Арнайы органдар қызметкерінің күн тәртібі қалыпты ережеге бағынбайды. Ол түнде ұйықтарда ертеңгісін қандай тапсырма күтіп тұрғанын білмейді. Қызметіне барарда кешкісін не болатынынан бейхабар. Оларға бағзыдан бері «көрінбес майдан жауынгері» атауы таңылған. Ұлттық қауіпсіздік күзетіндегі адамдар жөнінде біз ресми өкілдерінің сөздерінен ғана білеміз. Бүгінгі кейіпкеріміз сол бір көрінбес майдан сардарынан бастап сол саланың қаламгеріне дейінгі тағылымды жолды жүріп өтті.
Бұрындары Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі органдарының жұмысы туралы қалың жұрт көп біле бермейтін. Ол адамдар көзге көрінбегенімен, жұмыстары өз жемісін беретін. Қандайда бір үлкен қылмыс іске аспаған күйі ашылып жататын. Мұның барлығы қызметкерлердің кәсіби деңгейіне байланысты. Ол жерге екінің бірін ала бермейді. Сынақтан сүрінбей өткендері ғана сол атаулы қызметтің қатарына қосылады. 1982 жылы Ақмола облысы Бөрілі елді мекенінің тумасы Кенжеболат Қоқышұлы Бекназаров та осы бір таңдаулы қызметтің қатарын толықтырды.
Кенжеболат Бекназаров – табиғаты таза, адал, ақылы мұздай салқын, жүрегі Отан деп соққан буынның өкілі. Қалың жұртшылыққа оның есімі оның Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі болған кезеңде жақсы танымал болды.
2000 жылдардың басы – билік пен оппозицияның текетіресі ашық байқала басталған жылдар. Кейде ақпараттық шабуылдар мен саяси технологиялар да қолданылатын. Әр алуан ақпараттар ағынының ішінде мемлекет, билік, қызмет туралы теріс пікір қалыптастыруы мүмкін деректер де көп болатын. Сондайларға нақты түсінік беру үшін БАҚ өкілдерінің алдына арнайы органдардың ресми өкілі Кенжеболат Бекназаров шығатын. Орта бойлы, күміс самайлы, сымдай тартылған сымбатты да сұсты полковник салған бетте адамдардың көңіліне сенім ұялататын. Қысқа да нұсқа, қалың жұртқа түсінікті сөздері мәселенің түйінін тарқатып, артынан екіұдай пікір қалдырмайтын. Сөйтіп, сан қилы баспасөз конференциялары мен БАҚ өкілдерімен кездесулер жабық қызметтің оң имиджін қалыптастырды. Бұл еліміздегі ашықтықтың, демократиялық қағиданы ұстанушылықтың бір көрінісі болатын. Оның басы-қасында К.Бекназаров жүрді.
– Мен ешқашан сауалдан қашқан емеспін. Журналистер хабарласып жатса, міндетті түрде телефонымды көтеремін. Қандай да бір мәселе болса, жауап дайындауға уақыт беруін сұраймын. Дайын жауап болмаған жағдайда, әрине. Журналистер де сөзімді жерге тастамай, жауап беруге мұрсат беретін. Оларға айтар алғысым шексіз, – дейді ол.
Кенжеболат Қоқышұлы мұндай бет-бедел, сый-құрметке бірден қол жеткізген жоқ. Қалаулы қызмет шыңына алымды ақыл-парасаты мен тынымсыз еңбегінің арқасында көтерілді. Жедел, жауапты қызметтің барлық сатысынан өтті.
– Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Жеті ағайынды – екі әпкем, үш ағам, мен, бір інім болып ержеттік. Арнайы органдарда қызмет атқарған еш жақынымыз жоқ. Әуелде ҰҚК-де жұмыс істеуді ойламаған едім. Мектепті аяқтағаннан кейін әскерге барып, Отан алдындағы борышымды өтедім. Содан кейін туған ауданыма келіп, қарапайым жұмыстан бастадым. Кейін комсомол ұйымына қызметке тұрдым. Қоғамдық жұмыстарда аянбай тер төктік. Бір күні Целиноградтағы қазақ телеарнасының дикторы, журналист Ерсайын ағам хабарласты. «Кенжеболат, осы сен оқуың керек. Жоғары білім ал. Әйтпесе қатардағы жұмысшы болып өмірің өтер», деп ақылын айтты.
Содан білім алуға бел будым. Целиноград қаласына келіп, филология факультетіне оқуға түстім. Жоғары оқу орнында да уақытты бос өткізбедім. Оқудан тыс еңбек еттім, қоғамдық жұмысқа белсене араластым. Студенттік құрылыс жасағының командирі болдым. Мақтаулы командир ретінде халықаралық студенттік лагерьге жолдама алып, Куба астанасы Гавана қаласына барып қайттым. Елге оралғанда маған мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің капитаны келіп, Куба сапары туралы, сонымен қатар болашаққа жоспарларым қандай екенін сұрастырды. Бәлкім сол кезде арнайы органдар мені кандидат ретінде қағаздарына түртіп қойған болуы керек», дейді кейіпкеріміз.
