Қарағанды қаласы әкімінің жастар кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға арналған гранттары орталық саябақтың сахнасында кәсіпкерлерге салтанатты түрде табысталды. Бұл жолы да ерекше жобалар қолдау тапты.
Жеңімпаздар 3D-принтер арқылы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға протез жасау, STEAM заманауи және инновациялық әдістемесі бар IT-мектеп, гипс бұйымдарын шығаратын өндіріс орны, ерекше балаларға арналған «Сезин» инклюзивті шығармашылық орталығын ашу, «Blackjump» фитнесстудия секілді жобаларын іске асырмақ.
Гранттарды қалалық мәслихат төрағасы Алтынтөре Жангелдіұлы, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Дастан Амангелдіұлы, қалалық жастар ресурсы орталығының директоры Якуб Джамалов тапсырып, конкурсқа қосқан жобалардың үлкен бизнеске айналуын тіледі.
«Жас кәсіпкерлерді қолдау, оларға жол ашу жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі жоба – ертеңгі бір-бір бизнес. Біз үлестірген гранттар арқылы олар бизнестегі алғашқы қадамын жасайды. Өз істерін жүзеге асыру арқылы ел экономикасын дамытады. Жеңімпаздардың кәсібіне кең өріс тілеймін», дейді қалалық мәслихат төрағасы Алтынтөре Жангелдіұлы.
Қарағанды қаласы әкімінің жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға және қолдауға арналған гранты үшінші жыл қатарынан беріліп отыр. Осы уақыт аралығында 118 жас кәсіпкер өз бизнесін бастаған. Осы жолы қала әкімінің 1 500 000 теңге грантын 10 кәсіпкер иеленді. Әсіресе тың жобаның иесі Александр Ермоленконың жоба-жоспары бірден қолдау тапқан. Ол 3D принтер арқылы арнайы қажеттіліктері бар адамдарға протез жасайды. Грант қаражатын соған жұмсайды.
«Бұл істі көп уақыттан бері ойлап жүргенмін. 3D технологияның мүмкіндігі мол болып тұр. Соны игеріп алып, ерекше қажеттілігі бар жандарға протез жасаудың жобасын әзірледім. Әрине, жүзеге асыру үшін алғашқы көмек, яғни қаржы керек. Бірден қала әкімінің грантына өтініш жолдадым. Расымен, қазір бизнестегі бәсекелестік жоғары болып тұр ғой. Бірақ жобамның ерекше қажеттілігі бар жандарға септігі тиетін болғандықтан, грант иегері атанатыныма сенімді болдым. Грант ақшасына принтер, керек-жарағымды аламын. Іске кірісіп, үмітті ақтау керек», дейді Александр Ермоленко.
Конкурс комиссиясының төрағасы, қала әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев бизнестің түрлі бағыты бойынша өтінім түскенін, жүзден жүйрік шыққан жобаларға үлкен сенім артылатынын айтты.
«Сіздер кәсіпкерлік жолды таңдадыңыздар. Бұл – біздің қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өте маңызды бағыт. Жастардың өз ісін құруға және дамытуға деген ұмтылысы бар. Әсіресе биылғы түскен өтінімдер бірінен-бірі өтеді. Соның ішінен сіздерді үздік деп таңдадық. Сіздерге енді үлкен үміт артылды. Жалпы айтқанда, грантты өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін елеулі қолдау деп білеміз. Енді елге пайдаларыңыз тиіп, кәсіптеріңіз өркен жайсын», деді қала әкімінің орынбасары Дастан Амангелдіұлы.
Конкурсқа тағам түрлері бойынша жоба тапсырғандар арасынан Жазира Дәрібайқызы қолдау тапты. Ол құрттың жиырмадан астам түрін өндіреді. Түйенің, ешкінің, сиырдың сүтінен жасайды. Одан бөлек, сарымай, қаймақ, жент, қымыз секілді ауыл шаруашылығы өнімдерін әзірлейді. «Ұлттық тағамымыздың қолдау тапқанына қуаныштымын», дейді ол.
Жобама бар күшімді салдым. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне қолдау керектігін дәлелдедім десем де болады. Ұлттық тағамның құнары өте жоғары. Бойында барлық дәрумен бар. Біз секілді жас кәсіпкерлерді қолдап, қаражат берген қала әкімдігіне айтар алғысымыз шексіз», дейді грант иегері Жазира Дәрібайқызы.
Қарағанды облысы