• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 19 Шілде, 2024

Өрлік ұраны, ірілік сазы

216 рет
көрсетілді

Өмірдегі әрбір құбылыс шашылған сәттер мозайкасы іспетті. Оларды артық түйсіну, артық сезіне білу – шын өнер адамының ісі. Аустриялық жазушы Петер Хандке «Поэзия – әлі мән мен мағынаға ие болмаған орындарды іздеу» деген болатын. Адам санасының ашылмаған құрлықтары, әлі толық хатқа түсірмеген сезім шыңыраулары жетерлік. Әріден алсақ, дүниедегі жалғыз жұмбақ жаратылыс болса, ол – адам. Шығыстық ғұламалар әлемде оқуға тиіс үш кітап барын айтады. Бірі – Құдай кітабы, бірі – табиғат, бірі – адам кітабы.

Адам туралы аңызды жазса, ақын жазсын. Гетенің поэ­зиясын айтпағанда, «Жас Вер­тердің қасіреттері» жанның ішкі сентименталды көрінісіне қойылған алып ескерткіш дер едік. Ал ұлт ақыны Қадыр Мырза Әлінің «Жазмышы» мен «Иірімі», Темірхан Медетбектің тұлғалар портретін ашқан эсселері, Ұлықбек Есдәулеттің «Әбілхаяты» – жеке әңгімеге жүк. Ақын Ханбибі Есенқарақызы­ның «Эсселер» жинағы көңілдің қалтарыс тұстарына сапарлатар, сезімнің ұшар басына із салар даңғыл бітімімен кісі жүре­­гін баурайды. Ақынның назарынан қа­­рым-қатынастың мыңнан бірге ғана ұғы­нық­ты ұсақ жіптері, лебіздер сазы, мақтадай мамық көңіл көкжиегінің жұқа тоза­ңы тыс қалмайды. Мұның үстіне ақын­дық іңкәр жүрек, қайсар­лық пен өжеттік қосылғанда тебіре­не толқындап оқуымыз заңды. Кітап­тың алғысөзінде профессор Тұрсынбек Кәкішев: «Ханбибінің өзін сөйлетсек: «Ақын көңілі ешқашан қалыпқа сыйған емес, бірде алай, бірде дүлей». Оның естеліктерінен, ақынды­ғын ғана емес, қарасөзді қатар алып жүре­тін прозашы екенін аңғардым», деген-тін. Бір­туар Бауыржан Момышұлы, қаһарман Қасым Қайсенов, абыз Әбіш Кекілбаев секілді тұлғалар енген алуан­ сарынды туындылар автордың жан ал­қабын, құм даладағы сексеуілдей тумысын, ақындық тегіне айқын дәлел бола ал­мақ. Қазақтың хас батыры, елдің дара перзенті Бауыржан Момышұлы хақында жазылған «Айбарлы атамыз еді» атты эсседе қаһарман ердің айшықты болмысы ашылады. Бір ғана детальға назар салып қаралықшы. Эсседегі Бауыржан Момышұлымен диалогте ақынның жас та болса жалынды келбеті байқалады. «Өзімнің ақталуымнан өзім қорқа тіл қаттым.

– Әкең бар ма?

– Бар.

– Көзі ашық адам ба? Жасы қаншада?

– Иә, мұғалім. Жасы сізден жасырақ.

Бауыржан ата мырс етіп күліп жібер­ді. Теңеуімнің орынсыз шыққанына өзім де ыңғайсызданып қалдым. Онымды жуып-шаймақ ниетпен:

– Әкем сіздің аяғыңызды алып келе жатқан кісі. Өлеңді жақсы көреді. Бірақ маған Мағжан туралы айтқаны есімде жоқ».

