Қазақстан былтыр 5 шілдеден бастап Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағалық міндетін қолына алған. Жалпы, 2001 жылдан бері қарайтын болсақ, біздің ел ұйымға бесінші рет төрағалық етіп отыр екен. Қазақстан осы жолғы төрағалығының бір жылы ішінде ұйым жұмысына жаңа көзқарас әкелді деуге болады.
Еліміз осы орайда бірқатар маңызды іс-шара өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде, Самарқандта өткен кездесулерде тиімді бастамалар көтеріп, ұсыныстарын айтқан. Қазақстан осы жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2030 жылға дейінгі Экономикалық даму стратегиясы бойынша бірқатар жұмыс жүргізді.
Қазіргі таңда ұйымның инвестициялық қорын құрудың тиімділігі жайында жиі айтылып жүр. Мүше-мемлекеттер ішіндегі инвестициялық синергияны күшейту, қазіргі уақытта энергетикалық ынтымақтастықты дамыту саласындағы стратегияны дамытуға көңіл бөліне бастады. Биылғы ақпан айында Алматы қаласында банк, қаржы, электрондық сауда салаларындағы, қаржы технологиялары нарығын кеңейту бойынша цифрлық форум өтті.
Қазақстан бастамасы бойынша 2024 жыл ұйымның Экология жылы болып жарияланған. Осының бәрі, әсіресе экология мәселесі БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарымен де үйлесіп жатыр.
Алматы қаласының өзі былтыр еліміздің төрағалығы кезеңі аясында ұйымның туристік және мәдени астанасы болып бекітілген. Осы аралықта Алматыда да бірқатар маңызды басқосулар өткізілген.
Президентіміз Делидегі кездесуде ұйымның, жалпы оның хатшылығының, Бас хатшысының өкілеттіктерін кеңейту, жалпы ұйымның практикалық жұмысының мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысынан біраз ұсыныс айтқан. Сол себепті қазір Бас хатшынының өкілеттіктерін кеңейту бағытында талқылаулар өтіп жатыр. Бейжің қаласында ұйымның хатшылығы орналасқан, көп жылдан бері Ташкентте терроризммен күрес бойынша кеңес жұмыс істеп жатыр. Менің ойымша, ұйымның экология, мәдениет саласындағы периметрі кеңейіп кеткендіктен алдағы уақытта басқа елдердің аумағында осы бағыттағы тағы бір хатшылық ашылуы мүмкін. Өйткені ұйым жұмысының ауқымы да артып келе жатыр.
Әрине, тұрақты түрде «үш зұлым күшпен» күрес мәселелеріне ерекше мән беріліп келеді. Себебі көктемде Президент ұйымға мүше елдердің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларымен кездескенде, былтырғы жылдардың индекстерін қарайтын болсақ террористік қауіп төңірегіндегі, тіпті ақпараттық қауіпсіздік саласындағы шабуылдардың көбеюінің халықаралық аренадағы қаупі әлі де сейілмей тұрғанына тоқталды. Сондықтан осының алдын алу бойынша үлкен жұмыстардың қолға алыну керектігі үздіксіз айтылып келеді. Біздің елде бір жылдай осындай ауқымды жұмыс жүргізілді деуге болады.
Қазақстан ұйымға кеше ғана қосылған мүше ел емес. Әуел бастан, сонау 1996 жылдан бері келе жатқан белсенді қатысушысы. Сондықтан осы жолғы бесінші рет тізгінін ұстаған төрағалығын абыроймен өткізді деп айтуға толық негіз бар.
Бақылаушы, диалог бойынша серіктес мемлекеттер өкілдерінің, әсіресе БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің арнайы келуі де көп жайттан хабар берсе керек. Бұл басқосудың бел ортасында түркі әлемінен және араб елдері лигасынан да өкілдіктер болды. Бұл да Астана саммитінің маңыздылығының бір көрінісі. Яғни саммит ШЫҰ-ның аумағынан әлдеқайда кең түркі және араб мемлекеттерінің қатысуымен бір ерекше бағытта өрбіді. Және де Астана декларациясы қабылданды. Жиырмадай құжатқа қол қойылып, ең бастысы– Беларусьтің толыққанды мүшелікке қабылданғаны. Осылайша, осы басқосуда мүше елдердің саны он елге жетті. Бұл Астана саммитінің, жалпы алғанда Қазақстан төрағалығының абыройын айшықтап, мерейін үстем етері сөзсіз.
Мемлекет басшысы өзінің жеке бастамасымен «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» тақырыбы аясында баяндама жасады. Шынын айтқанда, біздің ішкі саясатта әділетті қоғам, әділетті мемлекет құру идеясы жиі айтылып келе жатыр. Оның нақты құндылықтар арқылы қалыптасу керектігі, барлығына тең мүмкіндіктер беріліп, заң мен тәртіп орнату мәселесі күн тәртібіне шығарылды. Осы ресми риториканың халықаралық алаңда да айтыла бастауы біздің ресми ұстанымымыздың ішкі де, сыртқы да контурға қатысты екенін көрсетеді.
Яғни бұл жерде Әділетті әлемнің формуласын бірлесіп құру идеясы менмұндалайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйымның алдыңғы отырыстарында да, жалпы қазіргі жаңарып келе жатқан халықаралық қауіпсіздік архитектурасында да осы ұйымның маңызды орын алатынын айтқан болатын. Және де осы ұйым қауіпсіз әрі әділетті әлем құру формуласын ұсына алатынына сенім білдіретінін атап өткен. Сондықтан осы формуланы бірлесіп шығару қазіргі кездегі түрлі өңірлік, аймақтық локальді және халықаралық шиеленістердің күшеюі кезінде бірлесіп шешім қабылдау тұрғысынан бұл өте маңызды болып саналады.
Имидждік тұрғыдан, әрине Қазақстан қалыптасып келе жатқан орта держава ретінде өзінің алаңын, осы халықаралық шиеленістерді, түйткілдерді шешудің жаңа концепциясын ұсыну тұрғысынан маңызды платформа болатынына еш күмән жоқ.
Олжас БЕЙСЕНБАЕВ, Қазақстан қоғамдық даму институты директорының орынбасары