• RUB:
    5.02
  • USD:
    485.11
  • EUR:
    523.82
Басты сайтқа өту
Тарих 03 Тамыз, 2024

Тарихы терең мешіт

81 рет
көрсетілді

Қазақ мәдениеті мен руханиятында ерекше орын алатын тарихи тұлғалар аз емес. Ел есінде сақталған Тінібай Кәукенұлы көпшілікке Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы және абайтануға қатысты еңбектері арқылы жақсы таныс. Бүгінде Семей қаласында көне мешіттер мен ғимараттар жетерлік, солардың бірі – Тінібай мешіті.

ХІХ ғасырдың орта шенінен бас­тап Семей қаласында Татар слободкасы, Пристань мен Заречная сынды жатақтар болғаны мәлім. Бұған қосымша «Тінібай», «Жоламан», «Тарақты» слободкаларының бой көтергені де аян. Тінібай мен Жо­ламан – тарихта болған тұлғалар. Еліне қамқор, қалқан болған осы кісілердің арасындағы Тінібай Кәукенұлы ХIХ ғасырдың бiрiншi жартысында тауар-ақша қатынасы дамып, қанат жая бастаған кезеңде Семей өңiрiнде сауда-саттықпен айналысқан. Қазақ арасынан алғаш саудамен аты шыққан Тінібайдың кіре тартып Шәуешекке барғаны жайында тарихи деректер кездеседі. Семейде биік беделге жетіп 2-гильдi көпес атағын алған iрi саудагер һәм байлардың бірі. Руы – уақ, Көкен болысының старшинасы. Сонымен бiрге Семей көпестері қоғамына мүшелікке қабылданып, мещанин атанған қазақ.

Ол уақытта мещан­дардың отбасы мүшелері де түгелдей осы атаққа ие болғаны анық. Мұндай атақ патшалық Ресейде 1785 жылдан ресми түрде қол­даныла бастаған. Мещандар құра­мын әлеу­меттік тап ретінде ұсақ буржуазия өкілдері құраған. Олар көпестер қауымдастығына мүшелік жарна, ал қала бюджетіне алым-салық төлеп тұрған. Сондай-ақ мүдделері заң жүзінде қорғалып, мещан екендіктерін айғақтайтын арнайы төлқұжат берілген. Бұл мещандық атақ әкеден балаға мұрагерлікке қалып отырған.

Біз айтып отырған қазақтан шық­қан Семей өңіріндегі танымал екі бай әрі саудагер Жоламан мен Тінібай өз­дері мекен еткен жатаққа мешіт салып та атақтары жайылған. Тінібай Кәукенұлы салдырған мешіт – XIX ға­сырдың бірінші жартысындағы ең елеулі сәулет ескерткіші. 30-40-жылдары бой түзеген. Ескерткіштің архитектурасы «татар-сібір» мешіттері деп аталатын типке жатады. Бұлар салыну жағынан православие діни сәулет құрылыстарына өте жақын және ұқсас. Мұнда да бір білікке ауқымы әртүрлі құрамдас бөлік орнатылады. Басты ерекшелігі исламға тән ғимараттың күмбез және тік формалы болып аяқталуында тұр.

Прииртыш православие шір­ке­уінің сәулет өнерінде негізгі ауқымның төрттігі шағын төрт­тікпен немесе сегіздікпен то­лық­тырылса, мешітте бұл күмбездік жабын арқылы біршама басқаша шешім тапқан. Тінібай меші­тінің қабырғалары қарапайым бе­­зен­дірілген. Оларды тікбұрыш ­формалы терезе ойықтары, сондай-ақ әйелдерге ар­налған бөлмені ж­а­­рық­тандыратын не­гізгі ауқымның екін­ші қабатының төбе терезелері жан­­­дандырып тұр. Әртүрлі өрнекпен әше­кейленген түтін құбырлары мен суа­­ғар құбырлар қо­сымша әр береді.

Тінібай тура­лы Шоқан Уәлиха­нов­тың атақты Қашқар сапары кезінде жү­р­­гізілген күнделігінде мәліметтер кез­деседі. Өз заманының көрнекті тұлғасы Тінібай салдырған мешіттен Құ­нанбай мен Шәкәрім қажылық сапарларына аттанған. Абай Құнан­байұлы ­1874 жылы осы мешітте орыс пен түрік ­соғысы кезінде мал атап, құрбандық шал­ғаны да анық жайт.

Абай облысы