Хас батырдың қабағына қарап, қар­сы алдында шешіле сөйлеген ақын қыз­ды таныған Бауыржан атамыз кейінгі ­жылдарда да қарындасына сәулесін тө­гіп, ағалық ақылын айтқан. Батыр­дың Мағжан туралы сұрағаны, адамдық үл­кендігі, кішіпейілдігі, жеке адам ретіндегі қырлары эсседе айдай ашылып, жұртқа беймәлім Бауыржан тұрпаты оқырман көкірегіне қатталады. Бір қызығы, ақын эсседе тұлғалар болмысын етене әдіптеп, оң-солды түсіндіріп жатпайды. Тек ауыз әдебиетіндегі астарлы тілмен өрнек салып, оқиғаларды жіңішке ғана бедерлегенде, сөз құйрығының ішінен сансыз сәуле мен аура толқыны тұманына батыра түседі.

«Эсселер» кітабындағы көңіл қо­ны­шына енер сезімтал суреттің бірі – Қасым Қайсенов болмысы. Халық қа­һар­манының жалпақ жұртқа бейтаныс адамдық келбеті, ішкі бейнесінің жасырын қатпарлары эсседе жан-жақты әдіптеліп, айшықталады. Эссенің басы ерте таңмен атақты Қасым Қайсеновтің Оңтүстікке, ақынға сәлем беруге келе жатқаны жөнінде хабардан басталады. Жаңақорғанға емделуге жолға шыққан батыр Шымкенттегі өзі сүйіп оқитын, көңілі құлаған ақын қарындасын іздеп келеді. Үшінші қабатта тұратын ақын бәйек болып, батырдың алдынан шығады. Лебізін білдірген Қайсенов ақжарма сөзін айтып, жоғары қабатқа шығуға аяқ жарамайтынын, жолға асығыс екенін айтып, жүруге қамданады. Осы тұста хан қызындай Ханбибінің қайсар тұрпаты батырға тоқтау салады.

«Қандай амал табайын. Ақыры тәуе­келге бел буып:

– Аға! Түсіңізші жерге. Әрі қарай арқалап шығамын!

Белгісіз ұлы күш бойымды кернегендей болды.

– Ау? Не дейді?

Бұл сөзді естігенмен, іштей таңданып та қалды. Қасқыр жүректі азаматым-ай! «Ерді намыс өлтіреді», бар қуатын жинап, көліктен түсуге әрекет жасады...». «Батыр ақын болмаса, ол бойына мін емес, ақын батыр болмаса, көрген күні –күн емес!» деген осы болар. Сын сағатта «Әрі қарай арқалап шығамын!» деген ақын өжеттігі бір ел қаһарманына ғана емес, күллі адамдық ерлікке, әділет-арға, ізгілікке жасалған жақсылықтай әсер қалдырады. Ақын қарындасынан адамдық ірілікті, ақындық биікті көр­ген батыр байлауын ағытқан сабадай шешіліп қоя береді. «Соғыс туралы, менің партизандық өмірім туралы он жеті кітап шықты. Бірақ бәрінде де ме­нің батырлығым, жауға қаталдығым, Отан­ға берілгендігім, ел-жұрт алдындағы пары­зымды адал өтегендіктерім жазылды. Ал адам ретіндегі сезімдерім, түсі­ніктерім, мұңайып-жылайтыным, жақ­сы әсерге бөленіп, қуанатыным толық жазылып біткен жоқ. Ол бір-екі кітапқа сыймайды да!»

Расында, біздер тұлға туралы толға­ғанда оны жеке адам ретінде қарастыра бермейміз-ау. Мейлі патша, мейлі данышпан, мейлі етікші болсын, ол ең алдымен, ет-жүректі адам емес пе? Гетенің сөзімен айтсақ, «Адамдар үлкен сәби және кіші сәби болып екіге бөлінеді» емес пе? Халық қаһарманы Қасым Қайсенов туралы эсседе батырдың осы бір шынайы тума мінезі ашылып, оқырманды өзіне ынтық ете түседі. Қаһарман Қасым болмысын таныған сайын осындай ойлар жетектеп, естелік жарықшағымен бірге жүзгендей боласың.

