• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сараптама 06 Тамыз, 2024

Пәтерді жөндеуге қаржыны қайдан аламыз?

222 рет
көрсетілді

– Биыл іске қосылған «Отау» және «Наурыз» ипотекалық бағдарламалары бойынша пәтердің жөндеу жұмысына қажетті қаржыны да банк арқылы рәсімдеуге болады. Мұның тәртібі қандай? Ипотекалық бағдарламалар аясында жөндеу жұмысына қажет қаражатты бөлек рәсімдеу керек пе?

Мақсат Рахым,

Тұрғын үй нарығы сарапшысы:

 

– Алдымен қос бағдар­ла­маның өзіндік ерекшелігіне тоқ­талайық. «Отау» бағдарламасында несие лимиті Астана мен Алматы қалаларында – 30 млн, өңірлер мен моноқалаларда – 18 млн теңге. Облыс орта­лықтары­нан бөлек, біз айтып отырған моноқалалар «Отбасы банктің» несиелеу аумағына кірсе ғана сол жердің тұрғындары бағ­дар­ламаға қатыса алады. Ал «Нау­рыз» бағдарламасында Аста­на мен Алматыдағы лимит 36 млн болса, банктің несиелеу аумағына кіретін өзге қалалар мен елді мекендер үшін 30 млн теңге деп көрсетілген.

«Отау» бағдарламасымен несие сомасының 30%-ын, ал «Наурыз» бағдарламасымен 20%-ын жөндеу жұмысына алуға болады деп көрсетілген. «Отауда» мұның пайыздық үстемесі 9% болады, себебі екеуі бір займ ретінде қарастырылған. Демек бөлек рәсімдеудің қажеті жоқ. «Наурыз» бағдарламасына қаты­сушылар үшін де пайыздық үстемесі 9% болады, бірақ өз шар­тында көрсетілгендей әлеу­меттік осал топ санатына жататын азаматтарға ипотека мен жөндеу жұмыстары 7% деп қарас­тырылып отыр.

Айта кететін бір нәрсе, сатып алынатын үйдің бағалау сомасы шыққаннан кейін ғана нақты жөндеуге қажетті сома беріледі. Дұрысы, сіз жөндеуге деп несие сомасын 100% аласыз деп айтуға болмайды. Нақты айтсақ, сіз банкке келіп белгілі бір сомаға өз төлем қабілеттілігіңізді растайсыз. Мысалы, Алматы не Астана қаласынан 36 млн теңгеге төлем қабілеті расталды делік. Одан кейін банктің арнайы платформасы – «Баспана маркет» порталында үйді тауып, брондап қойдыңыз. Үй дайын тұрса, бағалау жүргізіледі. Ал да­йын болмаса «Отбасы банкпен» келісімшарт жасасқан, сол құрылысты жүргізіп жатқан компаниядан пәтер бағасы көрсе­тілген арнайы парақты алады. Бұл жерде банк негіздеген өзін­дік формула бар. Соған сәйкес бола­шақ пәтерді жөндеуге қанша қаражат кететінін белгілі бір коэф­фициентпен анықтауға болады. Демек сізде «36 млн тең­геге банктен мақұлдау алдым, осының ішінде 30 млн теңгесіне баспана аламын, ал қалған 6 млн теңгесін жөндеуге жұмсаймын» деген сөз болмауға тиіс. Яғни үй­ге де, оның жөндеу жұмысына да қанша қаржы кететінін банк ше­шеді, бұл жұмыс соның құзыретіне жатады.

Бұл жерде жөндеуге дейін және жөндеуден бір жылдан соң сметалық құжаттар, фотоматериалдар банкке есеп ретінде тапсырылады.