• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Шілде, 2024

Ебін тап та, ешкі бақ!

115 рет
көрсетілді

Жезқазғанның шеткері жағында ешкі сауып, сүтін сатып отыр­ған отбасы туралы естігенде елең ете қалдық. Өйтпегенде ше? Қазір қала түгілі ауылдың өзінде «білегіне шелегін іліп, қора жаққа сауынға баратын келін-кепшік сиреп барады» дегенді жиі еститін бол­дық. «Қа­лада тұрып, ешкі сауып жүргені рас па екен?». Көңі­ліміз­дегі күмәнді серпіл­ту мақсатымен жолға шық­тық.

Қаланың Қазанбаев кө­шесіндегі Әліпбай мен Айнұрдың үйін сол маңдағылар жақсы біледі екен. Көп қинала қоймадық. Біз кеш естіп қалған тәріздіміз, әйтпесе, бұлардың ешкі өсіре бастағанына биыл бесінші жылға аяқ басыпты. Әліпбайдың айтуынша, «Бәрін бастаған Айнұр» екен.

Олар 2002 жылы шаңырақ көтеріпті. Айнұр Жәйрем кен­тінің, ал Әліпбай Байқоңыр ауылының тумалары. Айнұр Жез­қазған университетін экономист-менеджер мамандығы бойын­ша бітірген болса, Әліпбай – кен өндірісінің маманы. Екеуі Жезқазғанда танысып, көңілдері ұғысып, жүректері жарасым тап­қан. Қазір олар 3 қыз, 2 ұл өсіріп отыр. Бала-шағасы туралы айтып отырғанымыз бекер емес. Өйт­кені әке-шешелерінің ешкі «бизнесімен» айналысуларына олардың да жанама болса да әсері тиген. Қалай?

2017 жылы Айнұр бала күті­міне байланысты еңбек демалысына шықты. Санитарлық-эпидемиологиялық стансада жұмыс істейтін еді. Арада үш жыл өткен соң, жұмысқа қайтадан қосылу қажет. Мемлекеттік меке­менің жалақысы шамалы ғой. Айнұр кәсіпкер болып та көргісі келді. «Үйде қарап отырғаным болмас» деген ол «Кәсіпкерлікке оқыту» курсына жазылды. Білетіні – біреу, білмейтіні – тоқсан то­ғыз екен. «Қандай кәсіп тиімді болмақ?». Ойына қайынатасының «бір-екі ешкі бір отбасын асырайды», деп айтатыны есіне түсе кетті. «Шынымен де солай ма екен?». Бұған көз жеткізудің еш қиындығы жоқ. Әлеужелі арқылы «ешкі сүтін сатамын» деген хабарландыру берді. Ал содан соң не болды дейсіз ғой?! Адамдар бірінен соң бірі хабарласа бастағанда ол қайда қашып тығыларын біле алмай қалды. «Сүт өтіп кетті» деген жалтарма жауаппен құтылды.

«Е, ата білгесін айтып жүр екен ғой» деген Айнұр ешкі өсіруге мықтап ниеттенді. Ешкі негізі етті, түбітті және сүтті болып үшке бөлінеді. Айнұр «Бизнес–жоспар» жазып, ұтып алған 555 мың теңге грантқа сүтті бағыттағы асыл тұқымды ешкі сатып алуды ойлады. Қызық бол­ғанда, мұндай ешкі сататын Жез­қазған төңірегінде жалғыз-ақ кісі бар болып шықты. Ол мұны өзіне бәсекелес болады деді ме екен, әні-міне деп, «сатамын» деген ешкісін сата қоймай, бірталайға дейін соңынан жүгіртіп қойды. Ақыры, қоярда қоймай жүріп, сол кісіден бір ешкі, үш лақ сатып алды.

Беріле кіріскен іс нәтижеге жеткізбей қоймайды екен. Ай­нұрдың ешкі сауып, сүтін сата бастағаны көрші-көлем арқылы көпшілікке жайылды. Сұраныс көп, орындауға мүмкіндік болма­ған соң, «Сіз бүгін, ал сіз – ертең ке­ліңіз» дегендей адамдарды кезекке қоятын тәртіп енгізді. Енді қайтсін?!

– Менің ең кішкентай «клиен­тім» – екі айлық бүлдіршін болды. Анасының сүті қайтып кетіп, бөпесін екі жыл бойы менің еш­кілерімнің сүтімен асырап өсірді. «Сіздің ешкіңіздің сүтінің нәрі ме екен, баламыз ширақ болып өсіп келеді», дейді оның ата-анасы. Шынында, ешкі сүті дәрумендерге керемет бай ғой, бұл ғылымда дәлелденген, – деген Айнұр сөз ара­сында сүт сату арқылы тек табыс табуды ғана көздемейтінін, адам­дарға жақсылық нұрын себелеп жүргенін де сездіріп қойды.

Ешкінің сүтінен айран ұйытуға да, ірімшік істеуге де болады екен. Әрине, мұндай өнім түрлерін өндіру үшін Айнұрдың мүмкіндігі аз. Өйткені сауған сүті артыла қоймайды.

Ол ешкілерінің әрқайсысына ат қойыпты. Сауатын кезде қай­сысының атын атайды, сол Айнұр­дың алдына келіп тұра қалады екен. Ғажап қой! «Бұлар осынша­лық ақылды болады деп ойламаппын», дейді ол.

Қалалы жердегі бір қиын­шы­лық жайылым мәселесі. Таңер­теңгілік және кешкілік бірер сағат балалары сыртқа шығарып, жайы­п келеді. Қолға үйренгендері мұндай оңды болар ма, егер кім жаюға шықса, сол адам көздерінен таса бола қалса, ешкілер өздері соны іздеп, маңырап мазалары қашады деседі. Яғни тастан тасқа секіріп беталды жайылып, жоғалып кет­пейді екен. Бұл да бір олардың өзін­дік ерекшеліктері тәрізді.

Айнұрдың қайынатасы Қайсар Жұмабайұлы Ұлытау ауданының «Байқоңыр» ауылында тұрады. Сексеннің сегізіне қараған ақсақал әлі күнге дейін ешкіні өзі сауатын көрінеді. Әліпбай әкесінің ширақ қимылы «бала кезінен ешкі сүтін ішуіне байланысты», деп пайымдайды.

Қазір Әліпбай мен Айнұрдың қолдарында альпі, заанен және нуби тұқымдары болып табылатын 5 сауын ешкі және солардың 11 лағы бар.

– Ұрғашы лақтарды өсіруге қал­дырамыз да, еркектерін көже-қатыққа пайдаланамыз. Сене­сіз бе, өзіміз өсіргесін союға да қимайды екенсің. Әсіресе балалар сойдырмайды. Сосын бас­қалармен айырбастаймыз, – деген Әліпбайдың сөзінен мал өсіру адамды мейірбандыққа да баулитынын түсінгендей болдық. Жомарт кенішінде ұнтақтаушы болып істейтін Әліпбай жұмысты вахталық әдіспен істейді. Яғни он бес күн жұмыста жүреді. Вахтадан келген соң Айнұрдың ешкі шаруа­шылығына көмектеседі. Өзінің негізгі қызметіне қоса осы істі дөңгелетіп, адал кәсіппен айналысып, қосымша табыс тауып отыр­ған Айнұр Ізбасованың ісі әркімге де үлгі болғандай-ақ емес пе?

Ұлытау облысы