«Эсселер» жинағында көпке есімі қанық ақын-жаузшылар, батырлар, әкімдер, түрлі сапарлар туралы сырлы суреттер қамтылған. «Көз жасы» атты ақын Нәмет Сүлейменов туралы жазбада ана тіліміз жайлы жан елжіретер толғамдар, шырылдаған ақиқат үні естіледі. «Ағатай, ұлы мақсат жолында жанымды бәске тігуге даярмын. Семген тілімізді, сөнген дінімізді қайтадан қалпына келтірудегі үлкен жолда қолдасаңыз қайтеді?» дейді автор алып-ұшып. Иә, тумыстан қонған ұлтшылдық автор бойынан, әр тұстан көрініп отырады. Жинақтағы көзге оттай басылатын тағы бір эссе – «Әбіш тойы». Заңғар жазушының 60 жылдық мерейтойында туған жеріне табан тіреген ақын, халықтың қаламгерге деген қошемет-құрметін, ақжарма жүрегін, кемеңгер жазушының келісті болмысын баян етеді. Жазушының «Дүние ғапыл» поэ­тикалық жинағына сілтеме жасай отырып, «Шынтуайтқа келгенде, Бұқар жы­раудан кейінгі халық жағдаятын жыр­лаған бірден-бір мемлекет адамы да осы Әбіш емес пе? Бүкіл Шығыс хал­қына аты аян, Бейбарыс Сұлтанның Ота­ны, ұлттық поэзия сардары Махамбет шыққан Атырау өңірінен Әбіш неге шықпасқа?» деп тебіренеді. «Ұлттың интелегенциясы атсалысып, сөз қосқан сүбелі сапар сұлу сөзбен шыр көбелек айна­лып, маңызы артқан. Әсіресе ту­ған жері бірегей тұлғаны құндағына ауна­туы жүректі елжіретеді. «Сарабдал жең­­гелері мен Айсәуле ананың мұңдас-сыр­лас болған абысын-ажындары, алып тұлғалы Әбішті құндақтаған сәбидей домалатып, туған ошағының орнына аунатып жатты. Өз халқы дәстүрінің алдында сәбидей шарасыз күй кешіп, үн­сіз мақұл алып жатқан мемлекеттік хат­шыға аяй қараған мәскеуліктердің көзі шарасынан шыға жаздады. Бұл дәстүр­дің құйқаңды шымырлатардай-ақ әсері мол болды». Жазушы туралы эсседен туған жермен тұтасып, оның адамдармен біте қайнасқан, шалқар далаға ұқсаған қаламгердің қайталанбас болмысын тануға болады.Әлем әдебиетінде тұлғаның жан-жақты тұрпатын зерделеу, оның ішкі «кухнясына» ену арқылы

тұтас шығар­машылығына баға беру кеңінен бедерленген. Андре Моруаның психология­лық портреттері, Достаевскийдің кейіп­керлері туралы эсселері жазушыны қай­та оқуға, қайта қарауға мәжбүрлейді. Ал «Байрон» романы Еуропаның көркем ойын өзгерткен алып ақынның сәби күнінен-ақ алғырлық пен адуындылық қатар өрбіген жұмбақ болмысының кілтін ашады. Сонымен қатар Сте­фан Цвейгтің «Толстойдың өмірі», «Бет­ховеннің өмірі», «Бальзак» секілді туын­дылары – оқырманның ой диірменіне әбден қорытылған сүбелі шығармалар. Мұндай кесек шығармаларға бару үшін автордың өзі өнер адамы, не оқығаны мен түйгені мол сөз зергері болса игі. Сонда өз өмірі арқылы өзге тұлға­ның тұтқалы түйткілдерін ұғына алмақ. Гюстав Флобердің «Бовари ханым – бұл мен!» дегеніндей, қайбір қаламгер өзге туралы жазғанда, белгілі бір деңгейде өзін жазатынын ескерсек, бұл тұрғыда шығармашыл тұлғаны өзі деңгейлес өнер саңлағы жазғанға ештеңе жетпейді. Ханбиі Есенқарақызының «Эсселер» жинағы тұғырлы тұлғалар туралы бол­ғанымен, мұның бәрінде ақынның өз болмысы айшықталып, әр тұсқа шашылып отырады. Бейне бір қаламгердің биографиясын оқып отырғандай, ақын жанының тереңіне саяхат жасағандай күй кешетініміз сондықтан да болар.

