• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Шілде, 2024

Әңгіме арқауы – АЭС

133 рет
көрсетілді

Оралда атом электр стансасын салу жос­парын талқылаған жиын өтті. Жа­рия талқылауға жер­­­гілікті мәсли­хат депутаттары, атқа­­рушы билік, қо­ғам­дық кеңес­тер, та­би­ғат қор­ғау ұйым­дары өкіл­де­­рі, энергети­ка сала_­сын­дағы же­­тек­ші мамандар, ғалымдар мен бел­сенді тұр­ғын­да­р қа­тыс­ты.

Спикерлер еліміз атом энергетикасын дамыту жоспары, сондай-ақ атом электр стансасы құ­ры­лысының қауіпсіздігі, эко­ло­гия­лық тазалығы және эконо­ми­калық тиімділігі жайында айтып өтті.

Дәл қазір елде атом электр стансасын салу өте маңызды деп санайды еліміздің Энергетика министрлігінің өкілдері. Себебі елде электр қуатын тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. Ал бұған дейін электр қуатын беріп келген құрылым әбден тозған.

«Негізінде атом электр стансасы, ең алдымен, электр энергиясы қуатын өндіру үшін керек. Біз елімізге келешекте керек энер­гия­ның қамын қазірден ойлауымыз қажет. Әрине, атомнан басқа да электр стансаларын салуға жоспарларымыз бар. Болашақта шекаралас елдерден электр энергия­сын тасымалдамай, өзімізді өзіміз қамтамасыз ету үшін осындай мәсе­ле қарастырылып жатыр», дейді Энер­гетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі депар­таменті директорының орынба­сары Гүлмира Мұрсалова.

Ядролық физика институ­ты­ның же­текші ғылыми қызметкері Данияр Жансейітовтің айтуынша, қазір бізге әлемдік 4 компания өзінің атом электр стансаларын ұсынып отыр.

«Бұл стансалардың реакторлары әртүрлі болғанымен, жұмыс істеу қағидаты бір. Тек ме­ханизмдерінде ғана сәл айыр­машылық болуы мүмкін. Ал персоналдың жалпы саны бар­лығында бірдей», дейді.

Жария талдауға қатысқан қо­­ғам белсенділері атом электр стан­­­сасын салатын компанияны мұқият таңдау қажет екенін айтады. Олар, әсіресе қауіпсіздік мәсе­лесіне алаңдайды.

«Жалпы, көп адам атом электр стансасының қауіптілігі тура­лы айтады. Алайда әлемнің көп­те­ген елінде атом энергиясы бел­сенді қолданылады. Мысалы, Францияда барлық электр энер­гиясының 72%-ын атом электр стансалары өндіреді. Жиі жер сілкінісі болатын Жапония электр энергиясының 40%-ын атом электр стансаларынан алады. Тіпті әлемдегі ең дамыған елдердің бірі АҚШ-та да жыл са­йын бірнеше жаңа энергия блогі пайдалануға беріледі. Әлемдік нарыққа шығу үшін әлемдік жеткізушілер өз технологиясын сенімді етуге тырысады. Жаңа стансалардың сенімділігі мен беріктігі артып келеді», деп атап өтті эколог Орынбасар Тоғжанов.

Жиында сөз алған сарапшылар жаңадан салынатын стансалардың қауіпсіздігіне алаңдауға негіз жоқ дейді. Өйткені атом электр стансаларын салу үшін қарастырылып жатқан технология – 3 немесе 3+ буын реакторлары қауіпсіздіктің барлық талабына жауап береді және экономикалық көр­сет­кіш­тері жағынан әлдеқайда жақ­сар­тылған. Ал бұл дәстүрлі жылу электр стан­са­ларымен салыс­тыр­ғанда, атмосфераға зиянды қал­дықты аз бөледі.

«Өркениетті ел болу үшін бізге осындай энергия көзі қажет екенін халық түсінеді деп ойлаймын. Біз атом дегеннен қорқып қалған халық­пыз. Бүгінгі әңгімеден көріп отырмын, кейбір атом электр стансасының қауіпсіздігі өте жоғары екен. Бұл шындық болса, қорқатын ештеңе жоқ деп ойлаймын. Мен атом электр стансасын салуды толық қолдаймын. Бірақ қай мемлекетке салдыру қажеттігін ойлануымыз ке­рек», деді «Нарын қасіреті» қо­ғамдық қорының төрағасы Хайролла Сабыров.

Атом электр стансасының салыну мәселесі осы күзде бүкіл­халықтық референдумда шешілуі мүмкін.

 

Батыс Қазақстан облысы