• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 03 Тамыз, 2024

Аида Балаева: Балаға ақпараттық қауіпсіз орта қалыптастыру – парызымыз

127 рет
көрсетілді

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева биыл 10 маусымда ЛГБТ-ны ашық және жасырын түрде насихаттауға толық тыйым салу туралы министрлікке келіп түскен өтінішке қатысты пікірін білдірді.

Биыл «E-Petition.kz» ресми порталында «Біз Қазақстандағы ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсымыз» петициясы жарияланып, 9 маусымда ол  ресми қаралуы үшін қажетті 50 мың қолды жинаған еді. Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодекстің 90-5-бабына сәйкес петицияны қарау мерзімі – оны тіркеген сәттен бастап 40 жұмыс күніне дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі тараптардың, мемлекеттік орган­дар мен қоғамдық бірлестіктер өкілде­рінен құралған жұ­мыс тобын ұйым­дастырып, үш отырыс өткізді.

«Бұл мәселе қоғамда үлкен резонанс туғызып, қызу пікірталас болды. Өйткені қазіргі кезде мемлекет тарапынан адам құқықтарына көп көңіл бөлініп отыр. Сондай-ақ қазақстандықтар қоғам­дық маңызды тақырыптарды тал­қы­лауға және мемлекеттік саясатты қа­лыптастыруға белсенді атсалысып жатыр. Қазақстанда президенттік рефор­малар аясында демократиялық даму, адам құқықтарын қорғау және заң үс­тем­дігін нығайту үшін барлық қажетті заңнамалық жағдай жасалған. Соның бірі – петиция институты», деді А.Балаева.

Ол Конституция нормаларына және халықаралық міндеттемелерге сәйкес біздің еліміз кемсітуге қарсы саясатты жүзеге асыратыны, соның негізінде  қоғамда конституциялық кепілдік, жанжал тудырмау және толеранттылықтың сақталуын қамтамасыз ету міндеттелгенін атап өтті. «Қоғамдағы осындай маңызды петицияны талқылауға көптеген отандасымыз қатысып, көтерілген мәселе­лер бойынша пікірлер екіге жарылды», деді ол.

Мәдениет және ақпарат министрі аталған жұмыс тобына қоғамның түрлі топтары арасынан 45 адам кіргенін, атап айтқанда, құзырлы мемлекеттік орган өкілдері, Парламент депутаттары, қоғамдық бірлестіктер, сарапшылар мен барлық мүдделі тарап қатысып, қоғамның үлкен бөлігі мәселені тал­қылауға белсенді араласқанын айтты.

«Жұмыс тобының екі отырысын және ауқымды сараптамалық талқылаулар өткізу кезінде өтініш бойынша келіп түскен ескертулер талданып, жүйелі жұмыс жүргізілді. Ұлттық және халық­аралық нормативтік-құқықтық акті­лерге салыстырмалы талдау жасалды. Пе­тицияда көтерілген мәселелерді реттеудің халықаралық тәжірибесі зерделенді. Жетекші ұлттық ғылыми-зерттеу ұйымдарымен және сарапшылармен кеңес өткізілді. Петиция тақы­рыбы бойынша халықаралық және қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар ұсынған пікірлер, ұсыныстар мен дәлел­дер, зерттеу материалдары мен үндеу­лердің барлығы назарға алынды», деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, бұл жұмыс петиция бойынша түпкілікті шешім қабылдауға жеткіліксіз. Зерттеулер мен талқылаулар қазіргі уақытта бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарды жалғастырып, мәселені жан-жақты зерттеп, оны реттеудің нақты тетіктерін әзірлеу керектігін көрсетті. Бұл уақыт алады.

«Дегенмен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұстанымы – кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан петицияны ішінара қолдау. Балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың өсуі аясында «Жас­өспірімдер мен балаларды жыныс­тық қатынастарды, оның ішінде дәстүрлі емес қатынастарды насихаттау мен культ жасаудан қорғау» талабы өзекті әрі қажет. Балаларымыздың қауіпсіз ақпараттық ортада өсіп, дамуы өте маңызды. Біздің ұрпақ алдындағы парызымыз – оларға дұрыс рухани-адамгершілік бағыт-бағдар беріп, дәстүрлі отбасылық құн­дылықтарды бойына сіңіру. Сондай-ақ ұлттық мәдени мұраны ұстануға және генетикалық кодты сақтауға жағдай жасау өте маңызды», деді А.Балаева.