Кітапта қазақтың ақын Фаризасы туралы «Өнердегі өнегем, өлеңдегі пірім ең!» атты эссе көзге оттай басыл­ды. «Фариза – түбірлі, қуатты сөз. Оқшау сөз. Оған ешқандай жалғау, шылау, жұрнақтарды жапсыра алмайсың. Оның даралығы да осында. Ол – тұлға! Ол – маз­мұн». Осынау қордалы пікірден тұтанған жазба шынайылыққа, ақын өмірінің маңызды, елеулі тұстарына толы. Фариза ақынның бірде дауылдай құдіретті, бірде қурайдан аласа кішіпейілдігі көрініс табады. Эсседе ақынның қалыптас­тыр­­ған мектебі, ұлт руханиятының тұс­бағарын өзгерткен өзгеше мінездері кес­теленеді. Әсіресе поэзия падишасы өмірінің соңына қарай жұмсақ та кішік қалыпқа түсіп, айналаға мейірім отын таратуы ақиық ақынның шынайы биік­тігін әшкерелгендей. Қайбір үлкен тұлға да өмір бойы өзімен-өзі күресуші, ғұмыр бойы кемелдікке ұмтылушы. Білім­нен туған желіктен сақтанып, сексенге таяғанда рухының азаттануын қалаған Толстойдың, өмірінің соңында тегеурінді мінезі сәбидей балғын тартып, кішіпейілдене берген хакім Абайдың да негізгі кілті – кемелдік тауына маңайлау, өзін жетілдірудің Эвересіне шығуын­да жатыр деп білемін. Ал Фариза ақын­ның эсседе көрінген ғарыштық байламы, ақын сіңлісіне айтқан ақырғы алпауыт сөзі көңіліңді босатады. «Кейбір жөнсіз, жол-жосықсыз біраз адамдардың көңіліне тиіп, жаралағаныма өкініп отырмын. Бәрінен кешірім сұрағым келеді. Бірақ кемшілігімнің қайсы­бі­рін жөндейін? Оған уақыт та тарылып барады. Айналайын, саған айтып отырғаным: қатқыл болма, жұмсақ бол! Айналаңдағылармен санас, жұрттың кө­­ңіліне абай бол! Ел сені ардақтап, қау­малап жатса, құлым деп емес, пірім деп қара». Бұл поэзияда түбірлі мекте­бін қалыптастырып, дүлдүл өнер тудыр­ған Фариза Оңғарсынованың ақын сіңлі­­сіне айтқан ақырғы сөзі. Міне, биіктік, міне, тұлға!

«Атты мен жаяудың сәлемі жарас­пайды» дейді қазақ. Бәйтерек туралы жазу үшін, өзің де бәйтеректен бы­лай болмауың керек. Әйтпегенде хан­ға қараның мәймөңкелегеніндей көрік­сіз дүние туады. Ақын Ханбибі Есен­қарақызы кім туралы жазса да, кез келген тұлғамен тең сөйлесіп, тіке тұрып тіл қатысады. Бүгежектемей шынын айтып, қажет жерінде өжеттік көрсетіп, қазақ қызына, ақынға тән батырлыққа қол артады. «Эсселер» жинағы тұтас алғанда ерлік пен өрліктің, ірілік пен кесектіктің, алдаспан рух пен азаттықтың бірегей бейнесіндей. Бұл жинақта ұлтымыздың кешеден бүгінге мұра болып қалған асқақ сезімі, айбынды күші, зәулім болмысы жатыр. Мұзарт шың мен ұшы-қиыры жоқ құба даланың шулы сазы, мыңжылдықтар тізбегінің үзілмеген ізі жатыр. Сол ізді көкірегінде сақтап сәу­лелі таңға тасыған жүздеген ұрпақтың аманат шырағы маздап тұр. Біз соны сезіне білуіміз керек.

Тұтас алғанда, Х.Есенқарақызының «Эсселер» жинағы Абай атындағы Мем­ле­кеттік сыйлыққа лайықты деп санаймыз.