Қарағанды облысындағы «Алматы-Астана» тас жолында (Алматы-Екатеринбург) жолаушылар автобусы мен жеңіл көлік соқтығысып, үш адам көз жұмды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Дәл осы трассада 14 шілде күні жолаушылар автобусының қатысуымен жантүршігерлік жол апаты болып, бес адам қаза тапқан еді. Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігі туралы бірнеше рет ескерту жасағанымен жолдың осы бөлігінде адам өліміне әкелетін жол-көлік оқиғалары жалғасып жатқанын атап өтті.
Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген кадрлар пайда болды.
Ресми мәлімет бойынша, 17 шілде күні таңғы сағат 06:00 шамасында «Алматы-Екатеринбург» тас жолында Ақсу-Аюлы ауылынан бес шақырым жерде келе жатқан Chery Tiggo көлігі мен Van Hool автобусы соқтығысқан.
Кадрларда байқалғандай, жеңіл көлік соққы әсерінен бірнеше бөлшекке бөлініп кеткен.
Жан түршігерлік оқиға салдарынан Chery Tiggo көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, тағы үш жолаушы мен автобус жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Оқиға кезінде автобуста 51 адам болған.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Айта кету керек, жазда бір ғана «Алматы - Екатеринбург» тас жолында күніне 33 мыңға дейін көлік жүреді. Экипаж саны 22 бригадаға дейін ұлғайтылды, ал жоғарыда аталған көліктердің екі жүргізушісін де Қарағанды облысы аумағындағы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тоқтатып, жол қозғалысы ережелерін сақтауды ескерткен еді», деп хабарлады Қарағанды облысы ІІД баспасөз қызметі.
Қарағанды облысының Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды қырағы болуға және белгіленген жылдамдықты қатаң сақтауға шақырады.
«Жол белгілері мен таңбаларға мән беріңіздер, жол қауіпсіздігі әрқайсымыз үшін маңызды», деді Қарағанды облысының полицейлері жүргізушілерге.