Отандық грек-рим күресі шеберлері Олимпия ойындарында толағай табысқа қол жеткізгенін көзіқарақты көрермендер жақсы біледі. Кезінде Валерий Резанцев (1972, 1976 жылдары) екі дүркін Олимпиада чемпионы атанса, Анатолий Колесов (1964), Анатолий Быков (1976), Жақсылық Үшкемпіров (1980) және Шәміл Серіковке (1980) бұл белес бір мәрте бағынды. Владимир Бакулин (1968), Анатолий Быков (1980) және Дәулет Тұрлыханов (1988) күміс медальды иеленді. Бірақ бұл жүлделердің барлығы да келмеске кеткен КСРО-ның еншісінде қалды. Оған дара туған Дәулеттің ТМД құрамасы сапындағы Барселона Олимпиадасының қола медалін қосыңыз.
Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін жалғыз ғана алтынға қол жеткізгеніміз мәлім. 1996 жылы Атланта Олимпиадасының финалында жергілікті балуан Деннис Холды алып ұрған Юрий Мельниченко алыстағы Америкада Қазақ елінің әнұранын шырқатты. Ғасырлар тоғысындағы Сиднейдегі сайыстан қоржынымыз бос қайтса, 2004 жылы Афинада қос саңлағымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Ежелгі Эллада елінде Георгий Цурцумия күміспен күптелсе, Мхитар Манукян қоланы еншіледі. 2008 жылы Бейжіңде Нұрбақыт Теңізбаев үшінші орынға табан тіреді. Бірақ арада біраз уақыт өткен соң әзербайжандық Вугар Рагимовтің допинг қолданғаны анықталып, ол атағынан айырылды. Сөйтіп, Нұрбақыт қола медалін күміске алмастырды. 2012 жылы Даниял Гаджиев үздік үштікті түйіндеді. Ал 2016 және 2021 жылы Рио-де-Жанейро мен Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарынан «классиктеріміз» құралақан оралды.
Отандық грек-рим күресі шеберлерінің кейінгі екі Олимпиададағы сүреңсіз өнері көрермен көңіліне селкеу түсірді. Әдетте «Балуандар елінің ұрпағымыз» деп мақтанатын едік. Алайда Бразилия мен Жапонияда өткен жарыстарда жігіттеріміз жігерсіздік танытып, өз жанкүйерлерін жерге қаратты. Францияның бас шаһарында өтетін жарыстарда соңғы кездердегі сәтсіздіктің сеңін сөгіп, олқылықтың орнын толтыру миссиясы Қазақстанның төрт апайтөсіне жүктеліп отыр. Ал енді «Сенім артқан серкелеріміз Парижде еліміздің көк байрағын желбірете ала ма, олардың осы додадағы басты қарсыластары кімдер болады?» деген мәселені талқыға салайық.
60 кг салмақ дәрежесінде Айдос Сұлтанғали сайысқа түседі. 28 жастағы Сыр бойы саңлағы 2018 және 2022 жылдардағы әлем чемпионаттарында қола медальды мойнына ілсе, 2021 жылы Азия чемпионы атанды. Олимпия ойындарына ол алғаш рет қатысқалы отыр. Осыдан үш жыл бұрын Токиодағы тартыста ел намысын Мейрамбек Айнағұлов қорғады. Өзінің басты бәсекелесінен басым түскеннен кейін Айдос Парижде өнер көрсететін балуандардың тізіміне қосылды.
Аса жеңіл салмақта жұлдыздардың қалың шоғыры күреседі. Солардың арасынан жапониялық Кеничиро Фумита мен қырғызстандық Жоламан Шаршенбековтің есімі ерекше аталып отыр. 28 жастағы Күншығыс елінің өкілі Токио Олимпиадасында күміс медальды иеленді. Финалда оны ұтқан кубалық Луис Орта Санчес басқа салмаққа ауысты. Фумитаның екі дүркін әлем чемпионы (2017, 2019), сол жарыстың күміс (2023) және қола (2022) жүлдегері деген атағы бар. Жапон жігіті Азияда да екі рет алдына жан салмады.