Оқудан кейін ол Макинск қаласына оралып, мектепте ұстаздық етті. Араға екі жыл салып аудандық партия комитетіне жұмысқа шақырылды. Қыркүйек айында Алматыға оқуға баруы керек еді. Сол кезде МҚК қызметкерлері келіп, Целиноград облысының МҚК басқарма бастығы, соғыс ардагері, генерал Жақия Сейітқазиевпен кездесу болатынын айтты. Басқарма басшысымен жан-жақты әңгімелесу барысында: «Сен әбден өмір сүрлеуінен өткен, дайын кадр екенсің. Әскери борышыңды да өтепсің, жұмыс тәжірибең бар, жоғары білімің де бар. Біз сені қызметке шақыруға дайынбыз. Тек сенің келісімің керек», деп тағдыршешті шешім қабылдауына ықпал етті. Сөйтіп, кейінгі бар саналы ғұмырын арнайы органдармен байланыстырды.
Алғашқы қызметін Шортанды аудандық МҚК басқармасында жедел уәкіл болып бастады. Сол жерде Жолымбет аулында «Каззолото» комбинаты орналасқан. Ол кезде жоғары техникалық білімі бар адамдар қоғамның қаймағы саналатын. Олардың қызметі де жоғары бағаланатын. Жас жедел уәкіл болған Кенжеболат Қоқышұлы кәсіпорын адамдарымен байланыс ұстау үшін техникалық мамандыққа қатысты қолда бар еңбектерді оқи бастады. Кәсіпорынның алғашқы өндірісінен бастап, қазіргі тілмен айтқанда, жоғары менеджментіне дейін бүге-шігесіне жеткізіп зерттеді. Онымен тілдескен техникалық маман Свердловск тау-кен институтының түлегімен де шатастырып алатындай жағдайға жетті. Дегенмен қызметінде барлығы тақтайдай тегіс болған жоқ. Тарихтың бұралаң жолдары да оны бір сынағаны бар.
– 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі бір-екі күнде аяқталды. Бізге желтоқсан қолдаушыларын «анықтау» жөнінде тапсырма берілді. Екі оттың ортасындағы қысылтаяң кез. Сол кезде жастармен әңгімелесіп, олардың ішкі бұлқыныстарын терең сезіндім. Олардың ешқайсысын сатпадым. Арым таза қалды. Жалпы, менің жұмысым тек профилактикалық бағытта болды. Ешкім жауапқа тартылмады. Адал, таза, патриот болу – барлық адамзатқа ортақ дүние. Ал ұлтыңды сүю – жүректің ісі, – деп есіне алды қаламгер сардар.
Ел тәуелсіздік алған жылдары арнайы органдардың да жаңаша қалыптасу кезеңі басталды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұрынғы репрессиялық орган қалыбынан халықтың мүддесіне жұмыс істейтін құрылымға айналу үрдісіне бет бұрды. 1995 жылы әр мемлекеттік органда өзінің баспасөз қызметі болуы қажет деген Үкімет қаулысы шықты. Соған орай ведомствоға сөзге шешен, сауатты әрі ішкі сырды сыртқа шашпайтын өз адамы қажет болды. Ондай адамның жедел уәкілдік мектебінен өтуі де құба-құп еді. Сөйтіп, жоғары басшылықтың шешімімен сол кездің өзінде жеке құрамның құрметіне бөленген, қолынан қаламы түспейтін, жаны шығармашылыққа жақын зиялы офицер К.Бекназаров осы жауапты қызметке тағайындалды. Сол кездегі ҰҚК төрағасы, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевтың қабылдауына шақырылып, бір күнде жаңа құрылған баспасөз қызметінің басшысы болып бекітілді. Ондаған жыл бойғы жемісті қызметтің нәтижесінде ҰҚК-де «Ақиқат» журналы жарық көрді. Сондай-ақ комитет қызметіне қатысты көптеген деректі фильм, арнайы сюжет, сериал, тарихи кітап басып шығарылды.
Бүгінде полковник Кенжеболат Бекназаров «ҚР ҰҚК органдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде қалтқысыз қызметін жалғастырып келеді. Өмірлерін арнаулы қызметке арнаған жандардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуы мәселелерімен жүйелі айналысады. Құрметті еңбек демалысында болса да, ұлттық қауіпсіздік органдарымен байланысты үзбей, жастарды патриотизм рухында тәрбиелеу жұмыстарына белсене атсалысып жүр. Үйінде асыл жар, өнегелі әке, сүйікті ата, қызметінде сенімді қарулас, адал дос. Қоғамдық жұмыстарға тынбай араласып жүріп, қаламын да қолдан тастаған емес.
Дарын СЕЙІТОВ,журналист