• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 09:12

«ҚазМұнайГаздың» «Жарқын Болашақ» гранттық білім беру бағдарламасы жүздеген жаңаөзендік жеткіншектің жолын ашты

71 рет
көрсетілді

Еліміздің экономикалық дамуы үшін жұмыссыздық деңгейі төмендеп, білім сапасы жоғары болуы керек екені белгілі. Әсіресе аймақтарды, соның ішінде бір саланың өндірісі төңірегіне шоғырланған моноқалалардың әлеуетін көтеру аса маңызды. Осы орайда «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ қолдауымен Маңғыстау өңірі мен Жаңаөзен жастары үшін іске асырылып жатқан «Жарқын Болашақ» бағдарламасының орны бөлек. Іргелі жобаның мақсаты мен ерекшелігі туралы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ әңгімелеп берді.

– Жаңаөзен қаласы Қазақ­стан­ның жаңа тарихында ерекше орын алады. Қазір бұл қалада тек ресми дерек бойынша 160 мыңнан аса халық тұрады. Халық саны күн санап өсіп келеді. Сонымен қатар мектеп инфрақұрылымының жетіспеуі мен кейбір маңызды пәндерді оқытатын жоғары білік­ті мамандардың тапшылығынан Жаңаөзен қаласындағы білім беру сапасы да ақсап тұр. Қазақ­стандық және халықаралық білім сапасын анықтайтын зерттеулер нәтижесінде кейінгі жылдары Маңғыстау облысы, соның ішінде Жаңаөзен қаласының білім деңгейі ұдайы кенже қалып келеді.

Осы жағдайды ескере келе, мұнай өндірісі саласының төңі­регіне шоғырланған өңірдегі бі­лім сапасын арттыру және қала мен Маңғыстау облысы жас­өспі­рімдерінің әртүрлі заманауи маман­дық алуына жағдай жасайтын арнайы бағдарлама жасалды. Осы «Жарқын Болашақ» деп аталатын гранттық білім беру бағ­­дарламасының бас демеушісі «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компания­сы (ҚМГ) болды.

Бағдарлама аясында Жаңа­өзен қаласы мен Маңғыстау облы­сы­ның бірнеше ауданының жоға­ры сынып оқушылары еліміз­дің түрлі аймағындағы ірік­теулі оқу орындарында білім алып жатыр. ҚМГ бағдарламасына қатыса­тын балалардың оқу ақысы, жол шығыны, жатақханасы мен жо­ға­рылатылған шәкіртақысы тө­ле­ніп, тіпті қосымша білім алу мүм­кіндіктері де қарастырылған. Бү­гін­гі күні оқуды аяқтаған түлек­терге ҚМГ тарапынан жұмысқа орна­ласуға да көмек көрсетіліп, әлеу­меттік тұрғыдан бейімделуге қол­дау бар.

– Бағдарламаға қанша бала қатысып жатыр, олар қай өңір­дің оқушылары?

– Қазір 674 оқушы Қазақстан­ның 11 өңіріндегі 56 білім беру ұйы­­мында білімін жетілдіріп, ауыз толтырып айтарлық жетістіктер­ге жетіп отыр. Келер оқу жылын­да­ғы бағдарламаға қатысатын оқушы­лардың жалпы саны мыңнан асады.

Бұған дейін бағдарламаға Жаңа­өзен қаласымен бірге Маң­ғыстау облысының Түпқараған, Маң­ғыстау, Қарақия аудандарының 12-22 жас аралығындағы жастары ғана қатысса, биылғы оқу жы­лында Маңғыстау облысының Бей­­неу, Мұнайлы аудандарының өрен­деріне де осы мүмкіндік берілді. Атап айтсақ, 15 жастан бастап балаларымыз үздік техникалық және кәсіптік білім беретін колледждерге, 12 жастағы жас жеткін­шек­тері­міз еліміздегі маңдайалды мектеп-интернаттарға түсе алады. 2024-2025 оқу жылына 730 өтініш келіп түсті.

– Оқу орындарын оқушылар өздері таңдай ала ма?

– Иә, оқушыларға 11 өңірде ор­на­ласқан 56 оқу орнын таңдау мүмкіндігі берілген. Ол үшін ереже бойынша арнайы емтихан тапсырып, тиісті балл жинау қажет. Өнер бағытын таңдаған талапкерлер шығармашылық емтиханнан өтеді. Медицина және педагогика саласындағы оқу орындарына талап ерекше жоғары және оқу қиын екені мәлім.

– ҚМГ грант иегері атанып, оқуға түскеннен кейін бала­лар­ға тағы қандай мүмкіндіктер жасалған?

