп-лицейінде «Ардагерлер – игі істердің ұйытқысы» атты тағылымды семинар өткізді. Оған облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбдішүкір Сапарбек қатысып, Мұсахан Мархабайдың еңбегіне жоғары баға берді. Сол басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібекұлы былай деді:
– Ұрпақтар сабақтастығы – маңызды мәселе. Кешегі еңбек адамы қазір ардагерлер кеңесін басқарса, бұл – да өнеге. Біз мектептегі Мұсекеңнің қызметтік кабинетін қала мен ауылдан келген әріптестеріне үлгі болсын деп көрсеттік. Ол кісі мұғалімдермен, ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, мемлекетшіл жұмыс атқарып жүр. Ең бастысы, осыны күнде мектеп оқушылары мен ата-аналар көреді.
Жалпы, Мұсекеңнің іскерлік, ұйымдастырушылық, адамгершілік қасиеттері туралы облыс, аудан жұртшылығы жақсы біледі. Мысалы, көп жыл облыстық жол мекемесінің бастығы Әділхан Ағман: «Еңбек адамы – суреттегі жансыз жан емес. Сіз бен біз көрген тәжірибе көрігінен шыққан тұлға. Мен Мұсахан Әбдікерімұлын 1989 жылдан білемін. Ол өз қызметін жауапкершілікпен тыңғылықты атқарды. Қазір ақсақалдық рөлі де сондай» десе, «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік мекемесінің бас инженері Берік Нұрыш: «Жол саласы – ауыр және жауапты сала. Қазір бізге сын да айтылады. Бұл сынды бәсекеге қабілетті болып қана тоқтата аламыз. 2007 жылдан осы салады еңбек етіп келемін. 2014 жылдан мекеме директорымын. Істеген жұмысың халықтың көз алдында. Мемлекеттің қыруар қаржысына салған жолың шұрқ тесік боп жатса, не болады? Сондықтан бұл жұмысты атқаратын адамның қолы да, ары да таза болу керек. Мұсахан ағамыз сондай кісі. Жолы да сайрап жатыр, құжаттары да тас-түйін. Мұндай азаматтармен жұмыс істескен зор бақыт. Біз ол кісінің тәжірибесі жастарға ауадай қажет деп санаймыз», дейді.
Бірауыз еңбек адамының отбасы-әулеті туралы. Мұсахан ағамыз Жұмагүл апай екеуі 6 қыз, 2 ұлды тәрбиелеп өсіріп, қазір олардан 19 немере, 6 шөбере сүйіп отыр. Бұл да – бақыттың өлшемі. Ұл-қызының бәрі жоғары білімді, тәуелсіз еліміздің елшіл азаматтары. Әже мен ана тәрбиесін көрген қыздары Ақмарал, Айжан, Аягөз, Ботагөз, Ләззат, Перизат өз теңін тауып, үйлі-жайлы. Үлкен ұлы Бекарыс – Астана қаласы білім басқармасының бөлім басшысы. Кенже ұлы Жанарыс – таяуда Президент жанындағы Басқару академиясын бітіріп, магистр диссертациясын үздік қорғады. Бүгінде Энергетика министрлігінің бас сарапшысы.
Мемлекеттік, салалық медальдардың, төсбелгілердің иегері, еңбек ардагері, өңірдің құрметті азаматы Мұсахан Мархабай – әділетті Қазақстанның адал жүректі ақсақалы. «Алтын алқа» иегері, ардақты ана Жұмагүл апай екеуіне әлі де талай дәстүрді ұлықтайтын елдік істердің бастамашысы болуын, бейнеттің зейнетін көруін тілейміз.
Әділ ӘБДІРАМАН,журналист