• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Шілде, 2024

Дәстүр институты

120 рет
көрсетілді

Ауыл қартының институт бітіргені шамалы, бірақ кеудесі көмбе, айтары ғибрат пен «қарағым», «шырағым». Кейбір қала қартының профессорлық атағы бар, жақсы қыз­мет атқарған, екі тілге бірдей жорға, бірақ кісәпір, міншіл, кісіліктен, үлкендіктен алыс. Ауыл келі­нінің оқы­ғаны аз, алайда қабағы жылы, жүрегі жұм­сақ, қызметі әзір. Қала келінінің дипломы көп, бірақ түсі сынық, сөзі суық. Бұ л нет­кен парадокс? Сонда кім оқыған, кім оқымаған?

Әлқисса, білім екіге бөлінеді дейді. Бірі – бас білімі, екін­шісі – жүрек білімі. Бас білімі – кәсіптік білім, салалық, ма­мандықты игеру, мал табуға арналған дүниелік білімдер. Ал жүрек білімі – ар-ұят, иман, обал, сауап білімі. Шығыста тек бас білімін меңгеріп, жүрек білімін алмағанды жалғыз көзді төбекөзге теңеген екен. Төбекөз ұғымы осы түсініктен шыққан деседі. Яғни обал, сауа­п білімін игермеген жан кісіге жаны ашу, тазалық, кісілік деген қасиеттерді «ес­кілік» деп қарап, суық ақылмен ме­жесіне ұмтылады. Неге ауыл қартының кеудесі көмбе, түсі мен сөзі жылы? Олар дәстүр атты инс­ти­туттың үздік шәкірттері екен. Ал қазақы салт-сана, ырым мен жоралғы, дәстүр сабақ­тастығы иман білімімен, ар-ұят, обал, сауап­пен біте қайнасқан. Кейде елдік дәстүр атты институтына жетер білікті орын жоқ шығар деген ой келеді. Өз басым Ба­тыстан, Шығыстан, әлемнің түкпір-түкпірінен іздеген, тап­қан білімім қазақылық атты киелі ұғымның тобығына да жете алмайтынын сездім. Шын қазақ болу қиынның қиыны, бірақ бұл бақыт екен. Бақыт болатыны, сіз қазақ болып-ақ орасан зор бай дүниетанымға, нұрлы ақылға, алқам-салқам дарқан мінезге ие боласыз.

Әдебиетке қарасақ, Мұқа­ғали, Бердібек, Сайындар ауыл­дан Алматыға кеш келіпті. Елдік дәстүр институтына тойы­п келіп, тойған қозыдай томпайып жүріпті. Солайша ұлт­тық биікке қолтаңбасын қал­дырыпты.

Едіге БӨКЕЙ,«Egemen Qazaqstan»