Бүгінде жастар экология мен климат мәселелерін жиі айтып қана қоймай, белсенді әрекет етіп жатыр. Әсіресе түрлі жоба мен акцияны ұйымдастырып, ел халқының экологиялық мәдениетінің ілгерілеуіне сеп болып жүр. Осы орайда «Local Conference of Youth on Climate Change» үйлестірушісі, табиғат жанашыры Мұхтар АМАНБАЙҰЛЫМЕН әңгімелесудің сәті түсті. Жас көшбасшы климаттың өзгеруі және оның салдары туралы кеңінен айтып берді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айындағы үндеуінде елдегі су тасқынын соңғы 80 жылдағы ең үлкен табиғи апат деп атады. Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы не айта аласыз?
– Айтып келмеген апаттың зардабын көрдік. Жауапты өкілдер төтенше жағдайдан абдырап қалған халыққа әлі де көмектесуін жалғастыруда. Енді біз елді есеңгіреткен жағдайдан сабақ алып, болашақта осындай апаттардың алдын алудағы тиімді іс-шараларды әзірлеуге және енгізуге, соның ішінде су бұру жүйелері мен қорғаныс құрылыстарын жақсартуға назар аударуымыз керек. Жаһандық жылыну Қазақстандағы су тасқыны жағдайына айтарлықтай әсер етіп, олардың жиілігі мен қарқындылығын күшейтті. Температураның жоғарылауы судың көбірек булануына және сәйкесінше жауын-шашынның көбеюіне әкеледі. Еліміздің кей өңірлерінде шамадан тыс мол жауын-шашын байқалды, бұл су тасқынын тудырды. Сонымен қатар температура мен жауын-шашынның жоғарылауына байланысты өзендер мен су айдындарының деңгейі көтеріліп, су тасқыны қаупін арттырды. Жаһандық жылыну Қазақстандағы су тасқыны жағдайын едәуір күшейтіп, болжай алмайтындай күйге жеткізді.
Климат өзгеруінің әсері мұздықтар еріп жатқан таулы аймақтарда ерекше байқалады. Бұл өзендерге ағып жатқан судың көлемін арттырып, су тасқынына да ықпал етеді. Жылыну су тасқыны кезеңдерін өзгерту арқылы өзен ағынының өзгеруіне сеп болып отыр. Әрине, қар мен мұздың ерте еруі көктемгі су тасқынына әкелу ықтималдылығы жоғары.
– Қалай ойлайсыз, болашақта бізде тағы қандай күрделі экологиялық проблемалар болуы мүмкін?
– Жақын арада бізді климаттың өзгеруі мен антропогендік әрекеттерден туындаған бірнеше маңызды экологиялық проблема күтіп тұр. Біріншіден, құрғақшылық пен су тапшылығы үлкен қауіпке айналады. Климаттың өзгеруіне байланысты біраз аймақтар ұзақ уақыт құрғақшылыққа тап болады. Сәйкесінше, бұл су тапшылығына әкеледі және ауыл шаруашылығына, ауызсумен жабдықтауға, экожүйеге үлкен әсер етеді.
Екіншіден, ауа сапасының нашарлауы да үлкен проблемаға айналады. Урбанизация мен өнеркәсіптік өндіріс қарқынының өсуімен біз қалалардағы ауа сапасының нашарлауын байқап отырмыз. Жалпы, бұл тыныс алу жүйесі мен жүрек-қан тамырлары ауруларының көбеюіне әкеледі. Ірі қалаларда тұрғындар аллергиядан және жоғарғы тыныс жолдарының ауруларынан зардап шегеді.
Сонымен қатар биоәртүрліліктің жоғалуы тағы бір маңызды экологиялық проблема тудырмақ. Яғни климаттың өзгеруінен кей жануарлар мен өсімдіктер жойылуы ықтимал. Кейбір жануарлар мекендейтін орнын өзгертуі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, экожүйе өзгереді.
Сондай-ақ дауыл, тайфун, торнадо және қатты нөсер сияқты экстремалды ауа райы оқиғаларының жиілігі көптеген қирау мен адам шығынына әкеледі. Оған осы тосыннан келіп тұрғындарды тосырқатқан су тасқынын жатқызуға болады.
