Егер қажет деп тапсаңыз, уақытты «тоқтатып қоятын» бір жер бар. Қазір уақыт қарбалас болса да, өзіңмен-өзің қалып, ішіңе үңілетін орын қалса, ол кітапхана шығар. Бізде ғана емес, әлемдік ахуал солай. Ал кітапханаға кірсең, кеңістік басқа. Байыздап, өзімен-өзі кітап оқып отырған оқырмандарға қарап сүйсінесіз.
Иә, қоғамның алға жылжып, өрістеуі оның рухани деңгейімен тікелей байланысты. Сауаты, мәдениеті, білімі жеткен адам тұрмыстық жағдайын да қалауынша түзеп алуға қауқарлы әрі қоғамды да дамытады. Сол себепті әуелі мазмұн ту көтеруге тиіс қой. Ол мазмұнның ошағы отбасы мен мектеп болса, отаны кітапхана екені белгілі.
Ынталыға игілік мол
Бүгінде оқып, ізденем деген кісіге мүмкіндік өте көп. Алақанның аясындағы смартфоныңызға айдай әлем сыйып тұр. Жөңкілген керекті-керексіз ақпарат арасында электронды кітапханалар да бар. Тіркеліп алып кез келген кітапты оқи аласыз, тіпті кейбірін жүктеп алуға да болады. Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасының қоры казнеб.кз порталына қотарылған. Авторлардың рұқсатымен ең құнды деген еңбектер жүктелген. Алматыдағы Ұлттық кітапхана және еліміздегі көпшілік кітапхананың қорындағы дүниені осы портал арқылы оқи аласыз. Бүгінге дейін Қазақ ұлттық университеті мен Тіл білімі институтынан салалық еңбектер енгізілсе, қазір Түркі академиясымен келісімшарт жасалып жатыр екен. Меморандум арқасында аталған мекемелердің кітапхана қорлары казнеб.кз ұлттық порталына қойылады деген сөз. Сондай-ақ порталды пайдаланушылар қазір әлем бойынша 100 мемлекеттен асады. Сайтқа кіріп, кітап авторын я тақырыбын жазып, тауып ал да, сусыныңды қандыр, ешқандай кедергі жоқ. Бұл мыңнан бір мысал ғана. Жолға қойылған, қолға алынған қаншама жоба бар.
Мұны неге айтып отыр дейсіз ғой? Дереккөздері суша сапырылған осыншама ақпарат ғасырында мұнша рухани аштық орын алады деп кім ойлаған? Күні кеше ғана елімізде Ұлттық кітап күні жаңа мереке ретінде енгізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына байланысты 23 сәуірді Үкімет қаулысымен атаулы дата ретінде бекітті. Мұның сыртында «Бір ел – бір кітап», қаншама кітап көрмелері бола тұра осындай бастамаға бару оқырман ұлт қалыптастыру қажеттілігінен, қоғамды кітап оқуға бұрудан туып отырғаны айтпаса да түсінікті.
Қазіргі кітапханаларда оқырмандарға барлық жағдай қарастырылған. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға кірсеңіз, босағадан аттағаннан барақатты күйге душар боласыз. Ашық түсті әлемнің ана шеті мен мына шетінің қай тұсына болсын жайғас та, қалаған кітабыңа тапсырыс беріп, алдырып бас қоюға болады. Кітап ордасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы кітапхананың өзіне тән түсі барын айтады. Жарық сәуленің өзі бірнеше түске бөлінетіні, солардың ішінде оқуға шақыратыны бір бөлек екен.
Сонымен көпшілікті кітап оқуға қалай ынталандырып жатырмыз? Ең бірінші, кітап клубтары. Мәселен, Ұлттық кітапханада «Алқа» клубына сегіздегі баладан сексендегі қарияға дейін мүше. Аптасына бір рет, айына төрт рет кітап оқып, ой бөлісіп тұратын оқырмандардың екінші үйі – осы кітапхана. Түрлі форматтағы кітап клубтары – оқырман мен кітапханашыны етенелестіретін алтын көпір, бос уақытты бекер жібермеудің жақсы амалы.
Мұның сыртында республикалық, облыстық деңгейдегі үлкен кітапханаларда тіл курстары баршылық. Мәселен, Ұлттық кітапханада тегін тіл курстары ыңғайлы уақытқа қойылған. Жұмыстан кейін келіп қатыса бересіз, есесіне кітапханамен достық қарым-қатынас орнайды. Қазақ, ағылшын, француз, корей тілдеріне ынтаңыз болса, тегін курсқа жазыла аласыз. Кітапханаға бауыр басасыз.
Балалар секторының жұмысы да өте қызық. Мұнда ертегілермен қатар ғылыми-фантастикалық әдебиеттер қоры бай. Өндіріс пен өнеркәсіптің дамуына ықпал етуші осы қиял-ғажайып шығармалар екенін оқығандар жақсы білсе керек. Жалғыз-ақ Ыбырай Алтынсариннің «Бай мен жарлы баласы» есіңізде шығар? Үсеннің инені отпен иіп, қармақ жасағаны. Осыларды топ болып талқылап, санасына сіңірген бала заманауи фантастиканы да «жұта» алады. Мұның бәрі кітапхана ішіндегі көпшілікке бағытталған жұмыстардың бірен-сараны ғана.
