• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Президент 08 Тамыз, 2024

Қасым-Жомарт Тоқаев: Алдағы он жыл біздің аймақтың болашағын айқындайтын кезең

191 рет
көрсетілді

Елордада 9 тамыз күні  Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI консультативтік кездесуі және «Орталық Азия + Жапония» диалогының бірінші саммиті өтеді. Осы оқиғалар қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азияның ренессансы: тұрақты даму мен өркендеу жолында» атты мақаласы жарық көрді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы алдағы он жыл біздің аймақтың болашағын айқындайтын кезең болатынын атап өтті. Осы тарихи мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдалана алатынымыз тек өзімізге байланысты екенін еске салды.

«Жаһандық геосаяси ахуал аумалы-төкпелі болып тұрған қазіргі кезде біз өңірде өзара сенімге және ор­тақ әрі біртұтас қауіпсіздікке негіз­дел­ген кеңістік құрдық, өңірлік ық­­пал­дастыққа бөгет кедер­гі­лерді жойдық, көп қырлы ын­ты­мақ­тастығымызды жоғары сапалы деңгейге шығаратын тұғыр қалыптастырдық. Қазақстан бүгінде Қырғызстан, Тәжік­стан, Өзбекстан елдерімен одақ­тастық қатынас орнатып, Түрік­­менстанмен стратегиялық әріп­тестікті дәйекті түрде кеңейтіп келеді. Ха­лық­тарымыздың өзара жа­қын бо­луға ұмтылысы бар­лық деңгейдегі бай­ланыстың кү­шеюі­нен де көрінеді. Мемлекет бас­шыларының бір-бірі­не жиі сапарлап, тұрақты кездесуі парла­ментаралық, үкімет­аралық және ведомствоаралық байланыстарды тереңдетуге тың серпін берді. Белсенді саяси диалог пен ізгі ниет бесжақты ықпалдастықты дамы­ту ісінде маңызды ұйыстырушы фак­торға айналды. Өңірдегі мемлекеттер бір-бірінің тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын құрмет­теу, келіспеушіліктер туындай қалса оны бейбіт жолмен шешу сияқты іргелі қағидаттарға негізделген ынты­мақтастықтың Орталық Азияға ғана тән бірегей үлгісін қалыптастырды», деп жазды Президент.

Сонымен қатар мақалада әр қалада өткен кездесулердің нәтижесінде өңірлік ықпалдастықтың тереңдеп, кеңейе түскені атап өтілген.

«Орталық Азия мемлекеттері бас­шы­ларының Астанада, Ташкентте, Түрікменбашыда, Шолпан-Атада, Душанбеде бес консультативтік кез­десуі болды. Соның нәтижесінде өңір­лік ықпалдастық барынша те­рең­­деп, кеңейе түсті. Тіпті бұрын-соң­­ды бол­маған деңгейге көтеріліп, инте­г­ра­­циялық үдерістер дәйекті, жүйелі және ең бастысы, үздіксіз си­патқа ие болды десем, артық айтқан­дық емес.

2018 жылы Астанада өткен ал­ғашқы кездесуде өңірдегі бес елдің ықпал­дастығына қатысты негізгі ба­ғыт­тар айқындалды. Соның арқа­сын­да өңірлік қауіпсіздікті қамта­масыз ету саласындағы байланыстар жандана түсті.

2019 жылы Ташкенттегі екін­ші кездесуде Орталық Азия көш­басшылары өңірлік ықпалдас­тық­ты нығайта түсетін болашағы зор бірқатар бастама көтерді. Атап айт­қанда, Қазақстан ХХІ ғасыр­да Ор­талық Азияны дамыту үшін Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою, сондай-ақ өңір елдерінің Қауіпсіздік кеңес­тері хатшыларының тұрақты кезде­суін өткізу қажеттігі туралы ұсы­ныс білдірді. Саммиттерді өткізу рег­ла­ментінің қабылдануы басқосудың маңызды нәтижесі болғаны даусыз.

