• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Экономика 19 Шілде, 2024

Маңызды нысанға кешенді қолдау қажет

220 рет
көрсетілді

Маңғыстау атом энергетика комби­натының (МАЭК) қызметкерлері өз кәсіпорнын «Маңғыстаудың жүрегі» дейді. Бұл – бұлтартпас ақиқат. МАЭК өңір халқын сумен һәм жылумен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді. Алайда кейінгі жылдары Ақтауда, кейбір ауылдарда су мәселесі ушыға түсті. Техникалық және ауызсу тапшылығы туындап, тұрғындар «судың кестемен берілгеніне де шүкір» дейтін күнге жетті.

Былтыр қыс қыр астында тұрғанда жылу қазандықтары жарылып, апатты жағдай орын алғандықтан, Ақтау Екі­бас­тұздың кебін кие ме деген уайым­ болған. Бірақ кешен қызметкерлері қазандықты жамау жұмыстарын тиянақ­ты жүргізіп, төтенше ахуалдың алдын алды.

1968 жылы маусым айында құрылған «МАЭК» ЖШС құрамында 2 жылу электр орталығы – ЖЭО-1 және ЖЭО-2, бір конденсациялық жылу электр стансасы, дистиллят өндіру және өнеркәсіптік жылумен, сумен жабдықтау зауыты бар. Осындай аса маңызды кешеннің жабдықтары ескірген. 1968-1999 жылдары теңіз суын тұшыту үшін қолданылған БН-350 ядерлық реакторын ұстау да МАЭК-тің мойнына біраз жүк пен жауапкершілікті артты. Облыста тұрғын мен түрлі мақсаттағы нысан саны ұлғайған сайын тозығы жеткен жабдықтар үздіксіз және ауқымды жұмысқа толықтай төтеп бере алмайтын жағдайға жетті. МАЭК-тің негізгі энергетикалық жабдықтары өткен ғасырдың 60-90-жылдары пайдалануға берілді, олардың физикалық тозуы бүгінгі күні 81%-дан асқан.

Басқару меншігіне қарай 2003-2019 жылдары «Қазатомпромның», 2019 жылдан бастап Энергетика министрлігінің құрамында болған кәсіпорын 2022 жылдың соңынан бері коммуналдық кәсіпорын ретінде Маңғыстау облысы әкімдігі құзырына берілді. Қазір МАЭК өз қызметін атқара отырып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр. Кәсіпорынның өндірістік қызметінің кідіріссіз жүргізіліп, тұтынушыларды электр энергиясы және жылумен, ауызсу, техникалық су, ыстық сумен толық қамтамасыз етуі үшін жыл сайын жос­парлы-алдын ала жөндеу кестесі бойынша негізгі энергетикалық жабдықтарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыс­тары жүргізіледі. Тозған және істен шыққан агрегаттарды ауыстыру немесе жөндеу үшін жабдықтар, материалдар мен қосалқы бөлшектер сатып алынады. Жабдықтарды жаңғырту және реконструкциялау, ғимараттар мен құрылыстарды күрделі жөндеу бойынша іс-шаралар орындалады. Мысалы, кәсіпорынның жөндеу жұмыстары бойынша жоспарлы-алдын алу жөндеу кесте­сіне сәйкес өткен жылы 4 қазандық – ЖЭО-1-де №5, ЖЭО-2-де №1, 6, 12 және 3 турбина, ЖЭО-1-де №3, ЖЭО-2-де №2 және №10 толық көлемде жөнделген. Сондай-ақ 2022 жылы басталған ЖЭО-2-дегі №2 қазандық және №1 турбинадағы, №1 энергия блогіндегі жөндеу жұмыс­тары аяқталды.

Кәсіпорын басшылығының айтуын­ша, комбинаттың биыл жазғы және алдағы күзгі-қысқы кезеңдердегі сенімді жұмысын қамтамасыз ету үшін арнайы іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Нақты айтқанда, күзге дейін 2024 жылға ЖЭО-1 және ЖЭО-2-дегі 3 қазандықты, ЖЭО-2-дегі 1 турбоагрегатты, ЖЭС энергия блогін, бойлерлік қондырғыларды және жылу генерация­лайтын жабдықтарды күрделі жөндеу жоспарланған.

МАЭК басшылығы стансалар мен су тұшыту кешенінің сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен бөлінген 2,38 млрд теңге және Маң­ғыстау облысының әкімдігінен бөлін­ген 2,08 млрд теңге қаражатқа негізгі өндірістік жабдықтар сатып алынғанын, сондай-ақ комбинат жабдықтарын күр­делі жөндеуге «МАЭК» ЖШС-ның өз қара­жаты есебінен 6,8 млрд теңге бөлін­генін мәлімдеді.

Құбырға қатысты жұмыстарға тоқтал­сақ, 2023 жылы ЖЭО-1, ЖЭО-2 тіке желі­лері бойындағы жылу құбырының жалпы ұзындығы 555 метр болатын учаскесі диа­метрі 1020 мм құбырлармен ауыстыры­лып, жалпы ұзындығы 669 метр болатын техникалық су құбыры учаскелері диа­метрі 530 және 820 мм құбырлармен ауыс­тырылған. Биыл жыл басынан бері Құйы­лыс-ОСЖТ-1 құбыры бойындағы диа­метрі 630 мм болатын барлығы 430 метр құбыр учаскелері ауыс­тырылып, 433 метр жылу желісін және 244 метр тех­ни­ка­лық су құбырларын ауыстыру жоспар­лан­ған.