Қырғыздың қыраны кейінгі екі әлем чемпионатында (2022, 2023) қарсылас шақ келтірмесе, оның алдындағы екі жарыста (2018, 2021) күміс медальды олжалады.
60 кг салмақта күресетін өзге балуандар: Садық Лалаев (Ресей), Георгий Тибилов (Сербия), Мехди Мохсен Неджад (Иран), Райбер Родригес (Венесуэла), Кевин де Армас (Куба), Әбделкәрім Ферат (Алжир), Моамен Мохаммед (Мысыр), Энес Базар (Түркия) және Сеунг Ри (Солтүстік Корея).
67 кг салмақтың көшбасшысы Мейіржан Шермаханбет лицензияға иелік ете алмады. Сол себепті Париждегі дода Қазақстан балуандарының қатысуынсыз өтеді. Бұл салмақ дәрежесінде екі Олимпиада чемпионы бар. Олар – ирандық Мохаммед Реза Гераеи мен кубалық Луис Орта Санчес. Токиода алғашқысы 67 кг, екіншісі 60 кг салмақта топ жарды. «Мәңгі тозбас» атақтан бөлек Гераеи әлем чемпионатының толық медальдар жиынтығының иегері (2021 – алтын, 2022 – күміс, 2023 – қола), Азия ойындарының қола жүлдегері (2018), құрлық чемпионы (2019). Санчес – әлем чемпионы (2023), Панамерика ойындарының қола жүлдегері (2019), Панамерика чемпионатының үш дүркін (2018, 2019, 2023) жеңімпазы.
22 жастағы Әзербайжанның жас жұлдызы Хасрат Жафаровтың да қарқыны керемет. Былтырғы әлем чемпионатының финалында ол атағы жер жарған Луис Орта Санчестен ғана ұтылды. Оның алдында аталған жарыстың қола медалін мойнында жарқыратты. Кейінгі екі Еуропа чемпионатында да Жафаровты ешкім жеңе алмады. Сондай-ақ Олимпиаданың күміс және қола жүлдегерлері – украиналық Парвиз Насибов пен мысырлық Мохамед Әлсайед, әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілген сербиялық Мате Немес пен грузиялық Рамаз Зоидзенің де айтары бар.
67 кг салмақта күресетін өзге балуандар: Славик Галстян (Армения), Нестор Альманса (Чили), Андре Монтано (Эквадор), Сулейман Наср (Тунис), Исхак Гайру (Алжир), Мамадасса Сила (Франция), Киотаро Согабе (Жапония), Амантұр Исмаилов (Қырғызстан) және Валентин Петрик (Молдова).
77 кг салмақ дәрежесінде де марқасқалар аз емес. Жалғыз Ақжол Махмудовтың өзі неге тұрады! Қырғыздың бағына туған балуан 2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында күміс медальды мойнына ілді. Содан кейін екі дүркін әлем, үш дүркін Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Бірер жыл «Акула» атанған арынды жігіттің қарқынына ешкім төтеп бере алмады. Тек биыл көктемде Бішкекте өткен Азия біріншілігінің ақтық сынында Махмудов өз жерінде, өз елінде, өз жанкүйерлерінің көз алдында ойда-жоқта жапониялық Нао Кусакадан жеңілді. Барша жұрты бұл сәтсіздікті сенсацияға балады. Бәзбіреулер «Акуланың» басынан бағы тайды, оның дәуірі аяқталды» деп топшыласа, енді біреулер «Даңқты спортшы Олимпиаданың қарсаңында «көзірлерін» ашпау үшін Кусакадан әдейі жеңілді. Күрестің «көкесін» ол Парижде көрсетеді!» деген пікір айтты. Ақжол қазір 25 жаста. Оның нағыз қылшылдап тұрған шағы.
