• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Туризм 07 Тамыз, 2024

Саяхат мерекесі

70 рет
көрсетілді

«Balkhash Tour Fest-2024» еліміздің ең жарқын жазғы фестиваліне айналды. Бұл жолғы Балқаш көлінің жағасындағы екі күндік мереке Астана-2024 V дүниежүзілік көшпелілер ойындарына арналды. Фестивальда өлкедегі туризмді түлетуге арналған жоспарлы жұмыстар талқыланды. Жұма күні таңнан басталған думан түн ортасына дейін жалғасты. Мәдени, спорттық және ойын-сауық кештер келушілерге ерекше көңіл күй сыйлады. Фестивальдың бірінші күні психологиялық тренинг, аңыз ертегілер, бард әндерін орындаумен, «Астана» тобының шоу бағдарламасымен қорытындыланды.

Ертеде осы өлкені мекендеп, кейін жойы­лып кеткен Балқаш жолбары­сы бас рәміз ретінде таңдалып­ты. Ауқымды іс-шара аясында көкшекөлдің жағалауында туризм кластерін дамытудың негізгі бастамалары жүзеге асып отыр. «Көкше теңіздің» суына түсіп, құмына қыздырынғысы келетін саяхатшылардың қатары кейінгі үш жылда артып отыр. Бұған «Balkhash TourFest» фес­тивалінің де ықпалы бар дейді туризм мамандары.

Фестивальда су қоймасын тазартатын құрылғы іске қосыл­ды. Құрылғы көлдің бетіндегі қал­дықтарды тазалайды. Мұның кө­ме­гіне айына 7-10 мәрте жүгі­неді. Құрылғы Балқаш қаласы әкімдігінің балансына берілді.

Ежелден желкенді қайықпен елге белгілі Балқаш желкенді рега­тасының ашылуы да үлкен қуа­ныш сыйлады. Көл бетіндегі жарысқа Алматы, Қарағанды, Түр­кістан облыстарының, Бал­қаш, Шардара қалаларының кіл мық­тылары қатысты.

«Регата Балқаш көлінде жаңа желкенді спорт түрінің күш алуына септігін сөзсіз тигізеді», дейді республикалық деңгей­дегі бас төреші, Қазақстанның бір­неше дүркін чемпионы Юрий Пасынков.

Ашық аспанның астындағы ­кинотеатрдан еліміздің және ше­тел режиссерлерінің үздік фильм­дері көрсетілді. Батут аймағында «Жасыл ел» жастарының арасында Ninja Battle, Byroglaz events ойындары өткізілді. Үлкендерге таңғы фитнес, гимнастика, тыныс алуға арналған жаттығулар, йога жасауға мамандар нұсқаулық берді. Жағажай волейболы, жаға­жай күресі, ондағы арқан тарту және «Көңілді старттар» бойынша жағажай драйв турнирі думанды дүбірге бөледі. Жаппай жүзу де жұрттың көңілінен шығып жатты. Футболкаларға суреттер, балаларға аквагрим салынды. Во­лейбол, кір тасын көтеру спорты және армрестлинг бойынша жарыс ұйымдастырылды. Дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ секілді тақта ойындары да тартысты өтті.

Фестиваль кезінде аумақты таза ұстауда үлкен күшті қажет етеді. Ұйымдастырушылар оның жолын оңай тауыпты. Үш бос бөтелкеге 1 балмұздақ үлестірген. Бұған халық белсенді қатысты.

– Балқаш көлін туризмнің те­мірқазығына айналдыруға зор мүм­кіндік бар. Бұл үшін алдымен қаржылық және заңнама­лық тұрғыдан қолдау қажет. Осы ба­ғытта жұмыстар жүзеге асыры­лып жатыр. Жақында ғана өткен фес­тивальда этномузыка мен ұлттық ойындарға, оның ішінде арқан тартыс, қолкүрес, тоғызқұмалақ, асық ату секілді ойындарға басты назар аударылды. Келушілерге арнайы ұлттық аспаптар көрмесі ұйымдастырылды. Фестивальға екі күнде 30 мыңға жуық адам келді. Келушілер үшін жаға­лауға дейін тегін тасымалдау ұйым­дастырылды. Автобустар әр 15 минут сайын 09.00-ден 00.15-ке дейін халыққа тегін қызмет көрсетті. Ақысыз көлік тұрағы, полиция бекеті, жедел жәр­дем қызметі мен құтқарушылар тобы жүйелі жұмыс істеді. Мұ­ның барлығы – демалушыларға жасалған қолайлы жағдай, – дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.

Фестивальды өнерімен қыз­дырған Азамат Бақия және «Жошы» этнофольклорлық то­бы­­­ның әндері мен шеберлік са­бағы жұртшылыққа рухани азық болды. Қазақ өнертану ғылы­мы­ның өркендеуіне үлкен үлес қосып отырған топтың шебер­лік сабағында ұлттық аспаптарды жасап көрсетті. Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыс­тық академиялық қазақ ­драма театры балаларға «Керік пен мүйіз­тұмсық» ертегісін сахналады. «Dance battle», «timur’s team» секілді заманауи би топтары мен «Ivory live band» кавер тобы қонақтардың көңілін кө­терді. Ал еnergy шынығу жат­тығулармен zumba биі, «Аспаз­шылар байқауының» әсері тым басқа. Облыстың қала, аудан­дарындағы хореографиялық ансамбльдердің концерті Көкше көлдің жағасындағы мерекенің көрігін қыздырды. Қас қарайған соң үлкен сахнада DJ Никита Филатов ән айтып, көбік кеші өтті.

– Осындай қадаммен Балқаш­тың Біріккен Араб Әмірліктері, Дубай, Түркия сияқты туризмді дамытқан елдердің қатарына енуге талпыныс жасап жатқанымыз қуантады. Болашақта оған жете­тінімізге сенімдіміз, – дейді Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Ізбасар Шәкенов.

Қолөнершілердің кәдесый­лары мен зергерлік бұйымдары сөреге қойылған көрмені де көп­шілік қызыға тамашалады.

Фестивальдың хэдлайнері Дас­тан Оразбеков шырқаған әнге жастар қосылды. Фестивальдың жабылу салтанатындағы отшашу келушілердің көңіліне шуақ сыйлады. Еліміздің түпкір-түпкірінен келген қонақтар фестивальдан қимай тарқасты.

 

Қарағанды облысы,

Балқаш қаласы