Көлік қызметкерлері күні – кез келген көлік құралын ұршықша иіріп, техникалық қызмет көрсететін автомеханик секілді мамандық иелерінің де мерейлі мерекесі. Қарағандыдағы №3 автопаркте слесарь болып еңбек ететін Тәттімбет Жанат сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Өзі әнші, өзі сазгер жігіттің өнер жолында жүріп те бала-шағасын асырай алатын қабілеті бар. Бірақ өзінің екінші үйіндей болып кеткен автопарктегі қызметіне әманда адал.
Тәттімбет қара еңбекпен өскен, маңдай тердің қадірін білетін азамат. Автопаркке жұмысқа орналасқанша бірнеше жерде еңбек етті. Жеті қат жер астына да түсті. Костенко атындағы шахтада да біраз жыл тер төкті. Кейін өзінің қолынан келетін қазіргі слесарьлық қызметке ауысты. Осы жерде жүріп өсіп-өнген Тәттімбетке бірнеше ұсыныс түссе де, автопарктен кеткісі жоқ. Өйткені жұлдызымды жаққан да, бағымды тапқан да осы бір жұмыс орны дейді.
Мұнда күніне төрт-бес автобусты техникалық тексерістен өткізеді. Май-суын ауыстырады. Фильтрлерін жаңалайды. Бұзылып тұрған бөлшектерін айырбастайды. Қала ішіндегі көк автобустар еш кедергісіз жүріп тұрса, онда Тәттімбет секілді жұмысына жауапты механиктердің еңбегі деп біліңіз.
«Таңнан кешке дейін тоқтаусыз жолда жүретін автобустарда техникалық кінәрат болмауы керек. Өйткені олар жолаушы тасымалдайды. Сонда біздің де жауапкершілік жүгіміз ауыр деген сөз. Дегенмен қазір бұрынғыдай емес, автобустар біршама жаңаланып қалды», дейді слесарь Тәттімбет.
Бес жасынан бастап қой кезекте домбыра шертіп жүрген қара домалақ бала өнерін осында жүріп шындап қолға алады. «Меңді қыз» әніне автопарктегі көлік жөндейтін әріптестерімен бірге бейнебаян түсіріп, көпшілікке танымал болып шыға келді.
«Жұмыс уақытында тек жұмысты ғана ойлаймын. Көліктердің кінәратсыз жүруі – біз үшін басты міндет. Саладағы біліктілігімді жетілдіріп, маман ретінде дамуды көздеймін. Көлік саласында қызмет етіп жүрген барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Илегеніміз бір терінің пұшпағы, отандық көлік саласы қанатын кеңге жая берсін», дейді ақжарқын азамат.
Қарағанды облысы