Елімізді өңірлік және халықаралық қатынастар жүйесіне интеграциялау міндеті «КazAID» агенттігіне жүктелген. Құрылғанына үш жылға жуықтаған ұйым қазіргі таңда өзге мемлекеттермен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық байланыс орнатуға ықпал етіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда агенттікке әлемдік аренада төл брендті, тарихты және мәдениетті насихаттауды тапсырды. Осы орайда «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің басқарма төрағасы Аркен АРЫСТАНОВТАН атқарылған жұмыстар барысын сұрап білдік.
– Аркен Кеңесбекұлы, алдымен агенттіктің стратегиялық бағытын, мақсат-міндетін ашып айтып берсеңіз.
– Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында Президент «Біз мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуіміз қажет. Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жөн», дей келе «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігіне ұлттық брендті, тарихты, төл мәдениетті ілгерілетуде кең спектрге ие саясат, экономика, ғылым, білім, спорт, бизнес секілді тағы басқа саладағы іс-шараларды сүйемелдеуді тапсырды. Бүгінде агенттік донор ел ретінде өңірлік мәселелерді шешу үшін барлық мүдделі тараптың күш-жігерін үйлестіруде. БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде Дамуға ресми көмек (ДРК) негізінде басқа елдермен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық байланыс орнатуда жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
Сондай-ақ даму жоспарымызға сәйкес отандық және шетелдік мамандарды тарта отырып, сараптамалық алаңдарды ұйымдастыру, ДРК құралдарын пайдаланып, жобаларды техникалық әзірлеуде және практикада іске асыруда жәрдемдесіп отырмыз. Агенттік құзыреттілік, кәсібилік, инновация, шығармашылық, азаматтық және әлеуметтік жауапкершілік, ашықтық, көшбасшылық, бастамашылдық құндылықтарына басымдық береді.
Бүгінде «KazAID» Қазақстан даму саласындағы ынтымақтастықты тереңдету үшін белгілі бір әлеуетті жинақтады. Біз екіжақты және көпжақты форматтағы диалог пен өзара әрекеттесу перспективаларын талқылауға ашықпыз. Басты мақсат – әлемдік өркениеттің дамуына ықпалдасу.
– «KazAID» қандай халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатты? Қазақстандық даму моделінің тартымдылығы неде?
– Агенттік Израильдің «MASHAV», АҚШ-тың «USAID», Испанияның «AECID», Түркияның «TIKA», Кореяның «KOICA», Жапонияның «JICA» және Әзербайжанның «AIDA» ұйымымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бүгінде екіжақты және көпжақты форматта донорлық ұйымдармен серіктестік қатынастарды кеңейту және бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу бойынша жұмысты жалғастырып келеді.
«KazAID» Орталық Азиядағы ДРК саласындағы жалғыз ұйым бола отырып, өңірде «Үшжақты» ынтымақтастық тетіктерін (донор – ел, серіктес – ел, донор – ұйым) пайдалана отырып, перспективалы жобаларды әзірлеу және іске асыруды көздейді. Сонымен қатар бірқатар беделді қазақстандық және өңірлік институт, ұйымдармен әріптестік қарым-қатынас орнатып үлгерді. Мәселен, қазақстандық ҮЕҰ азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығымен, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен, Халықаралық Аралды құтқару қорымен, Өзбекстанның «Оқсалиш» жалпыұлттық қозғалысымен, Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығы және Еуразия қорымен ДРК саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Агенттік ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жоспар шеңберінде «Қазақстандағы ДРК жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған ЭЫДҰ және «KazAID» жол картасын» жүзеге асырады. Осы ретте күні бүгінге дейін жалпы халықаралық деңгейдегі ұйымдар, агенттіктер, қаржы институттары мен БҰҰ мекемелері және республикада аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктер секілді 300-ден астам мекемелермен кездесу өткізді.
Агенттіктің стратегиялық даму мақсатына сәйкес әріптестік тәжірибе, білім мен тың технологияларымен алмасу тетігі – елдің жаһандық және өңірлік платформалар мен форумдарға қатысуы. Қазақстанның ДРК-дағы салалық басымдықтары – су, энергетика, экологиялық проблемалар, цифрландыру, білім және кадрлық әлеуетті арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Тұжырымдамалық негізде Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы саясаты кедейлік, халықаралық қылмыс, есірткінің заңсыз айналымы және заңсыз көші-қон мәселелерін қоса алғанда, орнықты дамудың жаһандық және өңірлік проблемаларын шешуге жәрдемдесу, әлеуметтік-бағдарланған экономиканы құру үдерістеріне көмектесу, шет елдермен саяси, экономикалық, білім беру, қоғамдық, мәдени және ғылыми байланыстарды дамыту, Қазақстан шекарасының периметрі бойынша тату көршілік белдеуін қалыптастыру, әріптес мемлекеттермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, тауарлар, қызметтер және жұмыс күші нарықтарының интеграция үдерістерін ынталандыру, әлемдік қоғамдастықта Қазақстан Республикасының беделін нығайту және оң қабылдауына жәрдемдесуді көздейді.
