«Astana invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығына қарасты №1 Индустриялық паркте заманға сай түрлі өнім шығаратын көптеген кәсіпорын бар. Соның бірі – «Swissgrow» ЖШС. 2017 жылы ашылған, 1,5 гектар аумақты алып жатқан компания жыл сайын мыңдаған тонна минералды тыңайтқышты нарыққа шығарады.
Мұнда егін мен бау-бақшадағы өнімділікті арттыратын швейцариялық тыңайтқыштың түр-түрі бар. Ал кәсіпорынның жобалық құнын айтар болсақ, 5 миллион доллардан астам қаражат жұмсалған. Айтпақшы, мұндай кәсіпорындар Түркия мен Мексикада бар, сондай-ақ Эфиопия елінде де салынып жатыр.
«Біздің өнімді еліміздің әр өңіріндегі егіс шаруашылығындағы құрылымдар көптеп пайдаланады. Сондай-ақ көршілес Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан да тұтынушыларымыз бар. Бүгінде зауытта 80 түрлі тыңайтқыш шықса, оның ішінде топырақ құнарын арттыратын, өсімдіктің өсуіне көмектесетін, бау-бақша дақылдарының түрлі ауруына тосқауыл болатын, тағы басқа пайдалы жағы көп өнімдеріміз жеткілікті. Өзіңізге белгілі, біздің кейбір аймақтарда егістіктегі өнімділікті арттыруға кедергі болатын жағдайлар көп. Қиын климат, құрғақшылық, ылғал жетіспеушілігі, басқа да олқылықтар диқандар еккен дақылды түрлі ауруға ұшыратып жатады», дейді «Swissgrow» ЖШС директоры Рүстем Әлиев.
– Бұл ауыл шаруашылығы үшін үлкен шығын екені сөзсіз. Біздің өнімнің басты қасиеті – мұндай өсімдіктерде кездесетін ауруларға жол бермеуінде. Бір ғана мысал айтайын. Тұрақты тұтынушымыздың бірі – Павлодар облысындағы картоп дақылын егетін шаруашылық. Алғашында олар гектарына 25-28 тонна өнім жинаған. Тыңайтқышты тұрақты пайдаланған соң өнімділік артты. Дақылдың шығымдылығы жыл сайын көбейіп, бірінші жылы 40 тоннаға, одан кейінгі жылдары 55-60 тоннаға дейін картоп алған», дейді серіктестік директоры.
Халықаралық стандартқа сай сертификатталған компания өз өнімінің әрқайсысын жеке зертханада ұдайы тексеріп отырады. Әр шыққан өнім партиясы ерекше қадағаланып, сапа кепілдігімен жұмыс істейді. Әрі мұнда тыңайтқыш дайындауға қажетті ғылыми мамандар – жоғары білікті агрономдары да бар. Олар фермерлерге тыңайтқыштарды қалай пайдалану тұрғысынан нұсқау беріп, көмек көрсете алады.
«Кәсіпорында 25 адам жұмыс істейді. Жылына 15 000 тонна сұйық және сусымалы тыңайтқыштарды нарыққа шығарып отырмыз. Зауытта сұйық өнімге қажетті құтыларды арнайы шығаратын жабдық та бар. Өйткені тыңайтқыш сапасын сақтауға кепілдік беретін мұндай жабдықтар біздің нарықта жоқ. Басқа өнім шығаруға қажетті құрылғылардың барлығы шет мемлекеттерден келген. Қазір сұраныс өте жоғары, тұтынушы ауыл шаруашылығы құрылымдар саны да жыл сайын артып келеді», дейді зауыт басшысы.
Дегенмен мұнда белгілі бір қиындықтар да бар. Мәселен, темір, мырыш, марганец, молибден және басқа да қажетті элементтер біздің жер қойнауымызда болғанымен, кәсіпорын барлық шикізатты шетелден сатып алып отыр. Шикізаттың импортталуы өнім құнының көтерілуіне әсер ететіні белгілі. «Бізде осы элементтердің барлығы, тіпті өндіру кезінде де қалыптасқан периодтық жүйе бар, бірақ терең өңдеу жоқ. Мысалы, елде мысты көп мөлшерде өндіреміз, бірақ ол тек шикізат ретінде сатылады. Оны шетелдіктер сатып алып, терең өңдеп, қажетті мақсатқа пайдаланады», дейді Рүстем Әлиев.
Кәсіпорын еліміздегі тыңайтқыш өндіретін компаниялардың ішінде үздік ондыққа кіреді. Ауыл шаруашылығындағы негізгі талаптарды сақтай отырып, фермерлердің шығынын азайтуға көмектескен кәсіпорын алдағы уақытта өз өнімінің жылдық үлесін өсіруді көздейді.