Теңіз деңгейінің көтерілуі де үлкен қауіп төндіреді. Полярлық мұздар мен мұздықтардың үздіксіз еруі жағалау аймақтарын су басып, миллиондаған адамдар қоныс аударады. Жерді дұрыс пайдаланбау және климаттың өзгеруі көптеген аймақтың, әсіресе құрғақ аймақтың шөлейттенуіне әкеледі. Бұл құнарлы жерлерді азайтады әрі азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етеді.
– Орталық Азия елдеріне ортақ ең үлкен экологиялық проблема қандай?
– Ең біріншісі – су тапшылығы. Су ресурстары қазірдің өзінде тапшы және климаттың өзгеруі бұл мәселені күшейтеді. Тянь-Шань мен Памир тауларындағы мұздықтардың азаюы Сырдария мен Әмудария сияқты өзендердегі су көлемін азайтады, бұл аймақтағы миллиондаған адамдардың сумен қамтамасыз етілуіне қауіп төндіреді.
Орталық Азия аймағы шөлейттенуге бейім. Жерді дұрыс пайдаланбау, мал жаю және климаттың өзгеруі топырақтың деградациясына және құнарлы жерлердің азаюына әкеліп соғады. Сондай-ақ Алматы және Ташкент сияқты ірі қалаларда өнеркәсіптік өндіріс, көлік және сапасыз отынды пайдалану салдарынан ауаның ластану деңгейі өсіп жатыр. Бұл халықтың денсаулығын нашарлатады және тыныс алу жүйесі ауруларын көбейтеді.
Тағы бір маңызды мәселе – қалдықтар. Жылдам урбанизация және халықтың өсуінен қоқыс та көбейіп жатыр. Ал оларды қайта өңдеу және кәдеге жарату үшін инфрақұрылымның жеткіліксіздігі топырақ пен су объектілерінің ластануына әкеледі. Осы секілді өткір мәселелер Орталық Азия елдерінің ең үлкен проблемасына айналуы мүмкін. Бұл қиындықтарды тек күш-жігерімізді біріктіріп, шешуіміз қажет.
– Ел жастарының климат мәселелеріне қатысты көзқарасы туралы не айта аласыз?
– Біз жастарды климаттың өзгеруімен күресуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жобаларды талқылауға және әзірлеуге белсенді түрде тартып жүрміз. Әдетте Орталық Азияның әртүрлі аймағынан келген жастар өзекті экологиялық мәселелерді талқылау, инновациялық шешімдерді ұсыну және оларды жүзеге асыру үшін қажетті дағдыларды дамыту үшін бас қосады.
Маған қазіргі жастардың экологияға, жалпы табиғатты аялауға деген көзқарасы өте қатты ұнайды. Байқасаңыз, көпшілігі қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түрлі науқан мен жобаның басы-қасында жүреді. Өйткені олар бұл мәселелердің маңыздылығын анық түсінеді және оны шешуге өз үлесін қосуға тырысады. Біздің конференциялар мен іс-шараларда белсенді түрде өз идеяларымен, білімімен, тәжірибесімен бөлісуге тырысады. Сәйкесінше, біз де әртүрлі аймаққа баруға және әртүрлі жол арқылы проблема туралы хабардарлықты арттыруға тырысамыз: дәрістер өткіземіз, климаттық ойындар ойнаймыз және фильмдер көрсетеміз, экологиялық мәселелерге назар аударамыз.
Сондай-ақ бастамаларымызды іс жүзінде жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін халықаралық ұйымдармен және жергілікті билік органдарымен ынтымақтық орнатамыз. Жастар тек проблемалар туралы айтып қана қоймай, белсенді әрекет ететінін атап өткен жөн. Жаһандық экологиялық және климаттық сын-қатерлер жағдайында әр азамат өзгерістердің көшбасшысы болуға, жобаларды бастауға және осы мәселелерді шешуге көмектесетін инновацияларды енгізуге ұмтылуы қажет.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескендер –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»,
Мәрия МҰРАТОВА,
«Жастар» ҒЗО сарапшысы