«Оңтүстік Қазақстан» газетінде Шымкент қалалық мәслихат сессиясының 1998 жылғы 28 қаңтардағы №271 шешімімен қала көшелеріне бір топ мемлекет және қоғам қайраткерінің, ұлтымыздың танымал тұлғалары мен ақын-жазушының есімін беру туралы шешімі жарияланған болатын. Осы шешімге сәйкес «Самал-1» шағын ауданының №14 көшесіне қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асқар Сүлейменовтің де есімі берілуге тиіс еді.
Бірақ Оңтүстіктің тумасы, үлкен ойшыл, ұлтымыздың мақтанышына айналған Асқар Сүлейменов атындағы көше қалалық мәслихат шешімімен заңды түрде ресімделсе де, қаулыда бар болғанымен, қалада жоқ болып шықты. Сол кезде Шымкенттің іргесіндегі «Самал-1» шағын ауданы жаңадан бой көтеріп, көшелер сап түзеп жатқанда әкімшіліктен келген қызметкер көше комитетінің төрағасына көшелердің сызбасын көрсетеді. Ол көшелердің ішінде Асқар Сүлейменовтің де аты-жөні бар болатын. Сызбада көрсетілген көшелерге есім беріліп, соңынан іздеп келгендер ие болып, ен тағып, меншіктеп алады. Ал соңынан іздеушісі келмеген Асқар Сүлейменов атындағы көшені басқа адам иеленді ме, із-түзсіз жоқ болып кетеді. Жаңадан үйлер тұрғызылып, көшелер үлкейіп, көріктенеді. Міне, осылайша, Шымқаладағы көшеге Асқар Сүлейменовтің есімі берілмей қалады. Бір ауылда өсіп, соңынан Алматыға келіп, әңгімесін тыңдаған қаламгер ағаның атындағы көшенің айдың-күннің аманында жоғалып кеткеніне әлі күнге сенер емеспін. Шымкентте есімі берілуге тиіс көшенің дерегін білу мақсатында іздеу салып, Оңтүстік Қазақстан облыстық Тілдерді дамыту басқармасы ономастика комиссиясындағыларға сұрау салғанымда, олар нақтылы дерек айтпастан Шымкент қалалық әкімдігіне сілтеп жіберді. Шымкент қалалық әкімдігі ұйымдастыру-инспекциялық бөлімінің бас инспекторына: «Шымкентте Асқар Сүлейменов атындағы көше бар ма?» деп сұрағанымда: «Бар шығар, мен қайдан білейін? Оны Абай ауданының әкімдігінен сұрау керек!», деп шығарып салды. «Абай ауданының әкімдігі Шымкентте жоқ көшені қайдан тауып берсін?» деген оймен жоғарыдағылар төменге сілтеп, бостан-босқа сандалғанымды сезген едім.
Шымкентте атасының атын – ауылға, көкесінің атын – көшеге бере салу қиын шаруа емес. Ол үшін қалалық мәслихат сессиясының арнайы шешімінің де қажеті жоқ. Көше тұрғындары бас қосып, бір әулеттің атасының атын қоя салады. Бұрынғы министр, әскери шенді генерал, лауазымды қызмет атқарғандардың, екі адамның атымен аталатын көшелерді кезіктіруге болады. Бұрын-соңды аты-жөні беймәлім жандардың атындағы көшелер де жиі кезігеді. Осы ізденудің нәтижесі туралы «Шымқалада Асқар Сүлейменов көшесін таппай қайттық» атты мақалам «Қазақ әдебиеті» газетінде (2010 жылы 30 маусым) және «Алматы ақшамы» газетінде 2010 жылы 10 маусым) жарық көргенімен, бұл мәселеге селт еткен жан болмады.
