Әлібай Бапанов пен Сәуле Бапанованың авторлық ұжымымен орындалған «Көшпенділер фрескалары» киізден бастырылған паннолары мен «Әлем өрнектері» гобелендер топтамасы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа лайықты ерекше жұмыстар. Шығармашылық жолы бір арнаға тоғысқан отбасылық жұптың есімдері бүгінде өнерсүйер қауым арасында өте жақсы танылған. Отандық бейнелеу өнерінің өркендеп дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан суретшілер Әлібай мен Сәуле Бапановтар ана сүтімен дарыған киелі өнер арқылы қазақ халқының болмысын өзге елдерге танытып жүрген жарқын тұлғалар.
Қызылорда облысында дүниеге келген олардың шығармашылық дуэті сонау 1970 жылдары қалыптасты. Екі жасты өнерге деген құштарлығы мен ортақ көзқарастары табыстырды. Алматы көркемсурет училищесін бітірген Сәуле Бапанова С.Строганов атындағы Мәскеу жоғары көркемөнеркәсіп училищесінің «Көркем тоқыма» бөлімінде, ал Әлібай Бапанов И.Суриков атындағы Мемлекеттік көркемсурет институтының монументалды кескіндеме бөлімінде білім алған. 1981 жылдан бастап Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаттары, бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессорлары, ұлағатты жолда қызмет етеді. Дарынына құрметпен қарайтын өнерсүйер қауымды суретшілер ұлттық мазмұндағы бейнелер каскадымен, нысандардың алуан түрлілігімен, сызықтардың өрімдері және иірімдерімен, түстер үйлесімінің әсемдігімен, күтпеген ассоциациялармен, ойды берудегі дәлдігімен таңғалдырып келеді.
Әлібай Бапанов – қолданбалы және бейнелеу өнерінің шекарасында жұмыс істейтін белгілі шебер. Монументалды кескіндемеші мамандығын меңгерген суретші ауқымды композицияларға бейім дүниелерді көрсетуге құмар. Шығармашылық жолының бастапқы жылдарында суретші алдымен гобелендер тоқып, содан кейін киізден текеметтер мен көлемді артефактілер жасай бастады. Кескіндемелік композициялар жазады. Соңғы жылдары ол ежелгі кілемдердің үстіне метафоралық композициялар жасай бастады. Автор көшпелілік тақырыбына және онымен байланысты барлық нәрсеге шексіз мән береді. Әлібай Бапановтың «Әлем өрнектері» гобелен техникасында жасалған топтамасының құрамына «Ақ дала» (200х200, гобелен, 2020), «Миф» (180х160, гобелен, 2021), «Салт атты» (190х190, гобелен, 2021), «Оралу» (180х190, гобелен, 2022), «Тұран дала» (199х275, гобелен, 2022 ), «Феникс-2» (185х185, гобелен, 2023), «Ата-бабалар» (150х185, гобелен, 2023) атты композициялар енген.
Суретші шығармашылығында «палимпсестке», ескі қолжазбаға сілтеме жасайтын жұмыстар ұсынылған, онда ескі мәтіндердің үстіне жаңа мәтіндер жазылады: «Жарқын күн. Жарқын әлем» (2020), «Әлем айшықтары. Әлемнің өрнектері» (2021), «Мәңгілік» (2020), «Наурыз» (2021) туындылары таңғажайып еркіндікпен орындалған. Оларда әр түрлі қабаттардың шағылысуы, түрлі-түсті дақтардың ырғақтық үйлесімділігі, сызықтар мен оның бетіндегі басқа белгілердің ойыны бар. Бұл кеңістікте ою-өрнек сияқты тоқылған өткен мен бүгіннің «бөліктері» адамның бет-әлпеті мен жануарлардың мүсіндері тұтас және бөлінбейтін көшпенділер әлемін құрайды.