Республикалық бюджеттен бөлінген 1,1 млрд теңгеге дистилляциялық-су тұшыту қондырғыларының жылу алма­су жабдықтарын ауыстыру үшін 78 тонна түтіктер сатып алынған екен. Мамандардың айтуынша, нәтижесінде дистиллят өндірісі тәулігіне 5000 текше метрге артқан.

№7, 11 дистилляциялық су тұшыту қондырғыларындағы 2 жы­лыту камерасы, сондай-ақ 1 теңіз суының жылытқышы ауыстырылды. Жазғы кезеңнен өту және 2024-2025 жылдардың жылу кезеңіне дайындық шаралары аясында көлденең-құбырлы пленкалы буландырғыш-1, 2 және 3-ті, ДТҚ-10-ды арнайы қышқылмен жуу жүргізіліп, ДТҚ-9-да жөндеу жұмыстары басталды. Ал Ақтау қаласында ауызсу тапшылығын азайту үшін Орталық сумен жабдықтау торабы-2 өнімділігі тәулігіне 6000 текше метр болатын кері осмос қондырғысын монтаждау жұмыстарын аяқтапты. Маңғыстау облысының энергетика және ТКШ басқармасының тапсырысы бойынша қаланың тіке және кері жылу желілерінің магистралдық құбырларын реконструкциялау жобасын іске асыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол бо­йынша 2024 жылы Ақтау қаласындағы 12,4 шақырым магистралдық жылу желілерін ауыстыру жоспарланған. Сондай-ақ Маңғыстау облысының энергетика және ТКШ басқармасының тапсырысы бо­йынша Құйылыс-Меловое кен орнының жер­асты суын ОСЖТ-2 және «Каспий» су тұшыту зауытына дейін сенімді жеткізетін Құйылыс-«Каспий» су тұшыту зауыты-ОСЖТ-2 жаңа су құбыры құрылысының жобасын іске асыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары қолға алынған. Мұның бәрі де – Ақтау қаласы тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатындағы қызметтер.

Жергілікті билік пен «МАЭК» ЖШС басшылығы Ақтаудағы су тапшылығын шешімі аз уақытта табылатын уақытша жағдай деп бағалап отыр. Құзырлы орындардың бұлай сенімді сөйлеуіне –­МАЭК аумағындағы ОСЖТ-2, яғни орталық сумен жабдықтау торабында салынған жаңа қондырғылардың қала тұрғындарына тәулігіне қосымша 6 000 текше метр ауызсу бере бастайды деген жоспары мен жобасы себеп.

«МАЭК» ЖШС-ға қарасты дистил­лят өндіретін зауыттың директоры Денис Саморуковтың айтуынша, қазір қондырғыларға су жиналып жатыр.

«МАЭК серіктестігі тарапынан жылы жағажайдағы қонақүйлер мен туристік нысандарға су берілмейді. Комбинат негізінен Ақтау тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп отыр», дейді.

Өңірдегі ауызсу тапшылығын шешу үшін «Каспий» су тұшыту зауыты да көмек қолын созбақ. Зауыт қуатын тәулігіне 20 мыңнан 40 мың текше метрге дейін ұлғайту жобасы аяқталуға жақын.«Қазір зауытта қуаты тәулігіне 20 мың текше метр болатын 5 қондырғы жұмыс істейді. Өнімнің 60-65%-ы Мұнайлы ауданының тұрғындарына, қалғаны Қарақия ауданына, әуежайға, облыстағы әскери бөлімдерге және жылы жағажайда орналасқан туристік нысандарға беріледі. Қазір зауытқа қуатты екі есе арттыратын жаңа

5 қондырғы жеткізілді. Құрылыс-мон­таждау жұмыстары аяқталып қалды және қосымша іске қосу жұмыстары басталды. Шілденің соңында тестілік режімде бірінші қондырғыны қосамыз. Ал тамызда қалған қондырғыны кезең-кезеңімен қосу жоспарланып отыр», дейді «Каспий» су тұшыту зауытының директоры Нұрлыбай Аққұлов.

Жоба іске қосылған сәтте «МАЭК» ЖШС тәулігіне беріп отырған 52 000 текше метр суға қосымша су көлемі артып, Ақтау қаласына тәулігіне 20-25 мың текше метр көлемде жетпейтін су тапшылығын толығымен жоюға мүмкіндік туады деп жоспарлайды мамандар.

Ақтаудағы су тапшылығы талай ай­қайға себеп болған. Ал МАЭК ахуалы осындай – түгелге жуық тозығы жеткен дімкас жүректі тоқтатып қойып, емдеу үшін орнына жұмыс істейтін артық жүрек жоқ. Сондықтан маңызды кәсіпорынға кешенді қолдау қажет.

Маңғыстау облысы