Бұл салмақта түркиялық Бұрхан Ақбұдақ (әлем чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы), әзербайжандық Санан Сулейманов (әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы) және мажарстандық Левай Золтанның да (әлем және Еуропа чемпионатының финалисі) Парижге жай қыдырып қайту үшін бармағаны анық. Оған түрлі мемлекеттердің туы астында өнер көрсетіп жүрген ұлты армян үш балуанды қосыңыз. Олар – армениялық Малхас Амоян (әлем чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы), өзбекстандық Арам Варданян (әлем чемпионатының күміс жүлдегері) және болгариялық Айк Мнацаканян (әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері).
Міне, біздің Демеу Жадыраевқа осындай атағынан ат үркетін апайтөстермен айқасуға тура келеді. Десек те Жетісу облысы Жаркент өңірінің балуаны да «қара жаяу» емес. 34 жастағы сақа спортшы талай ірі дүрмектерде ысылған. Ол – әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия біріншілігінде екі рет жеңіс тұғырына көтерілді, Токио Олимпиадасында бақ сынады.
77 кг салмақта күресетін өзге балуандар: Йосванис Пенья Флорес (Куба), Джаир Куэро (Колумбия), Абделькрим Оанкали (Алжир), Махмуд Әбделрахман (Мысыр), Джонни Саркиннен (Финляндия) және Амин Кавианинежад (Иран).
87 кг салмақта Нұрсұлтан Тұрсыновқа сенім артылып отыр. 33 жастағы Семей өңірінің тумасы да Токиодағы ойындарда өнер көрсеткен. Бірақ қадамы сәтті болмады. Енді осы жолы қазақ балуаны өзіне берілген мүмкіндікті ұтымды пайдаланады деген ойдамыз. Осыған дейін Азия чемпионатында 1 алтын, 2 күміс және
2 қоланы олжалаған Нұрсұлтан Парижде атой салады деп үміттенеміз.
2016 жылы Рио Олимпиадасында күміс және 2021 жылы Токио Олимпиадасында алтын алған Жан Беленюк өзінің үшінші жарысына аттанып барады. 33 жастағы Украинаның мақтанышы әлем чемпионаттарында 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медальды иеленсе, Еуропа біріншіліктерінде 3 алтын мен 3 қоланы қоржынға салды. Еуропа ойындарында 1 алтын мен 1 күмісті еншіледі. Былтырғы Белградтағы әлем чемпиондары түркиялық Әли Ченгиз бен грузиялық Давид Лошонци, сол жарыстардың жүлдегері болгариялық Семен Новиков пен ирандық Әлиреза Мохмамадпианидің (Иран) де көздегені бас жүлде. Сарапшылардың пайымдауынша, Парижде жеңіс тұғырына көтерілуге ең лайықты «классиктер» – осылар. Бұл салмақта Рафиг Гусейновтің де барын ұмытпайық. Әзербайжанның өкілі – Токио Олимпиадасында (1 күміс ), әлем (2 алтын, 1 күміс) мен Еуропа (3 алтын, 1 қола) чемпионаттарында, Еуропа ойындарында (1 күміс) атой салған балуан. Десек те 36 жастағы ардагер спортшыға жас жолбарыстармен арпалысу оңай болмасы анық.
87 кг салмақта күресетін өзге балуандар: Спенсер Вудс (АҚШ) Карлос Мунос (Колумбия), Башир Сид Азара (Алжир), Мохамед Метвалли (Мысыр), Александр Комаров (Сербия), Милад Әлирзаев (Ресей), Хайтао Цянь (Қытай), Кирилл Маскевич (Беларусь) және Аркадиуш Кулинич (Польша).
