Электр энергетикасы инфрақұрылымының тозуы елімізді талайдан толғандырып келеді. Ескірген электр стансалары толық қуатта жұмыс істей алмай, жиі істен шығып жатады. Апатты жағдайдағы электр мен жылу желілері тасымалданатын энергияның шамадан тыс жоғалуына да себеп. Проблеманың бір шешімі «Тарифті инвестицияға айырбастау» тетігін тиімді жүзеге асыру болуға тиіс.
Жылу энергетикасы нысандарындағы бірнеше апат елдегі коммуналдық инфрақұрылымды жаңартудың өзектілігін алақандағыдай көрсетіп берді. Электр стансаларының орташа ескіруі 56 пайызға жетсе, жылу электр орталықтарының жай-күйі одан да нашар. Жылу желілерінің ішкі бөлігі 70-80 пайызға тозған. Сол секілді электр желілерінің 65 пайызға тозуы еліміз бойынша электр энергиясының едәуір шығынына орта есеппен 12 пайыз жоғалуына әкеледі. Мамандар бұл тұста мән беретін бір фактор реактивті қуаттың бақылаусыз ағыны екенін айтады. Реактивтің өзі нақты бір жерде бірден пайдалануға жататын энергия жүйесіне қажетті құрам. Тұтынушы болмаған жағдайда реактив жалпы энергия жүйесіне бейберекет тарап кетпей, өзі өндіріліп шыққан торапта өтелуі қажет. Халыққа сапалы қызмет көрсету осы түйткілді бір жағына шығарумен, оның ішінде иесіз желілерді ретке келтірумен, салаға жоғары білікті мамандар тартумен тікелей байланысты. Сондықтан елде жүзеге асырылып жатқан «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы 2029 жылға дейін электр, жылу және сумен жабдықтау, сондай-ақ су бұру инженерлік желілерін жаңғыртуға ауқымды инвестициялар тартуды көздейді. Коммуналдық кәсіпорындарға қызмет құнын арттыруға рұқсат беріледі, ал олар алынған қосымша кірісті инфрақұрылымды жаңартуға инвестициялайды.
Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған осындай ауқымды үдерісті бақылауға азаматтар да мүдделі болатыны заңдылық. Осы орайда сарапшылар бағдарлама халыққа ашық, тариф түзілімі әділ, түсінікті болуы керек деген пікірде.
Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының төрағасы Сергей Агафоновтың айтуынша, тарифтердің көтерілуіне байланысты электр стансалары мен электр желілері компаниялары алатын қаражат жаңа энергетикалық қазандықтар, желілер салуға, басқа да қажеттіліктерге жұмсалып жатқанына көз жеткізу қажет.
«Соңғы 1-1,5 жыл ішінде тариф қарқынды өсе бастады. Бұл энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифінен және 1 кВт/сағ үшін 10-12 теңге деңгейіне жеткен электржелілік компаниялардың тарифінен байқалады. Бір жарым жыл ішінде электр энергиясын беру тарифтері жекелеген жағдайларда 2 есе өсті. Энергия өндіруші ұйымдардың тарифін алсақ, осы уақытқа дейін біз олардың шығындарының дұрыстығын растайтын бірде-бір сметаны көрген жоқпыз. Барлық энергия өндіруші ұйымдардың тарифін Энергетика министрлігі бекітеді. Бұл ретте бекітілген тарифтер бойынша жария талқылау мен пікірталас жүргізілмейді. Энергия беруші ұйымдардың тарифі қоғамдық тыңдауды қарастырса да, бізде бұл тарифтердің қаншалықты ашық игерілетіні туралы ақпарат жоқ. Желілерді жаңартуға, инфрақұрылым нысандарына қанша қаражат салынып жатқаны белгісіз», дейді ол.
Сарапшының мәлімдеуінше, сол жөндеулерде өнімсіз шығындар, жосықсыз үстемелер өте көп. Мысал ретінде 2 жыл бұрын құлаған Петропавл ЖЭО құбырын келтіруге болады. Оның орнына тұрғызыла бастаған жаңа құбыр белгілі бір биіктікке көтерілді де, осьтен ауытқып кетті. Сөйтіп, құбырды бұзуға тура келді. Енді құбырды қайта салу үшін жаңа мердігер іздестіріліп жатыр. Яғни нарықта тиісті құзыреті бар компаниялар жоқтың қасы деген сөз. Олардың тапшылығы жобаларды іске асыру барысында көлденең шығып, жөндеу мерзімдерін кешіктіруге әкеледі. Сайып келгенде, бұл энергетикалық инфрақұрылымның тозу мәселесін шешуге арналған жалпы іс-қимылды тежейді.
Осы мәселелерге байланысты жуырда ресми порталда жарияланған петицияда энергетика саласын бәсекеге қабілетті ету және тарифтерді қалыптастырудың ашықтығын арттыру талап етілді. Авторлар энергиямен жабдықтау тарифтерін халық бақылауға тиіс екенін, өңірлерде азаматтардың өздері тарифтерді қалыптастыру үдерісіне қатысуы және тұтынушылардан алынатын қаражаттың игерілуін қадағалауы үшін тарифтер бойынша кеңестер құру қажеттігін атап көрсеткен. Сонымен қатар олар энергиямен қамтамасыз ету нарығында бәсекелестікті қалпына келтіруді, барлық өңірлік ЖЭО-ларды мемлекетке қайтаруды ұсынып отыр.