• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сатира 02 Тамыз, 2024

Мен – үйде, Қатыш – тойда

51 рет
көрсетілді

Мен деген... «Мен мен едім, мен Нарында жүргенде...» деп айтатын мен емес, қарапайым еркекпін. Онымды өзім де мойындаймын. Заман өзгеріп, нарық келіп, еркектен еркелік те, билік те кеткеніне өз басым өкінбеймін. Заманға бейімделіп, бар тірлікті дөңге­лете өрге оздырған қатынға... ойпыр-ай, қаты­ны несі, естімесін, еркелете айтсам, қатышқа ризамын.

Қатыштың арқасында, міне, көштен көш ілгері кетіп, тіл-көзден аман болсын, шал­қып-қалқып тірлік кешуіміз бір соның арқасы.

Өз басым, тірлікті тірілткен, жағдайды жақсартқан қатынына кейіп кері кетіп жүрген еркектерге түсінбеймін.

Қолыңнан келмейді екен, қонышынан басатынның қолтығынан деме, құшағына күмп бер де құлдық ұр. Құлдық дегеннен шығады: «Халқыңа құл болмасаң би болмайсың, қатыныңа құл болмасаң үй болмайсың» деп бабалар бекер айтпаған.

«Сөз мәйегі – мәтел» деген, айтпағымды аталардан қалған аталы сөзбен түйіндесем: «Ердің атын қатын, болмаса бәйгеден келген аты шығарады», «ертерек өлгің келсе, ақымақ әйелге үйлен», «әйел құқы әкеңнен үлкен», «әйелдің тілін алмаған – алиментші», «алпыс нарың болғанша, ақылды жарың болсын», «хан жарлығынан қатын жарлығы күшті», «әйелден әзірейіл де қорқады, сен адамсың ғой, шыда!», «қатының ақылды болса, өз ақылың қалтаңда қалады», «әйелдің ақылдысы — сенде, әдемісі — құрдасыңда болғаны дұрыс» деп тізбектеліп кете барады.

Сөздің емес, істің ғасырына тап келге­німізді білеміз, сондықтан да қызыл сөзден қашып, сөз қаймағы — мақал-мәтелмен қайырып тақ-тұқ болып отырмын.

Көсемсімей айтарыма көшсем, қатыш тойда! Киерін кигізіп, тағарын таққызып, әке-көке деп шақырған тойға бір өзің-ақ барып келе ғой деп шығарып салғанбыз. Жанында әрі шопыры, әрі қалқаны, әрі көмекшісі — сымбатты да көрікті жігіт бар.

Өз басым, баяғыда бабамыз «қатын ауру, бала жас — талқан түйіп жатырмыз» демек­ші, қатыш тойдан оралғанша үй тірлігін тап-тұйнақтай етпекпін.

Айналайын техника, шаңсорғышты шарылдатып-ақ еден біткенді ысқылап ырыс кір­гіземін. Төбе үйілген кір атаулыны жойқын жуғышқа тапсырсам болды, өзі жуып, өзі сығып — ал да кептір деп қарап тұрады. Дайын ас-ауқатты толтырып алып теңкиіп тұратын тоңазытқыштан айналып кетпеймісің. Тек дүкен барып, керегін кертіп әкеп салып қойсаң болды. Қалғандары: үтік-мүтік, гүл-пүл, қағу-сілку сияқты кәкір-шүкір тірлік — білек сыбана кіріссем бір пәсте біте қалады.

Бәрін бітіріп, теледидар алдында тоқы­ма тоқып отырып, тойдағы қатыштың амандығын ойлаймын. Мінезі шатақ, ішкенде еліріп, ерегеспесе екен... Шайпаулығына басып шатып-бұтпаса екен... Қайтейін, не де болса өткендегідей таң асырып келмей, ертерек моласын тапса игі... Өй, моласы несі! Өзі­мен кетсін, не деп жібергенмін... Одан да өз үйі өлең төсегін тауып, ертерек дем алса ғой...

Өй, есік шырылдап жатыр, келіп қалғаны ма?!

Елпек қағып есік ашайын, еркелеп етігін шешейін, елгезектікпен шайын қояйын... бар ойым — мазамды алмай қисая қалса шіркін!..

 

Берік САДЫР