Кісілік — ұлы қасиет. Ол үйренетін өнер емес, оқып білетін ғылым да емес. Атаның ақылынан, ананың ақ сүтінен бастау алатын, сиректердің ғана үлесіне тиетін таланттың жемісі, сүйкімді қасиет. Сондай сирек қасиет иелерінің қатарына мен Сыр өңіріне қадірі ортақ азамат Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновті жатқызар едім.
Ол қандай қызметте, қандай билік сатысында болмасын билік пен парасат арақатынасын ажырата білді, креслоның күшіне емес, өзінің ісіне сенді. Әркез қай істе, қай бұрылыста болсын, кісілігі басым тұрды. Ол халықтың бүкіл әрекет-қимылын, білім-білігін таразы басына салып отыратынын әрқашан жадында ұстап, өзін сол ел-халқының қызметшісімін деп санады.
Кейбіреу Қылышбай Алдабергенұлының қызмет бабындағы аса қатаң талапшылдығын тіліне тиек етеді. Ол ешқашан қатаң мінезді өз өктемдігін көрсетуге, күштеп мойындатуға, белден басып бедел жинауға қолданған емес, іскерліктің, реттіліктің, жинақтылықтың, ақырында темірдей тәртіп пен шебер ұйымдастырушылықтың генераторы ретінде пайдаланып, ол талапты әуелі өзіне, сонан соң барып айналасына бірдей қоя білді. «Мынау туысым, мынау жақыным, мынау қимас досым» деп алаламады. Ең бастысы, қызметтестерінің қабілет-қарымын танып, ішкі жан дүниесін көріп, соған сай бағыт-бағдар беріп, болашаққа баулыды. Сол себепті де ол қай жерде кішілік, қай жерде кісілік көрсету керегін білетін кемел, қандай уақытта болмасын ел мүддесіне қызмет етуге білімі, білігі, тәжірибесі, жаңашылдығы, еңбекқорлығы, қабілеті жететін, уақытпен бірге толысып, қалыптасқан азамат ретінде жұртына мойындалды.
Оның сол кездегі дүниежүзілік ғылыми орталық саналатын Мәскеуде докторлық диссертация қорғауы, оның пайдасын байтақ Отанының көруі, қайта құру кезеңінде тарихы тармақталып кеткен Сыр елінің символы - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін біріздендіруі, Парламент мінберінде көтерген байырқалы бастамаларының шарапатын тұтас ұлт сезінуі, ол дайындаған әрбір кадрдың өңір дамуында ойып алар өз орыны болуы, қоғамдық кеңесте қоғам атынан айтқан ойларының мәселеге дәрмен бола кетуі, төл интеллигенциямыздың атаулы алқасы саналатын Ұлттық құрылтайдағы айшықты орыны, бәрі-бәрі тұлғаның тұтас болмысын бейнелеп тұрған жоқ па?..
Қылышекең қазір құрылысшы-инженер, техника ғылымдарының докторы ғана емес, өңір руханиятының көшбасында тұрған қайраткер. Оны ақын да, тілші-ғалым да, тарихшы-этнограф та, химик-биолог та, жыршы-жырау да, әртүрлі орта лидерлері де, саяси сатыдағы мемлекеттік қызметкерлер де ұстаз тұтады, себебі, ол жұртқа ортақ тұлғаға айнала білді. Адам үшін, азамат үшін бұдан асқан бақыт бар ма?
«Таға тұяқты көтереді, тұяқ тұлпарды көтереді, тұлпар ерді, ер елді көтереді» деп ардақтымыз Шерхан Мұртаза айтқандай, ел-халқына адал еңбек етіп, көпке үлгі болып, «Ел ағасы» дейтін беделі биік атаққа лайықты парасатпен ортамызды жүрген досымыз Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновті бүгінгі өз басы үшін, отбасы үшін ерекше күнімен құттықтаймыз! Немат Келімбетовтің “Үміт үзгім келмейді” деген хикаятында көпке мәлім ұлағатты ұстазынан шәкірті “Ұстаз Сіз қанша жасқа келдіңіз?” деп сұрапты. Сонда ұстазы: “Мың жасқа келдім-ау” деп жауап қатады. Шәкіртінің “Ол қалай?” деген сұрағына: “Әр кезде біреуге көмек көрсетіп, пайдам тиген кезде мерейім артып, рахаттанып, бір жасап қаламын” деген екен. Қылышбай досымыз да өңіріміздегі, еліміздегі атқарылып жатқан қоғамдық тірліктердің бел ортасында жүріп, білім-ғылым саласында да, азаматтық жолда да, ағайындық жолда да көпке қолдауын, қамқорлығын көрсетіп жүрген азамат. Біз де Қылышбай досымызға “мың жаса” деген тілек білдіреміз!
Ұстаз Қылыш, ғалым Қылыш, қайраткер Қылыш ұлағатымен өсірген ұрпағымен, Құдай қосқан қосағы Гүлсім Зікірияқызымен бірге тек жақсы көрсе дейміз. Адамзатқа Алаш керек, Алашқа Азамат керек! Азаматтардың ағасы, ақылшысы Қылышбай Алдабергенұлы халқының, жерлестерінің құрметіне бөлене берсін!
Әріп Хожбанов,қоғам қайраткері