Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Жан-Шарль Бертонэ мырзаны оның өтініші бойынша қабылдады. Ортақ әңгімеге екі елдің діни-рухани мәселелері арқау болды.
Елші мырза Бас мүфтидің жылы шыраймен қабылдағанына ризашылық білдірді. Ол көп ұлт пен ұлысты Қазақстан халықтарының ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатқанын, сондай-ақ Қазақ елінің әлемде бейбітшілік сүйгіш және діндераралық төзімділік ордасына айналғанын, жаһанда оған тәнті болмаған елдер аз екенін тілге тиек етумен қатар, жұртымыздың ұстанымына қызығатынын және оған жетудің жолдарын, тәжірибесін білгісі келетінін, соны Қазақстан дінбасынан сұрау ниетімен келгенін жеткізді.
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет елшінің Қазақстан жайлы игі пікіріне алғыс білдірді. Діни басқарманың сан-салалы қызметі мен ел мұсылмандарының тыныс-тіршілігі жайлы әңгімеледі. Халқымыздың 70 пайызына жуығы дәстүрлі ислам дінін, оның ішінде Имам Ағзам – Әбу ханифа мазһабын ұстанатындығына тоқталды. Сондай-ақ, ол республикадағы барлық мешіттердің имамдарынан үнемі мұсылмандар және мұсылман еместер арасында ынтымақтастықты сақтау талап етілетініне назар аударды. Өзге дін жетекшілерімен кездесіп, ақылдасып тұратындығын да мәлім етті. Елімізде ұлтар мен ұлыстар, діндераралық сыйластықтың сақталуына Елбасы жүргізіп отырған салиқалы саясаттың үлкен рөл атқарып отырғанын мәлімдеді.
Дінбасы сонымен қатар, жамағатқа бірлік, ынтымақ, сабырлылық турасында көп уағыз айтылатындығын, ислам діні қызметкерлері халықпен жиі кездесулер өткізіп, қасиетті Құранның ұстанымдарын түсіндіріп, ізгілікке шақыратынын жеткізді. Өйткені, ислам бірлікке, ынтымаққа шақыратын дін. Сол себепті де біз әрі тарт та, бері тартқа жол бермейміз. Демократия жақсы, бірақ ол ойына келгенін істеу деген сөз емес. Демократия, менімше, тәртіпті білдіреді, – деді Дінбасы. Сондай-ақ ол “әлемдік діндер мен олардың басшылары бүлікке, қақтығысқа шақырмайды. Бұндай іс-әрекет оларға жат. Фитна шығару дінді жалау еткен зымиян пиғылдылардың ісі. Оларды діттегендеріне жеткізбеу үшін ең әуелі әлеуметтік проблемаларды: жұмыссыздық, қайыршылық, кедейшілік секілді мәселелерді шешу ләзім. Әлеуметтік теңсіздікті болдырмау керек. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың “әуелі экономика, сонан соң саясат” деп жиі айтатынының мәнісі осында” – деді Бас мүфти.
Осы орайда Бас мүфти Франциядағы жағдайға байланысты да өз ойын білдіре кетті. Ол Францияның мұсылман және мұсылман емес дін өкілдерінен тұратын кеңес құрып, осы іске қатысты бірлесіп қызмет ету қажеттігін ұсынды. Сондай-ақ, исламның дұрыс жолын ұстанатын мұсылмандары діни басқармасын құрып, оған мемлекет деңгейінде арнайы қолдау көрсету қажет. Осы ұйымдар арқылы бірлік, ынтымақ насихатталуын және онда келелі діни тақырыптарды талқылап отырса жөн болатынын айтты.
“Егемен-ақпарат”.