Шерағаңның «Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Заңды белшесінен басып, халық игілігіне жұмсалуға тиіс қаражаттың көрінгеннің қалтасына кетіп жатқанын көргенде осындай ой түйесің. Бұған ел ішінде нақты мысалдар жетіп артылады.
Қой саны қағаздағыдан 5 есе аз
Субсидия беру мемлекет қаржысын жымқырудың ең оңтайлы жолдарының бірі болып отыр. Соның бір мысалы Алматы облысында тіркелді. Жергілікті прокуратура облыстың ауыл шаруашылығы басқармасын тексеру нәтижесінде бюджеттік субсидияларды ұрлаудың, оларды заңсыз төлеудің және шаруаларға «таңдау әдісімен» төленген жүйелі схемаларын анықтаған. Бүгінде субсидиялау саласындағы қайтарылуға жататын бұзушылықтар сомасы 4,8 млрд теңгеден асып отыр. Прокуратураның қадағалау актісімен өтеу үрдісі басталып, бүгінде бюджетке 110 млн теңге қайтарылды.
Ауылдардағы әлеуметтік-өндірістік кооперативтер асыл тұқымды жануарларды алу мақсатында селекциялық жұмыстарға арналған 1,2 млрд теңге субсидияны ұрлаған. Іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмай, құжаттар ресми түрде ресімделіп, облыста асыл тұқымды мал саны көбеймеген.
Облыс әкімдігінің есептік деректерінше, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр екен. Асыл тұқымды қойларды селекциялау бағдарламасын іске асыру нәтижесінде 4 жылда олардың саны 1,9 млн-ға дейін көбейіпті-міс. Алайда бұл деректер тек қағаз жүзінде ғана. Шын мәнінде, прокурорлық тексеру облыстағы асыл тұқымды қойлардың саны небәрі 367 мың бас екенін көрсетті.
Қазіргі күні облыста ауыл шаруашылығын дамытудың тиімділігін талдау жалғасып жатыр. Мысалы, Ұйғыр ауданында тіркелген жануарлар жоқ болса да, 2023 жылы селекциялық жұмыстарды жүргізгені үшін 45,2 млн теңге сомасына субсидия алған. Сол уақытта субсидия алған кооператив өзінің жеке ауласы ретінде Ұйғыр ауданы тұрғындарының ауылшаруашылық жануарларын тіркеген.
Әкімдік мал басының нақты сақталуына мониторинг жүргізбегендіктен, мемлекеттік бюджетке залал келтіріліп жатыр. Қазіргі таңда аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі 5 тергеу басталып, заңсыз төленген субсидияларды қайтаруға 3 ұсыныс енгізілді.
Жоспарда жоқ іс-шаралар...
Ал Ақтөбе облысында қоршаған ортаны ластағаны үшін компаниялардан түскен қаражат басқа мақсаттарға жұмсалған. Табиғатты қорғау прокурорлары облыс әкімдігінің табиғатты қорғау шараларының жоспарын зерделеу барысында көптеген заң бұзушылықты анықтады.
Экологиялық заңнамада қоршаған ортаны жақсартуды қаржыландыруға қойылатын талаптар белгіленген. Мәселен, 2019-2021 жылдары облыста қоршаған ортаны ластағаны үшін барлық компаниядан бюджетке 25 млрд теңге түскен, сәйкесінше әкімдік қоршаған ортаны жақсартуға осы сомадан кем емес қаражат бөлуге міндетті. Алайда жоспарға сәйкес 2022-2024 жылдары жалпы шығындар 23 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар жоспардың өзі талаптарға сәйкес келмейді. Өйткені ол Үлгілік тізімде қарастырылмаған іс-шараларды қамтиды. Жоспарға негізсіз ауылдарды газдандыру, жылу желілерін жөндеу, орман шаруашылығы мекемелерінің аппараттарын күтіп ұстау енгізілген. Заңда көзделмеген іс-шараларға жұмсалған қаражаттың жалпы сомасы 8 миллиард теңгеден асып отыр.
Қазіргі уақытта табиғатты қорғау прокуратурасының бастамасымен табиғатты қорғау іс-шараларының жоспары Үлгілік тізбеге сәйкес қайта түзіліп, қаржыландыру көлемі 30 млрд теңгеге дейін өсетін болды. Қадағалау актісімен кінәлі лауазымды тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Зейнетақыны немересі алып келген
Елімізде мемлекет қаржысы жымқырылмаған сала қалмады десе болады. Балабақшаның да, мектептің де қаржысы ұрланды. Ендігі «кезек» – зейнеткерлердің ақшасы. Ақмола облысы прокуратурасы осындай қылмыстың бетін ашты.
Прокуратураның талдау нәтижесінде зейнетақы қаражатын ұрлағаны үшін жергілікті тұрғын қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Зейнетақымен қамтамасыз ету саласына жүргізілген талдау барысында 1937 жылы туған зейнеткер П.Е.Н. 2021 жылы Зеренді аулында қайтыс болғаны анықталды. Ал оның туған немересі, пайдакүнемдік ниетпен қайтыс болу фактісін уәкілетті органдардан жасырып, қайтыс болған адамның зейнетақы банк картасын пайдаланып, ай сайын ақшасын алып отырған. Жалпы сомасы 4 000 000 теңгеден астам қаражатты үптеген ол мемлекетке ірі мөлшерде залал келтіріп, ақыры қолға түсті.
Осы факт бойынша Зеренді ауданының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 1-тармағының 190-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады (алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін ұрлау немесе ірі мөлшерде жасалған алдау арқылы бөтеннің мүлкіне құқық алу). Зеренді аудандық сотының үкімімен қаскүнем Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және ол орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ көрсетілген залал сомасы мемлекет кірісіне өндірілді.
14 жер телімі мемлекетке қайтарылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел көлемінде заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары Жер кодексінің талаптары бұзылғанын анықтады. Яғни кәсіпкерлер жалпы ауданы 10,2 мың га болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы 14 жер телімін ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбаған.
Қадағалау органының шараларымен аталған жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылып, бүгінде ауыл шаруашылығы заңды экономикалық айналымға тартылып жатыр.
Сонымен қатар Қызылжар ауданы прокурорының талабымен қала маңындағы 47 гектар заңсыз берілген жер телімі мемлекетке қайтарылды. Барлық қабылданған қадағалау шараларымен мемлекетке жалпы сомасы 300 млн теңгеден астам активтер қайтарылды.