Сәуірдің алғашқы күндерінен бастау алған айналаны абаттандыру, көгалдандыру, көріктендіру жұмыстары Ұлытау облысында одан әрі жалғасып жатыр. Мұнда облыстың елді мекендерінде атқарылуға тиіс іс-шаралар нақтыланып, бекітілген. Ауқымды шаруаны атқарып шығу айтар ауызға ғана оңай. Әйтпесе, қыруар істің қисынын табу, орайын келтіру біраз күш-жігерді талап етеді.
Өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту, облыс тұрғындарының тазалықты сақтау, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру мақсатында көпшілік арасындағы түсіндіру жұмыстарына баса мән берілді. Меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорын мен мекеме, қоғамдық ұйымды қатыстыра отырып, санитарлық тәртіп орнату жөніндегі іс-шаралар бойынша апта сайын сенбіліктер ұйымдастыру қолға алынды.
– Төртайлық басталғалы тыным таппадық десек те болады. Әр апта сайын нақты міндеттер қойылып, орындалуы қатаң қадағаланады. Соның нәтижесінде облыстағы аудан, қалалардың, елді мекендердің тазалыққа деген көзқарасы өзгере бастағаны байқалады. Абаттандыру жұмыстарына облыс бойынша 1 360 мекеме, кәсіпорын атсалысты. Алғашқы кезде бұлардың кейбірі абаттандыру біздің міндетімізге жатпайды деп ортақ істен іргесін аулақ салғысы келді. Әрине, оларды тәртіпке шақыруға мәжбүр болдық. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері нағыз «жаны ашымастың қасында басы ауырмастың» көрінісіне айналып тұр. Қорасынан шыққан қоқысты қаланың, ауылдың іргесіндегі кез келген жерге төге салуды үйреншікті әдетіне айналдырып алған адамдарға не дауа? Өздері тұратын өңірдің тазалығын өздері бүлдіріп жатқанын түсіну үшін арнайы оқу қажет пе? – дейді Ұлытау облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Дастан Тілеубеков.
Департамент басшысының бұл сөзді ашынғаннан айтып отырғаны түсінікті. Ашынбай қайтсін, тек биылғы көктемнен бері ғана облыс бойынша рұқсат етілмеген 76 қоқыс үйіндісі жойылыпты.
Күн жылына салысымен құрылыстың қарқын алатыны белгілі. Бұған әрбір пәтерде, нысанда, ғимаратта жүргізілетін жөндеу жұмыстарын қосыңыз. Дұрыс-ақ. Бірақ құрылыс қалдықтарын белгіленген тәртіппен сыртқа шығарып тастайтындар сирек. Керісінше, күнделікті қоқыс тастауға айналған контейнерлердің маңы құрылыс немесе тұрмыстық қатты қоқыстарға толып жатады. Әлгіндей рұқсат етілмеген үйінділердің дені де осындай қалдықтардан құралады. Облыс бойынша, «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері 10 мың тонна құрылыс, 25 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық сыртқа шығарылыпты. Бұл, сөз жоқ, біздің экологиялық мәдениетіміздің деңгейін көрсетеді.
Көлеңкесі ыстықта жаныңа сая болатын, өзі өскен жерінің сәнін келтіріп тұратын ағаштың көп болғанына не жетсін?! Жыл сайын көктем мезгілінде жаңадан көшет егу – бұлжымас дәстүр. Ұлытау облысы бойынша биыл мектептер мен балабақшалардың аумағына – 1 475, саябақтар мен алаңдарға – 1 150, қала көшелері мен тұрғын үйлердің ауласына 725 көшет егілді. Облыста бұрын қолға алына қоймаған шырша, терек, шие ағаштарын отырғызуға биыл барынша басымдық берілді. Жалпы, облыс аумағында 3,5 мың көшет отырғызылып, қазір олардың тамырланып, бой алып кетуі жіті қадағаланып отыр.
«Таза жағалау» айдарымен өткен аптада Кеңгір су қоймасының жағалауында өткізілген сенбілікке Жезқазған қаласының 50-ден аса мекеме, кәсіпорны қатысты. Әсіресе волонтерлердің белсенділігін айрықша атап өткен жөн. Ерте көктемнен басталған апта сайынғы сенбіліктер тазалық сақтау, облыс тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыруда септігін тигізіп келеді.
Ұлытау облысы