Жалпы, еліміз бірқатар өңірлік проблеманы шешуде белгілі бір артықшылықтарға ие. Яғни әріптес мемлекеттердің мүдделері, қажеттіліктері мен ерекшеліктері қазақстандық көмектің нысандары мен бағыттарына сәйкес келеді. Ал ДРК тұжырымдамалық/құқықтық базасы орнықты даму мақсаттарымен корреляциядағы елдің ұстанымы мен басымдықтарын көрсетеді. Қазақстандық даму моделі өзін бейбіт, ашық мемлекет, жаһандық және өңірлік істерде сенімді әріптес ретінде бекіту арқылы халықаралық аренадағы позициясын нықтады. Еліміз көпвекторлы, прагматикалық және белсенді сыртқы саясатты іске асырады, қауіпсіздік, ынтымақтастық, орнықты даму саласындағы жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға, іске асыруға елеулі үлес қосады.
– Қазақстан Орталық Азиядағы қандай өзекті мәселелерді шешуге атсалысып жатыр?
– Жоғарыда атап өткен шарттарды, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық проблемалармен, діни экстремизм, этносаралық қақтығыстар және ұйымдасқан қылмыс қатерлерімен байланысты Орталық Азия өңіріндегі қазіргі сын-қатерлерді назарға ала отырып, Қазақстанның дамуға көмек көрсетудегі географиялық фокусы Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға шоғырланады. Айта кету керек, бұл ретте Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстандағы жобалар екіжақты форматта табысты болды.
ДРК негізінде экология, денсаулық сақтау, әйел құқығы, теңізге шыға алмайтын елдерге көмек көрсету, есірткіге қарсы күрес және тағы басқа салалардағы жобаларды қоса алғанда, ерікті жарналар мен траст қорларына қатысуда Қазақстанның әлемдік аренадағы тәжірибесі мол.
«KazAID» агенттігі қызметінің негізгі секторларына білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет, цифрландыру, табиғи ресурстарды басқару және қоршаған ортаны қорғау кіреді. Бүгінде ұйым білім беру сапасы мен оның қолжетімділігін арттыруға бағытталған жобаларды қолдайды. Әрі көмек алушы елдердегі кәсіптік дағдыларды дамытуға және білім беру институттарын нығайтуға жәрдемдеседі. Сондай-ақ инновациялық өсу, бәсекеге қабілеттілікті және халықтың өмір сүру сапасын арттыруда цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі. Бұған қоса табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, қорғау, су, орман және минералды ресурстарды тұрақты басқаруды, экологиялық білім мен халықтың хабардарлығын арттыруға ықпалдасады.
Қазіргі уақытта «KazAID» секторлық қызметі шеңберінде әзірленіп, іске асырылып жатқан екі бағдарламаға ерекше тоқталғым келеді. Біріншісі, Орталық Азия елдерінің жас көшбасшыларының біліктілігін арттыруға бағытталған «Достық» бағдарламасы. Бұл бастама қазіргі геосаяси жағдайда цифрландыру, ХХІ ғасыр медицинасы, журналистика және дипломатия салаларында білім мен тәжірибе жинағысы келетін Қырғызстан мен Тәжікстан жастарына арналады. Біз елімізде өтетін халықаралық форумдарға қатысу үшін дарынды жастарды жинап, олардың өз салаларындағы белгілі сарапшылар мен мамандардың шеберлік сабақтарына қатысуына мүмкіндік беруге тырысамыз.
Екіншісі, медицина саласындағы студенттердің академиялық тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін «Авиценна» бағдарламасы. Бүгінде өңірде әсіресе шалғай ауылдарда сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі өзекті мәселе. Мұндай мәселе Орталық Азияның бірқатар мемлекетінде бар. Яғни кәсіби дәрігер мамандар жетіспейді. Сондықтан «KazAID» қазақстандық медицина мекемелері мен дәрігерлерінің Қырғызстан, Тәжікстандағы әріптестерімен өзара іс-қимылын үйлестіру жұмыстарын жүргізеді.