– Грант иегерлеріне бағдарла­ма үйлестірушілері толығымен ақ­па­раттық, логистикалық және пси­хологиялық қолдау көрсетіп оты­рады. Олармен үнемі байланыста болып, бағыт-бағдар береді. ҚМГ бағдарламасының аясында білім ордасындағы оқушының оқу ақысы төленеді, колледжде оқитындарға жоғарылатылған шәкіртақы тағайындалады, оқу демалысындағы жүріп-тұруына жол шығындары өтеледі. Сту­денттердің уақытын тиімді әрі бел­сенді ұйымдастыру үшін көптеген пайдалы, жан-жақты тұлғалық да­муға бағытталған іс-шара ұйым­дастырылады.

– Оқушының оқу орнындағы үл­геріміне талдау жасала ма?

– Әрине. Бағдарламаға қаты­са­тын оқушылардың оқу үлгерімі, тұлғалық жеке дамуы, денсаулы­ғы, психологиялық ахуалы ұдайы бақылауда болады. Алыстан келген, шетке шығып үйренбеген ауыл баласы еліміздегі жетекші білім ордаларындағы ең озық оқу­шылармен бірге оқып, қатар жүргенде, адаптациядан жылдам өтеді. Оған тәрбиелі де білімді орта, әлбетте, жағымды әсер етеді. Грант иегерлерінің оқу үдерісіндегі үлгерім нәтижелерін салыстырып, оқу жылындағы өзгерістерді әр­дайым бақылаймыз. Өз бетінше ойлана білу қабілетін дамытып, әр тақырып аясындағы терең түсі­нік қалыптастыру дағдыларын да орнықтыруға тырысамыз. Мәсе­лен, 2023-2024 оқу жылында колледжде оқитын студенттердің I-ІІ семестрдегі оқу үлгерімдерінің орта­ша көрсеткіштерін салыс­тыр­ғанда, оқу жылының соңында 2,65%-ға өскен. Мектеп-интер­нат­тарда білім алып жатқан оқушы­лардың I-IV тоқсан аралығындағы оқу үлгерімінің орташа көрсеткіші 4,9% өсімге жетті.

– Оқуын аяқтағаннан кейін түлектерге қандай көмек көрсе­тіледі?

– Былтыр бағдарламаны екі ­тү­лек бітірді. Қазір олар темір­жол саласында жұмыс істеп жүр. ­Биыл оқу орнын аяқтайтын 118 тү­лек­тің 36-сы студент, 82-сі оқушы. ­1 тү­лек Алтын белгімен бітірсе, ­6-ауы қызыл аттестат, 5-еуі колледжде қы­зыл диплом алды. Бұл – батыс­тан келген оқу­шылардың білім дең­гейіндегі айтарлықтай жетістік.

Бағдарлама аясындағы білім алушылардың Ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа көрсеткіші ­Маң­ғыстау облысындағы оқушы­лар­дың деңгейінен 12,3 балға жоғары екені анықталды. Сапалы да терең білім алған түлектер ар­ман­даған жоғары оқу орнына түсіп жатыр. Оқуын өндіріс­пен ұш­тастыра отырып, дайындық­тан өткен студенттер маман ретінде қалыптасып, еңбек нарығына уақтылы қосылып жатыр.

– Грант иегерлері жақсы нә­тижеге жетіп отыр екен. Олар­дың жұмысқа орналасуы­на қолдау көрсету жағын ескере­сіздер ме?

– ҚазМұнайГаздағы бағдар­ла­ма кураторы Қазақстан Респуб­ли­касының Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментімен бірлесе отырып, колледждің өндірістік оқыту әдістемесінің барлық талабын меңгерген студенттердің өз кәсі­бін тауып, жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі. ҚМГ тапсырмасымен еліміздің 10 өңірін­дегі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен ынтымақтас­­тық жөнінде меморандумға қол қой­дық. Үйлестірушілер бітірген ­тү­лек­терге бағыт-бағдар көрсе­теді. Ал жұмысқа орналасу туралы шешімді түлектер өзі бетін­ше қабылдайды. Бірақ оларды жұмысқа тұрғанға дейінгі қолдау, бағыттау біздің міндетімізге жатады.

– Иә, Маңғыстау облысы оқу­шы­ларының білім алуына, да­муына, өмірде тура жол табуына бар­­лық жағдайды жасап отырған ҚазМұнайГаздың «Жарқын Бола­шақ» гранттық білім беру бағ­дар­­ламасы алғыс жаудыруға әбден ла­йық екен. Бағдарлама болашақта да жалғасын табатынына сенімдіміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

 Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»