Фестивальдар шеруі
«Алма піс, аузыма түс» дегендей, кітапхананы ашып қойып отыратын заман өткен. Заманауи талапқа сәйкес қазір республикалық, халықаралық кітап жәрмеңкелерінде баспалар өнімдерін жарнамалап, сатып, саудасын жүргізетінін көзімізбен көріп жүрміз. Жыл сайын қыркүйек айында елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана алдында ұзақты күнге созылатын «Kitap time» жалпы республикалық кітап фестивалі астаналықтар «айырылып-жыртылатын» айтулы іс-шараға айналды десек, артық емес. Мұндағы кітап саудасына қарап, «қазір баяғыдай оқырман жоқ» деген пікірдің терістігіне көз жетеді. Бір артықшылығы, аталған жәрмеңкеде кітап, автор, оқырман үштігі емен-жарқын кездесіп, ой бөлісе алады. Автордан қолтаңба алады, пікірлеседі, суретке түседі, шығарманың жазылу тарихынан, жеке өмірінен сыр шертіледі дегендей тағысын тағылар.
Мұның сыртында «Фолиант» баспасы ұйымдастыратын «Astana Eurasian Book Fair» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне барған елдің санында шек болмайды. Кейінгі екі жылда байқағанымыз бұл. Сәуір айында бір жеті бойы өтетін халықаралық іс-шарада кісі толастағанын көрген жоқпыз. Тіпті соңғы күндерінің өзінде кезекке тұрып, кітап сатып алып жатқан оқырмандардан көз сүрінеді.
Ұшақтағы ұлттық жоба
Ал басқа да қоғамдық орындардағы кітап насихатына келсек, әрине, жұмған аузымызды аша алмай қаламыз, әзірге. Бірақ Ұлттық академиялық кітапхананың қолға алған бірер жобасы – дәтке қуат. Техника дамымай тұрғанда бұрын қалай еді? Кітап оқу үшін міндетті түрде кітапханаға барып отыру керек болса, қазір көлік пен көшеде, аялдаманың арғы-бергі бетінде, саябақ пен скверде серуенде, тіпті әуеде кетіп бара жатып аудиокітап тыңдай беруге болатын мүмкіндік бар. Тек оларды іске қосу керек. Мысалы, Ұлттық кітапхана былтырдан бері «Air Astana» әуе компаниясымен келісіп, қазақ кітаптарын аспан әлемінің жолаушылары да тыңдай алатын жағдай тудырып жатыр. Бұл жоба биылдан қалмай алдағы күндерде іске қосылады. Әуе компаниясына Ұлттық кітапхана 50 контент ұсынған екен, қабылдаушы тарап әзірге 25-ін қабыл алып, борттағы медиа-құрылғыларына орналастыруға келіскен. Онда кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасымен жарық көрген батырлар жыры мен ауыз әдебиеті және классикалық шығармалар таңдалған. Қысқасы, ұлттық туындылар. Сіз елестетіп көріңіз, ұшаққа мінген жолаушы құлаққапты қыстырып, алдындағы экранды ақтармай қоймайды. Сонда қазақ жырлары мен қара сөздерінің аудиожазбасы сайрап тұрғаны айтарлықтай жаңалық емес пе? Әуе компаниясы әр автор немесе дауыс иесімен келісімшарт жасасқан, өзі болмаса, ұрпақтарының келісімін алған. Неге десеңіз, бұлар ұшақ борттарына тегін топтастырылады. Кітапхана мен әуе компаниясы меморандумында авторлардың интеллектуалдық иелігі, олардың құқығы сияқты заңнамалық нәрселер қарастырылған. Соның бәрі ескеріліп, сауатты жолға қойылғандықтан, былтыр қолға алынған жоба бүгінге дейін біраз уақыт алған. Бірақ, бұйырса, қызығын ел көретін атаулы жоба дер едік. Ресей осы уақытқа дейін ұшақ борттарына 200 кітабын жүктеп үлгерсе керек.
QR-кітапхана
Ұлттық кітапхана басшысы Ғазиза Құдайбергенқызы қолға алынуға тиіс тағы бірнеше жоба барын айтады. Ол – QR-кітапхана. Яғни көпшілік жүретін қоғамдық орындарда да оқырман қалаған кітабын оқи алатын жағдай тудыру. Жауын-шашын, қар мен боранға төтеп беретін штрих-код орнатып қойса, оқырман саябақ сияқты түрлі демалыс орындарында да түрлі жанрда жазылған кітапқа қол жеткізеді. Аталған жобада (QR-кітапхана) сегіз түрлі санаттағы кітаптарды топтастыру көзделген. Кәдімгі кітапты парақтағаннан гөрі кейбір жастар аудиокітапты қабыл көретіні жасырын емес. Нәтижесінде, оны да жасап, қаласа видеосын дайындап орналастыру да ойластырылған. QR әдеби хаб десе болатын бұл ұсыныс кітап оқуға ынталандыратын үлкен бастама ретінде елестейді. Әрине, жүзеге асыруға қаржылық қолдау керек.
Үлкен-үлкен сауда үйлерінде кітапbooks-тар орналастыру, көпшілік жерлерге, әуежайларға кітап бұрыштарын ашу, тіпті әр мекеменің көрнекі жеріне кітап бұрыштарын қою сияқты жұмыстарды қолға алу – алдағы күндердің еншісіндегі игіліктер. Ұлттық кітап күнін маңдайға ала отыра оқуды насихаттауды үздіксіз жүргізудің жолы екенін айтады біздің кейіпкер.
* * *
Өткен ғасырдың 70-80-жылдарында көпшілік арасында кітап оқу мода болғаны соншалық, кітап ең құнды сыйлыққа айналғанын көреміз. Қазір осы дәстүрді жолға қоя алсақ игі. Қазақта оқыған, мәдениетті адам деген сөз бар. Аса ардақты сөз. Өйткені оқыған, рухани толық адам – қоғамды алға бастырушы ғана емес, мемлекеттің байлығы. Демек жылтыраған сайқымазақ, әнші-сымақтарды емес, оқығандарды насихаттасақ озамыз.