Өнертанушы Баян Барманқұлова: «Суретші қазақ мәдениетінің кеңістігінен ешқашан шет шықпайды. Бір ғана талантты адамның өткен шаққа деген махаббаты өшкенді тірілтіп, үндес-тілектестер үшін маңызын арттыра алады», дейді. Текемет техникасында орындалған мифологиялық жанрдағы композиция «Тәңір» деп аталады. Мұндағы аспан жұмыртқа пішінімен бейнеленген. Барлық бейне ұсақ бөлшектерден бастау алатын абстрактілі тіршілік көзінен құралған. Аспанда сол әлемде мекен ететін жануарлар, адамдар және жер бейнесін көреміз. Композиция суретшінің қиялындағы жаратылыс әлеміне байланысты философиялық дүниетанымынан сыр шертеді.
Жүн сияқты икемді материалмен көп жылғы шығармашылық жұмыс жасаған суретшілер оны жетік игерген соң, одан киім жасауға кіріседі. Жүн өңдеу техникасына оралу арқылы Бапановтар керемет киімдерді өмірге әкеле отырып, жүннің адам өміріндегі бұрынғы маңызын көрсете білді. Түрлі түсті бояуларды пайдалана отырып киізден, ине-жіпсіз тігілген киімдер арқылы Сәуле Бапанова қазіргі заманғы сән әлеміне өзіндік үлес қосып келеді. Жан-жақты өнерді қамтыған суретшілердің туындылары еліміздің бейнелеу өнерінің олжасы дерлік. Тарих пен болашақты ұштастырған шығармалары өнер зерттеушілерінің назарынан тыс қалған емес.
Сәуле Бапанованың жүннен авторлық техникамен жасалған «Номад арулары» киім топтамасы (2023ж) 13 бейнеден тұрады. Әр нысан бойынша жұмыста эскизден картонға дейін, содан кейін ғана материалдағы түпкілікті шешімге дейін баратын Әлібайдан айырмашылығы, Сәуле алдын ала дайындық кезеңдерінсіз халық қолөнершілері сияқты импровизациялауды жөн көреді. Ол эскиз жасамайды, бірақ шебердің орындауындағы барлық композиция әрдайым түрлі түсті және пластикалық түрде шешімін табады. Ішінде әртүрлі текстуралық әдістер де қолданылады. Сонымен қатар болашақ модельдердің дене пішініне қонымды әрі дәл құрастырылғаны айқын сезіледі. Он үш бейнелік топтамадан құралған киім түрлері сәнқой аруларға арналған этно-стиль үлгілерінде ұсынылған. Олардың құрамында шошақ төбелі, сәнді қалпақтар мен шағын бас киімдер, ұзын және қысқа жеңді бешпет-шапандар, жамылғылар, белдемшелер, кешкі көйлектер бар. Суретші бұл жинақтағы киім үлгілерін ерекше әдіспен жұқалап өңдеп, басылған табиғи жүннен дайындаған. Автор өз коллекциясындағы киім матасына киіздің фактурасын айқындайтын абстрактілі комозициядағы жолақ сызықтар, өрнектер және таңбалар қолданған. Түстік шешімі жағынан ашық және қою реңдерде ұсынылған киім үлгілері пішіні жағынан сәнқой аруларымыздың эстетикалық талғамына сай кең және дене бітімінің нәзік силуэтін айқындап көрсететіндей жасалған. Мұнда модерн және ұлттық стиль элементтері үйлесіп тұр.
Сәуле Бапанова бейнелі мотивтерді қолданбайды, оның гобелендерінде тоқу процесінің өзі – түрлі-түсті жіптердің қозғалысы, оның көмегімен ою-өрнек тақырыбына айналатын әртүрлі текстуралы мотивтер жасау мүмкіндігі басым. «Алаша» гобелені (дәстүрлі түксіз кілемнің қазақша атауы) – түс шешімі мен орындаушылық тәсілдері бойынша күрделі – суретші тоқу шеберлігін, түрлі-түсті комбинациялардың көркемдік мәнерлілігін көре және сезіне білуді үйренген жылдар бойы жинақталған тәжірибесі туралы естелік. Жұмыстың осы мақсатын түсіну», дейді Сәуле, кейінірек гобеленнің соңғы жіптері кесілген кезде келді. Сондай-ақ тағы бір гобелен – «Іле Алатауы» атын алды. Станоктан бөлінген кезде ғана композицияның негізгі мотиві құмды жердің жалпы түсіне қарсы зигзаг тәрізді ақ өрнек екені белгілі болды.
