О баста, қай заман, қай ғасыр екені белгісіз, біз де жабайы күн кешіп, тағы боп тау-таста күнелтіппіз. Тағылық тірлігімізден хабарымыз жоқ, әйтеуір күндердің күнінде қолға үйретіліп, адам ақылының арқасында соның қарамағына өтіп, төрт түлігінің санатына қосылып, «саналы» тірлікке көшіппіз ғой.
Тарихта нем бар, тірлігімді айтайын.
Қазір қожайынымнан «қашып шығып», тау-таста жартылай жабайы күй кешудемін.
Әне бір заманда, кең қолтық кергіген кезеңде – мен ғана емес, ертеңге еренсіз болып бүткіл жұртшылық ашық-шашық шалқыды емес пе?
Басқада нем бар, өзіміз таң қылаң бере керіліп-созылып түрегеп, бұзауға иіліп, қожайынның сауып, сыпыра бұйда жіптен босатқаны сол, уайым-қайғысыз талтаң басып тау-тас етегіндегі өрісімізге кете баратынбыз. Ойхой, сол кездегі сенікі-менікі делінбеген далиған даланы ойласам – мүйізім сырқырайды, емшегім сыздайды.
Несін айтайын, жекеменшік келіп, өріс тарылды, желке жүн жығылды емес пе.
Қожайын да қауқарсыз, нарық заманына ілесе алмай – ел қатарлы тірлігін түзей алмай, бұрынғы өріс атаулы қолды болып, біз баяғы кешкілік келіп жетіп күйіс қайырып түнеп шығатын қорадан күндіз-түні шыға алмайтын халге жеттік. Қолға қараған күнді дұшпаныңа берсін. Жекеменшік жері жоқ қожайыныңның барынан жоғы...
Қожайыныма жаным ашиды. Айтпай келген аласапыран заманда азып-тозды десем болады.
Бәрі сатулы, жем жемегелі қашан, берген шөп-шолаң, кәшек-пәсекті талғажау етеміз. Бәрі құрықталып, ішіп жүрген ағыл-тегіл судың сұрауы болғанда суалып кете жаздадым.
Қиындықтан ашатұяқ атаулы айырбасталып, бағым – сүтімнің арқасында белі қатаймаған бұзауымның көз жасы болып дін аман жүріп жатқаныма тәуба деймін.Өстіп жүргенде өкіметтен «сауып отырған сиыры бар үй әлеуметтік көмектен қағылсын» деген «қарақағаз» шығып шалқамыздан түсірді емес пе? Сондағы әлеуметтік көмекпен ілдалап отырған қожайынымның күңіренген көз жасын көрсең...
Не істейін, тұлапайы шыққан басқа төрт түліктен әулиемін бе, көресімді көрейін, маңдайыма жазылғаны болар деп, қора маңында апыл-тапыл қам-қарекетсіз ойнақ салып жүрген бұзауыма қарап қабырғам сөгіледі, денем түршігеді.
Құдай оңдап, қожайыным қимылға көшіп, бір түнде мені бұйдалап алып жетектеп, қазіргі күндіз панам болған тау-тастағы үңгірден бірақ шығарды.
Бір күн ешқайда аттап шығармай үңгірде қамап отырып, қас қарая қос уыс жемін беріп, жетектеп сыртқа шығарып, айналайын тау-тастың шөп-шүйгініне жайылтып, мөлдір бұлақтан суғарып, таң сыз бере үңгірге қайта кіргізіп, алақан жайып менің амандығымды тілеп, көл-көсір сүтімді сауып алып жөніне кетті.
Қанша ақымақ саналсақ та, жалмауызға да жан керек, қожайынның айтқанымен жүріп-тұруға үйренген басымыз – күндіз аттап шықпай күйіс қайырумен боламын да, түнде жортуылға шығамын.Қожайыным да қу, таң сыз бере үңгірге оралсам – қос уыс жемін ұсынып күлімдеп сонда күтіп отырады. Қайтейін, қожайынға үйренген басым, оның үстіне қорада қалған бұзауыма бола иіліп-иіп, сүтімді ағыл-тегіл ағытамын.
Қожайын да біледі, тау-тастағы қасқыр бастаған қарақшыларды ескеріп, өткенде мүйізімді қайрап үшкірлеп, келесіде артқы екі аяғыма тигенін тіліп түсер таға орнатып берді.
Қамқорлығына ризамын. Ол да «Сиыр сипағанды білмейді» дегенді ұмытып, көндіккен, үйреткенін лезде ұғып алған менің үсті-басымды сипалап, бір уақ тазалап, тарап та қояды.
Сөйтіп, ағыл-тегіл іш-жемнің ортасында жартылай жабайы тірлік кешудемін.
Бұрынғыдай емес, қоңданып семіріп келе жатқанымды сеземін. Оныма қожайын да риза.
«Қоңдансаң, күзге аман-есен барсаң. Ол уақытта қорадағы бұзауың да сүттен шығып санатқа қосылады. Біздің де түп-түгелді сатып, қала маңына көшіп кетер мезгіліміз де болады» деген пиғылын да сеземін.
Менің де: «Аман-есен күзге жетіп, қожайынымнан бұрын бір түнде қорадағы бұзауымды ертіп әкетіп, мұндағы үңгірді талақ етіп, тау-тастың ықпыл-жықпылын артқа тастап, сонау қияндағы арқар мекен еткен маңға барып толық жабайы күн кешсем» деген пиғылым бар.
Берік САДЫР