Аласапыран күн өткен, бұрнағыдай жыл өткен. Күрмеуден салалы оқиға, оқиғадан аңыз туған. Аңыз түбі ақиқат, ақиқат туы құламас дейді. Иә, күй тарихы – көне тарих, абзал бет, айдынды шежіре.
«Домбыра ғана біліпті,
Қазақтың барлық
қайғысын.
Кімің бар одан сүйікті,
Шаппай бер оның бәйгесін!»
Әлқисса, «Аққу» күйінің тарихын сөз етпекпіз. Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда, шалқар қазақ жерінің тоғай-тоғай даласында әлдебір кемпір ғұмыр кешіпті. Қолда бары, көңілге демеу, көз қуанышы жетім сәбилер – немере ұлы мен немере қызы болыпты. Арман-тілегі, ой-аңсары екеуін бағып, өсіру болған екен. Кемпір көрші ауылдағы байдың сиырын сауып, кірін жуып, тамағын пісіріп болмашы ғана еңбек ақысын алып отырған-ды. Немерелері де байдың жұмысын істейді екен: бала қозы бағады, қыз шай қайнатып, кәкір-шүкірмен шұғылданады. Осылайша, олар жұпыны тірлікпен жан бағып өмір сүре береді, жазмышқа тағар кінәсі, артар өкпесі болмайды.
Тағдыр салса не күйді кешесің де, бір күні ойламаған, күтпеген жерден оларға пәле тап болады. Бай аулына жау шауып, ел бір түн ішінде сапырылысып, басқа жаққа көшіп кетеді. Аласапыран кезінде жұрт орнында абайсызда бала-шағасы мен жарлы кемпір қалып қояды. Бір айналдырғанды Құдай шыр айналдырады дегендей, сол мезет көзге түртсе көргісіз дауыл тұрып, алақұйын соғады. Таң ата дауыл басылып, жұртта қалған бейшаралар аң-таң қалады. Олардың ішейін десе асы, киейін десе киімі, тұрарға баспанасы жоқ. Тағдыр торына түскен бұлар егіліп жылай береді. Баланың әкесінен қалған аң ататын мылтығынан өңге түгі де қалмайды. Ақыры, кемпір балаларын артынан ертіп, басы ауған жаққа жүре береді. Күні бойы жүріп-жүріп, күн батуға таянғанда әбден діңкелері құрып шаршаған олар бір-біріне жантая жатып, үлкен көлдің жағасында ұйықтап кетеді. Таң сәріде ұйқылы-ояу жатқан бала бір әдемі дауыс естиді. Ояна келсе, төбесінде айнала ұшып, қонғалы жүрген аққуларды көреді. Бала аздан кейін аққулардың көлге қонғанын сезеді де, қуанғаннан әндетеді. Әнін әрлі етеді, сәнді етеді. Қолда бар жалғыз қымбат мүлкі – мылтығын алып, көздеп атып жібереді. Бірақ кербез құсқа оның оғы тимей, жанай кетеді. Аққулар ұшып кетеді, жолы болмай қамыққан бала көл жағасында қала береді. «Үшеуіміз де енді аштан өлеміз ғой» деп ойлайды ол. Біраз уақыттан кейін «осы арадан қашық емес тау мен орман арасындағы көлде аққулар паналайды» деген аңшылардың сөзі баланың есіне түседі. Әжесіне осыны айтып, егде кісіні қарындасының қасына қалдырып, қолына мылтығын алып, аққулар ұшып кеткен жаққа қарай жүріп кетеді. Жүгіріп келе жатып бала тағы да әндете жөнеледі:
«Барар жерің Балқан тау,
О да біздің көрген тау!»
Әбден шаршап-шалдыққан ол қараңғы түсе Балқан тауының басына шығып, тұңғиықта жылтыраған көлді көреді. Қалың шөпті қақ жарып, жоғары қарай тырмысып, көлдің жағасына келіп, тәтті ұйқыға сүңгіп кетеді. Ертеңгісін бала тағы да көл үстінде айналып ұшып жүрген аққуларды көреді. Міне, аққу суға қонды. Ешбір қауіпсіз тұмсығын қанатының астына тығып, аққудың ұйықтап кеткенін бала бақылайды.
«Аққулар, аққу мойын,
сүмбе қанат,
Алаңсыз тарануда
күнге қарап.
Айдынның еркелері,
білмей тұрмын,
Етермін тағдырыңды
кімге аманат?»
Ұйықтаған табиғат еркесін көрген бала аққуды атып, ажал оғын дәл тигізеді. Осы кезде оны күте-күте зарығып, әжесі мен қарындасы зар қағып жылайды. Бұл кезде атып алған аққуын арқалап, бала да ортасына келіп, әжесі мен қарындасын мәз етеді. Олар аққудың етін жеп, тәтті ұйқыға шомып кетеді. Ертеңгісін үшеуі көңілденіп, тынығып алғаннан кейін қайта қарбаласып жолға шығады. Кешке қарай қатерлі, тынышсыз түнде бұларды далаға тастап, көшіп кеткен ауылға қайта қосылып, бұрынғысындай өмір сүре береді. Бала тек мерген болмаған, әкесінен қонған дарынды, жақсы күйші болған көрінеді. Солайша ауыр мехнатты кезде ажалдан арашалап, бойына әл, көңілге дем берген аққуды ойлай-ойлай күңіренген қобызымен «Аққу» күйін өмірге әкеліпті.
Күй аңызы солай дейді, өнер іші арай дейді. Талан-тараж тауқымет жылдардан таңба болып қалған күй болашақ кеудесінен орын алып, берік желкенді қоңыр кеме бүгіннен ертеңге сырғып барады.