«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және италиялық «Eni S.p.A» энергетикалық компаниясы Жаңаөзен қаласында күн, жел және газбен жұмыс істейтін қуаты 247 МВт гибридті электр стансасының құрылысын бастады. Жобаның басталу рәсіміне «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «Eni» компаниясының Қазақстандағы басшысы Сегер Хойтинк, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, Мәжілістің экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин және жергілікті әкімдік өкілдері қатысты.
Бірегей жобаның өзіндік ерекшелігі бар. Атап айтқанда, жаңартылатын энергия көздерінен (жел және күн) электр энергиясын біріктіріп өндіруге негізделген гибридті жобаны «Eni»-дің еншілес кәсіпорны «Eni Plenitude» әзірлейді. Ал энергия теңдігі мен тұрақтылығын қамтамсыз ету үшін жобада италиялық компанияның халықаралық өнеркәсіптік тәжірибесімен салынатын газ электр стансасы қарастырылған.
«Мұндай гибридті жоба елімізде алғаш рет жүзеге асырылмақ. Гибридті электр стансасы аймақтағы мұнай өндіруші компаниялар мен ҚМГ-ның газ өңдеу зауытын тұрақты және сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Жоба «Eni»-дің халықаралық өндірістік тәжірибесін пайдалана отырып, әртүрлі технологиялардың инновациялық комбинациясын ұсынады. Сонымен қатар Маңғыстау облысын энергиямен қамтамасыз етуді әртараптандыру және көміртексіздендіруді көздейді. Жаңа кәсіпорын құрылысы өңірдегі жоғары білікті мамандарды жұмыспен қамтуда жаңа мүмкіндіктерге де жол ашады», деді ҚМГ басшысы Асхат Хасенов.
Болашақ жобаның қуаты мен мүмкіндігін мамандар жоғары бағалайды. Мәселен, күн электр стансасының қуаты – 50 МВт, жел стансасының қуаты – 77 МВт, газ стансасының қуаты 120 МВт-ті құрайды. Гибридті электр стансасы «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «ҚазГПЗ» ЖШС-ны қоса алғанда «ҚазМұнайГаздың» аймақтағы еншілес компанияларын электр энергиясымен сенімді әрі тұрақты түрде қамтамасыз етеді. Мұндай нақты қадам электр қуатының жиі үзілуінен өндірісте болатын апатты тоқтаулардың алдын алмақ.
Соңғы жылдары Маңғыстау облысының энергетика саласында электр энергетикасы жүйесі жабдықтарының тозуының кесірінен бірқатар күрделі техникалық ақау болды. Бұл электрмен қамтамасыз етуге кедергі жасап, мұның соңы мұнай өндіру үдерістеріне де кері әсерін тигізді. Яғни ҚМГ-ның мұнай өндіру кәсіпорындарындағы мұнай мен газ өндірісінде іркілістер туындады. Мәселен, 2023 жылдың өзінде «Өзенмұнайгаз» АҚ жұмысында электр қуаты 87 рет үзілген. 2023 жылдың соңында электр қуатының үзілуіне байланысты өндірілген мұнайдың шамамен 500 мың тоннасы шығын болған.
Жоба Мемлекет басшысының аймақтағы «жасыл» экономиканы дамыту бойынша алға қойған стратегиялық мақсатын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болмақ. Жобаны іске асыру – серіктес компаниялардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесі, сондай-ақ олардың бизнес-портфелін әртараптандыру және қызметті декарбонизациялау мақсаттарына сәйкес келеді әрі ұзақмерзімді, тұрақты ынтымақтастығын арттырады делінген. Бұл ретте гибридті жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстан тарапы заң жобаларын жетілдіргенін айта кеткен жөн. Атап айтқанда, 8 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы, электр энергетикасы және реттеліп көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. «Электр энергетикасы туралы» туралы заңға гибридті жобаға қатысты өзгерістер енгізілді. Салаға жауапты Энергетика министрлігі мен Мәжіліс депутаттарының қолдауымен жүзеге асқан бұл бастамалар жобаның ілгерілеуіне айтарлықтай ықпал еткен. Аталған жоба ҚМГ үшін ғана емес, Қазақстан Республикасы үшін де отыз жылдан астам стратегиялық әріптес саналатын Eni компаниясымен бірлесе жүзеге асырылуда. Жобаға отандық және италиялық компания тең деңгейде инвестиция құяды.
Сонымен қатар бұл жоба СО2 шығарындыларының атмосфераға таралуын азайтады. Елімізде 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптыққа көшу ұзақмерзімді стратегиясы жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте мұнай саласының мамандары жоба ұлттық компания қабылдаған стратегиялық мақсаттарға сәйкес декарбонизация бойынша белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуіне және ҚМГ-ның көміртегі ізін азайтуға ықпал етеді дейді. Атап айтқанда, гибридті жоба бойынша өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 40%-ы толығымен «жасыл» энергияға жатады. Демек бұл көмірқышқыл газ шығарындыларын айтарлықтай азайтуға да септігін тигізеді.
«Қазақстанның алдында 2030 жылға қарай электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия үлесін 15%-ға және 2050 жылға қарай 50%-ға дейін арттыру міндеті тұр. Сондай-ақ ҚМГ-ның 2022–2031 жылдарға арналған көміртекті азайту бағдарламасына сәйкес, компаниямыз 2031 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері нысандарының белгіленген 300 МВт-тық қуатына жетуді көздеп отыр. Маңғыстау облысында бұрынғы қуаттарды дамыту үшін тауарлық газ тапшылығы жағдайында жобаны іске асыру табиғи газ тұтынуды да үнемдеуге әкелетінін айта кету керек», деп атап өтті отандық мұнай компаниясының өкілі.
Әлбетте, бұл ауқымды жоба энергетикалық қауіпсіздікті нығайтудан басқа жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бірінші кезекте әлеуметтік жауапкершіліктер ескеріле отырып Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысының тұрғындары жұмыспен қамтылады. Құрылыс салу жұмыстарына 800, ал кәсіпорын іске қосылғанда 70 адамға дейін жұмысқа тартылады. ҚМГ компаниясы сонымен қатар, жергілікті мамандардың кәсіби дағдысын, біліктілігі мен тәжірибесін арттырмақ.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен оның италиялық стратегиялық серіктесі аталған жобаны жүзеге асыру туралы келісімге биыл жыл басында Мемлекет басшысының Римге сапары барысында қол жеткізді. Сәйкесінше, бұл ел Президентінің ұлттық компанияға мұнай өндіру көлемін ұлғайту жөнінде жүктеген тапсырмасын орындау аясындағы маңызды жоба болмақ.
Ақжігіт Қазбек,«Egemen Qazaqstan»