Тағы бір айта кетерлігі біз әртүрлі сектордағы тәжірибе орталығы болуды да мақсат етіп отырмыз. Мәселен, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының ішіндегі Орталық Азиядағы таза су мен санитарияға қол жеткізу мәселесіне ерекше тоқталып өткім келеді. Әлемдік сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдері су ресурстарын пайдалану мәселесінде аса жауаптылық таныту қажет. Себебі аймақ елдері суды әлемнің кез келген басқа өңіріне қарағанда көбірек тұтынады. Сондықтан су ресурстарын басқару, көлік логистикасы сияқты мәселелерді бірлесіп шешуге күш біріктіріп, жұмыс істеуіміз қажет. «KazAID» ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Жалпы алғанда, ұйым Қазақстанның және тұтастай алғанда аймақтың дамуы үшін жақсы нәтижелерге қол жеткізу мақсатында көмек көрсетудің үйлестірушісі ретінде жұмыс істейді. Сондай-ақ аймақтық ынтымақтастықты нығайтып, агенттіктің ықпал ету аясын кеңейтуге, халықаралық ұйымдармен және донор елдермен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істеуге, Орталық Азиядағы өзекті мәселелерді шешуге басымдық береді.
– Таяуда біздің делегация Қытайдың «CIDCA» халықаралық даму және ынтымақтастық мемлекеттік агенттігі ұйымдастырған Бірлескен даму жөніндегі жаһандық іс-қимыл форумының жоғары деңгейдегі 2-конференциясына қатысты. Сапардың мақсат-міндеті туралы айта кетсеңіз.
– Іссапардың мақсаты жоғары деңгейдегі конференцияға қатысу және «CIDCA» Қытайдың даму саласындағы халықаралық ынтымақтастық агенттігімен келіссөздер жүргізу болды. Сондай-ақ халықаралық даму, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру саласында Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестік қатынастарды орнату жолымен ынтымақтастықты нығайту. Біз бірлескен бастамалар шеңберінде әлеуетті ынтымақтастық мәселелерін талқылау мақсатында «CIDCA» өкілдерімен екіжақты келіссөздер жүргіздік.
Ал конференцияның мақсатына келетін болсақ, ол жаһандық даму, қауіпсіздік және өркениет бастамалары шеңберінде жарқын болашақ құру мүддесінде әріптестердің бірлескен іс-қимылына жәрдемдесу және жаһандық даму мәселелері бойынша ортақ пікір қалыптастыру. Іс-шара аясында жаһандық басқару, инновациялар және жастар саясаты мәселелері талқыланды.
Жиынға жалпы 50-ден астам елден келген жоғары деңгейдегі лауазымды тұлғалар, халықаралық ұйымдардың сарапшылары, академиялық қоғамдастық пен талдау орталықтарының өкілдерін қоса алғанда, шетелдік делегациялар қатысты.
Форумдардың бірінде мен ТДМ 2030 жетістіктері үшін Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі халықаралық дамуға жәрдемдесудегі рөлі туралы баяндама ұсындым. Онда тұрақты даму саласындағы жаһандық күн тәртібі контексінде өңірлік ынтымақтастықты нығайтудағы Қазақстанның негізгі бағыттары мен бастамалары жарияланды.
Өткізілген кездесулер мен қол жеткізілген уағдаластықтардың қорытындысы бойынша қазақстандық және қытайлық тарап ДРК саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді.
Айта кетейін, жуырда Қазақстандағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) үйлестірушісі Х.Өзденоғлумен кездестім. Жүздесуде ДРК саласындағы екі агенттік арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқыладық. Мен ДРК ұлттық жүйесінің басым бағыттары шеңберінде агенттіктің жоспарланған бағдарламалары туралы ақпарат беріп, түрік тарапына түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде ынтымақтасуды ұсындым. Өз кезегінде, «TIKA» үйлестірушісі Х.Өзденоғлу агенттік қызметкерлері арасында тәжірибе алмасу мақсатында ынтымақтастықты тереңдетуге дайындығын білдірді. Түрік тарапы агенттіктің «Авиценна»: Денсаулық сақтау» «KazAID» бағдарламасына және басқа да әлеуетті жобаларға қатысуға қызығушылығын растады. Тараптар «KazAID» және «TIKA» арасындағы ДРК саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мақсатындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою мүмкіндігін талқылады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен – Зейін ЕРҒАЛИ, «Egemen Qazaqstan»