Ғаламдық додада 97 кг салмақ дәрежесінде күш сынасатындар арасында тау тұлғалар аз емес. Ең бірінші кезекте Артур Алексанянды атап өткен жөн. Ол Олимпиадада 3 рет (1 алтын, 1 күміс, 1 қола), әлем чемпионатында 7 рет (4 алтын, 3 күміс) және Еуропа чемпионатында 10 рет (7 алтын, 2 күміс, 1 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. Еуропа ойындарының жеңімпазы деген атағы тағы бар. Осы жайттың барлығын ескерсек, 32 жастағы Гюмридің тумасын Париж Олимпиадасының сөзсіз фавориті деп есептеуге болады.
Былтырғы әлем чемпионатында Арменияның алыбына Габриэль Розильо жер сипатып кеткен еді. Соған дейін тек Панамерика ойындарының жеңімпазы деген ғана атағы болған Куба қабыланы осы жолы да сол нәтижесін қайталауға тырысатыны сөзсіз. Сондай-ақ чемпиондық атақтан үміткерлер қатарында ирандық Мохаммадхади Саравидің де (Олимпиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионы, сол жарыстың екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы) есімі аталып отыр.
97 кг салмақта күресетін өзге балуандар: Абубакар Хаслаханов (Беларусь) Магомед Мұртазалиев (Ресей), Кевин Мехиа (Гондурас), Алан Вера Гарсиа (АҚШ), Фади Руаба (Алжир), Мохамед Габр (Мысыр), Роберти Коблиашвили (Грузия), Миндаугас Венцкайтис (Литва), Рустам Ассакалов (Өзбекстан), Сынчжун Ким (Оңтүстік Корея), Арви Саволайнен (Финляндия) және Узур Жүзупбеков (Қырғызстан).
130 кг салмақта біз тарихи оқиғаның куәсі болуымыз әбден мүмкін. 41 жастағы Михаин Нуньес Лопес өзінің алтыншы Олимпиадасына аттанып барады. 2004 жылы ол ширек финалда сүрінсе, одан кейінгі ойындарында қарсылас шақ келтірген жоқ. Осылайша, Кубаның алыбы жапониялық әйелдер күресінің шебері Каори Итенің көрсеткішін қайталады. Ал ерлердің бірде-біреуіне ондай бақ бұйырмаған еді. Тіптен даңқы жер жарған Ивар Юханссон, Карл Вестергрен, Александр Медведь, Александр Карелин, Бувайсар Сайтиев сынды саңлақтарға бұл белес бағынбады. Төртінші рет теңдессіз деп танылған Лопес енді бес дүркін Олимпиада чемпионы атануды көздейді.
Бірақ бас жүлдені олжалау Михаин Нуньес Лопеске оңай болмайтыны анық. Себебі бұл жарыста оның екі басты қарсыласы бар. Олар – Риза Каяалп пен Әмин Мирзазаде. 34 жастағы Түркияның тарланбозы Олимпиадада 3 рет (1 күміс, 2 қола), әлем чемпионатында 10 рет
(5 алтын, 2 күміс, 3 қола) және Еуропа чемпионатында 13 рет (11 алтын, 2 күміс) үздіктер қатарынан көрінді. 26 жастағы Иранның пехлеваны – әлем чемпионы және сол жарыстың күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы және құрлықтық екі дүркін чемпионы. Қалған алыптар оларға жарытып қарсылық көрсете алмайды деп ойлаймыз.
130 кг салмақта күресетін өзге балуандар: Әделатиф Мохамед (Мысыр), Линчжэ Мэн (Қытай), Колтон Шульц (АҚШ), Ясмани Акоста (Чили), Әмин Генники (Тунис), Усама Ассад (Марокко), Сергей Семенов (Ресей), Әлімхан Сыздықов (Қазақстан), Сынчан Ли (Оңтүстік Корея), Алин Алексук Чурариу (Румыния), Сабах Шариати (Әзербайжан) және Павел Хлиньчук (Беларусь).