2012 жылы «Шымкент қаласының күні» құрметіне республика журналистерінің басын қосқан баспасөз турына арнайы шақырумен қатыстым. Бәйдібек баба ескерткішінен басталған саяхатымыз шаһардың «Демалыс аймағы», «Шәмші әлемі» аллеясы, «Тәуелсіздік саябағы», өзге де қаланың көрікті жерлерін аралап, кешкілікте қала әкімі Қайрат Молдасейітов журналистерге қонақасын берді. Қала әкімімен қатар отырып қалғанда, «қаулыда бар, қалада жоқ» Асқар Сүлейменов көшесі туралы сөз қозғадым. Қала әкімі ұялы телефонымен қызметкерлеріне қоңырау шалып, сұрау салып, дерегін анықтамақ болғанымен, мардымды ештеңе шығара алмады. Бұл әңгімені естіген сол кездегі қала әкімінің орынбасары Баһадүр Нарымбетов те ұялы телефонымен тиісті орындарға қоңырау шалып, сөйлесіп болып: «Аға, Шымкентте Асқар Сүлейменовтің көшесі бар. Ертең сізді сол көшеге ертіп барамын!», деді сенімді түрде. «Ендеше, жақсы болар еді!» деп қуанып қалдым. Бірақ Баһадүр мырзамен ертеңіне де жолығып жүріп, кешегі әңгіме туралы тым-тырыс қалғанынан Асқар Сүлейменовтің кіндік қаны тамған өңірде «қаулыда бар, қалада жоқ» көшенің тағдыры қиын екенін сездім.
1998 жылы Шымкент қалалық мәслихаты сессиясында шешім қабылданғанда халық қалаулылары арасында ұлт зиялыларының еліне сіңірген еңбегі мен қадір-қасиетін бағалай білетін жандар баршылық еді. Уақыт өткен сайын қатыгезденіп кеткен қоғамда асылы қайсы, жасығы қайсы, адамның қадір-қасиетін таразылай бермейтін тарпаң мінезді кезеңге келіп жеттік. Басы жақсы басталып, соңы құрдымға кеткен Шымқаладағы Асқар Сүлейменов көшесін сарсылып іздеумен жүргенде, қариялық жасқа да келдім. Кезінде жазуын жаздым, айтуын айттым, орын алған әділетсіздік туралы қоғамның назарын аудардым, біреудің жағасына жармаса алмайсың, басқа қолдан не келеді?
Жуырда Асекеңе берілуге тиіс көше есіме түсіп, күні кеше шілде айының басында Шымкент қалалық әкімдігі ономастика бөліміне қоңырау шалдым. Ономастика бөлімінің басшысы Толғанай Әкімқызы мардымды жауап бере алмастан Тұран ауданы әкімдігі әлеуметтік мәселелер бөлімінің меңгерушісі Ақмарал деген қызға сілтеді. «Ақмарал қарағым, Асқар Сүлейменов ұстазым еді, өмірден өткенде алғашқы «Асқаршың» атты кітабымды жазған едім. Сол ұстазымның «Самалдан» берілуге тиіс көшесін екі-үш рет іздеп барып таппай қайттым. Мүмкін ол кісінің атындағы көше Шымкенттің басқа жерінде шығар?» деген сауалыма ол да тиянақты жауап берместен: «2ГИС» деген картадан іздеп көріңіз!», деді. «Қарағым-ау, қаулы мен картада бар, қалада жоқ көшені қалай табамын, мені әбден сарсылттыңдар ғой?», дедім салым суға кетіп. «Асқар Сүлейменов атындағы көше» деген тақтайша ілініп, үйлердің нөмірі жазылған көшемен алшаң басып жүрсем деген арманым тағы да алыстап кетті.
Иә, қызметке кейіннен келген жастардан не талап етуге болады? Сол кезден бері арықтан талай су ақты, қала әкімдері бірінен соң бірі ауысып кетіп жатыр. Тек бір кездері Асқар Сүлейменов көшесіне ертіп бармақ болған қала әкімінің орынбасары Баһадүр Нарымбетов мырза қалалық мәслихат сессиясында қабылданған шешімдердің орындалуын қадағалайтын халық сайлаған қалалық мәслихат хатшысы болып отыр.
Ойшыл қаламгер Асқар Сүлейменовтің пендешіліктен жоғары әлемдік өшпес рухы көше атын қажет етпес те шығар. Дегенмен туған өлкесіндегі жауапты орында отырған азаматтардың бір-біріне сілтеуі, нақты айта алмауы жігеріңді құм қылады екен. Жаңа әкім бұрынғылардың дүдәмал шешімін қайта қарауға тапсырма береді деп үміттенемін.
Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,Қазақстанның құрметті журналисі