Е.Бөкетов зерттеу университетінде «Ұлағат» қазақ тілін оқыту жобасы кезекті бір жұмысын тәмамдады. Түркия Республикасының Кастамону университетінен профессор, доктор, филолог-ғалым, қазіргі Түрік диалектері мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Орхан Сөйлемез бастаған бір топ магистрант, PhD, бакалавриат шәкірттері Қарағандыға келіп, қазақ тілін жетілдіріп кетті.
«Ұлағат» қазақ тілін оқыту бағдарламасы бауырлас екі ел мен екі жоғары оқу орны арасындағы байланысты нығайту, ортақ білім беру бағдарламасын жүзеге асыру арқылы қазақтың тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін шетелдіктерге насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бірегей жоба.
Атажұртқа келген түрік бауырларды университет қазақтың қонақжайлығын көрсетіп, құшақ жая қарсы алды. Шашу шашып, ұлттық дәм ұсынды.
– Түрік бауырларға қазақ тілін үйрету жобасын жүзеге асыруға филолог-ғалым Орхан Сөйлемез мырза мен кәсіпкер, ұлт жанашыры Ерлан Әшім қолдау танытып отыр. «Ұлағат» жобасы шеңберінде қонақтарымыз «Turan el qazaq sport» ұлттық спорт және саятшылық орталығында болып, қазақтың ұлттық ойындарын тамашалады. Бөкетов университетінің тіл мамандары Кастамону университетінің білім алушыларына қазақ тілін үлкен қуанышпен үйретті. «Ұлағат» бағдарламасы – білім алушылардың қазақ тіліне қызығушылығын арттыруды, тіл үйренушінің тұрмыстық, әлеуметтік тақырыптарда сөйлеу біліктілігін жетілдіріп, тіл үйренушінің тіл сауаттылығы мен сөз байлығын, басқалармен қарым-қатынасқа еркін түсуін және ойлау қабілеттері мен дүниетанымдық дағдыларын кеңейтуді, сабақ үдерісінде алған білімдерін тереңдетіп, теорияны практикада қолдану дағдысын қалыптастыруды көздейтін бірегей жоба. Алдағы уақытта аталған жоба жанданып, жалғасын тауып жатса, біздің де оқытушылар, PhD докторант пен магистранттар түрік тілін үйреніп, бірлескен ғылыми еңбектер жазуға мүмкіндік алады, – дейді университеттің басқарма төрағасы-ректоры Нұрлан Дулатбеков.
Түріктің ғалымы Орхан Сөйлемез сөйлеген сөзінде бір апта бойы тек қазақ тілімен бірге қазақ елінің мәдениетін танып білдік деді.
– Кастамону университеті мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті арасында ғылыми байланыс нығайып келеді. Жақында Кастамону университетінің ректоры Ахмет Хамди Топал Қарағандыға келген іссапарында Е.Бөкетов университетінің басшылығымен жүздесіп, академиялық ұтқырлық, тәжірибе алмасу жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Кастамону университетінің он бес шәкіртіне Е.Бөкетов университеті филология факультетінің тіл мамандары қазақ тілін жетік үйрете білді. Біз бір апта аралығында қазақ тілін, қазақ мәдениетін танып білдік. Университеттің қонақжайлығына көңіліміз де толды, қазақ тілінен біліміміз де толықты, – деді топты бастап келген ғалым.
Қазақ тілін үйренуге ниет білдірген он бес білім алушы ұлттық киім мен әшекей бұйымдардың көрмесін тамашалап, қолөнерден шеберлік сабағына да қатысты. Дәрісханада қазақ тілінде алғашқы танысу сабағы өтті. Түрік бауырлар Е.Бөкетов зерттеу университетінің Қарқаралыдағы оқу-далалық базасында қазақ тілі мен түрік тілі арасындағы ұқсастық пен айырмашылықты түсініп, тұрмыстық жағдайда қолданылатын лексиканы меңгеріп, қазақша бейресми қарым-қатынас орната алатын дәрежеге жетті десек артық айтпаймыз. Қазақ тілін меңгерген барлық қатысушыға Е.Бөкетов университеті сертификат табыстады.
Қарағанды облысы