Әлібай мен Сәуле Бапановтардың орындауындағы «Көшпенлілер фрескасы» текемет техникасында жасалған топтамасы құрамында «Тәңір» (309х200, 2019), «Әлем» (300х199, 2019), «Ана-жер ана» (300х200, 2022), «Аймақ» (310х198, 2022),
«Ғалам» (320х200, 2022), «Шағылыс жұмбағы» (306х165, 2023) атты композициялар бар. Суретшілер тобының интеллектуалды ізденістері ежелгі тарихтың элементтері мен артефактілерін зерттеу деңгейіне көтерді. Суретшілердің қиялы бір ғана шеңбер аясында емес, ауқымы өте кең. Олардың өнер шығармаларынан ежелгі аңыздар мен қазіргі заманның абстрактілік суреттерін байқауға болады.
Тақырыбы өте ауқымды терең мағыналы жұмыстары көрермен қауымды ойландырмай қоймайды. Әр жұмысына тән ерекшелік қайталанбайды және суретшілердің туындылары сонысымен қызық.
Биылғы жылдың 20 маусымында Бішкек қаласындағы Ұлттық тарих мұражайында Жібек жолы мемлекеттерінің өнерлі әйелдер қауымын жинаған алқалы жиын өтті. Халықаралық форумда Қытай, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Қазақстан өкілдері бас қосты. Суретші, дизайнерлер және қолөнерші қыз-келіншектер бір шаңырақ астына топтасты. Форумға Қазақстан атынан Сәуле Бапанова қатысты. «Менің апарған жұмыстарым Қытай делегациясына қатты ұнап, жоғары бағасын берді. Осы жылдың қазан айында Сианда өтетін көрмеге шақырды. Заманға сай ұлттық өнерімізді әлем елдері алдында абыроймен дәріптеп келгеніме қуаныштымын», деді Сәуле Бапанова. Расында да, мәдениет жүректерді жақындастырады, ал өнер әлемді біріктіреді. Ұлттық өнер бірегейлікті айшықтап, өркениеттер диалогіне себепкер болатын зор әлеуетке ие екенін осы форум тағы бір рет дәлелдей алды.
Бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі, ЮНЕСКО халықаралық суретшілер ассоциациясының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Тарлан» сыйлығының иегері, кескіндеме, мүсін және дизайн факульеті көркемсурет кафедрасының профессоры Әлібай Бапанов және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық суретшілер қауымдастығының мүшесі, кескіндеме, мүсін және дизайн факульеті сәндік өнер кафедрасының профессоры, ЖАК доценті Сәуле Бапанова Қазақстанның бейнелеу өнері саласында ұзақ жылдар бойы талмай еңбек етіп, академия шаңырағында ұстаздық етіп, мәдениетке зор үлес қосуда. Көптеген жылдар бойы ізденіс жасап, түрлі тақырыпта еңбек етіп жүрген шеберлер қолынан шыққан туындылардың қазақ өнерінде орны ерекше. Тарих пен болашақ, ұлттық болмыс пен дәстүрді қамтыған мағынасы терең өнер туындылары елімізде ғана емес, шетелдерде де көрмелерге қойылып келеді. Өнер иелерінің шығармашылық жұмыстары бүгінгі таңда өз елімізден басқа Ресей, Украина, Польша, Дания, Испания мұражайларында, сондай-ақ Франция, Америка, Лихтенштейн, Түркия, Германия, Швеция, Швейцариядағы жекеменшік жинақ қорларында сақтаулы. Әлібай Бапанов пен Сәуле Бапанова – Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағына лайықты үміткерлер. Бұл – бүгінгі таңдағы суретшілер шығармашылығына қатысты өнертанушылар тарапынан берілген оң баға.
Ләйлә КЕНЖЕБАЕВА,Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА аға оқытушысы, өнертанушы