2021 жылы Түрікменбашы қала­­сын­дағы үшінші саммит өте маз­мұнды өтті. Мемлекет бас­шы­­лары Парламентаралық форум мен Жастар форумын шақыру, Іс­кер­лік кеңес құру туралы бастама көтерді. Консультативтік кездесулер символикасының бекітілуі де – айтулы қадам.

2022 жылы Шолпан-Атада өт­кен төртінші кездесудің басты сая­си қорытындысы ретінде ХХІ ғасыр­да Орталық Азияны дамыту үшін Достық, тату көршілік және ынты­мақтастық туралы бесжақты шартқа қол қою рәсімінің басталуын, сондай-ақ Орталық Азияның «Жасыл күн тәртібі» бағдарламасының және көпжақты форматтар аясындағы ықпалдастық тұжырымдамасының бекітілуін айтуға болады.

2023 жылы Душанбедегі мерей­­тойлық бесінші кездесуде Ор­талық Азия мемлекеттері басшы­­ларының консультативтік кездесу­лерінің фор­матын институттандыру жолын­да алғашқы қадам жасалды. Ел­­дердің көшбасшылары Ұлт­тық үй­лес­тірушілер кеңесін (Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кон­суль­тативтік кездесулері істері бойын­ша) құру туралы шешім қа­был­дады», делінген мақалада.

Бұдан әрі, Президент мақаласында елордада өтетін кездесу жалғасын тауып, өзара ынтымақтастықтың жаңа форматы туралы да сөз қозғалған.

«Астанадағы алтыншы консуль­та­тивтік кездесуде көлік саласындағы ведомство басшыларының басқо­суы одан әрі жалғасады, энергетика ми­нистрлерінің алғашқы кезде­суі болады. Сондай-ақ өңірдегі мемле­кеттердің бұқаралық ақпарат құрал­дарына және ақпарат мәселелеріне жауапты министрлері мен өзге де лауазымды тұлғаларының кеңесі өтеді. Жалпы алғанда, жоғары деңгей­дегі жүйелі кездесулер барлық ба­ғыт бойынша бірлескен жұмысқа елеулі серпін берді. Өңірлік ынтымақ­тас­тықты дамытуға арналған жол карталарының қабылдануы бұған зор септігін тигізіп отыр. Оларға ықпал­дастықты нығайту жөніндегі нақ­ты іс-шаралар енгізілген. Соның нәтижесінде, аймақта сауда-эконо­микалық және іскерлік байланыстар айтарлықтай жанданды. Орталық Азия аумағы тарих тұрғы­сынан қарағанда тым қысқа мерзім ішінде сауда, инвестициялық және кө­лік-коммуникациялық әлеуеті жыл­дам артып келе жатқан өзара тиім­ді ынтымақтастық кеңістігіне айналды. Кейінгі 5 жылда (2018-2023 жылдар) өзара сауда айналымы 2 есеге жуық көбейіп, 5,7 миллиард доллар­дан 11 миллиард долларға дейін арт­ты. Өткен жылдың қорытын­ды­сы бойынша ішкі тауар айналы­мы 25 пайызға өсті. Соның ішінде Қазақстанның Орталық Азия елдері­мен саудасы былтыр 26,8 пайызға артып, 8 миллиард долларға жетті», делінген мақалада.

Сондай-ақ бірлескен ірі жобалар оған қа­ты­­су­шы елдерге қомақты пайда әке­ліп қана қоймай, Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын өзгертіп отырғандығы сөз етілген.

«Шекара маңындағы аудандарда сауда-логистика және өнеркәсіп хабтарының желісін дамыту ісі ынты­мақтастықтың маңызды бағыты саналады. Бұл хабтар өзара сауда мен ор­тақ инвестициялық қызметті алға бастайтын жаңа драйвер бола алады. Елдеріміздің көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдаланудың страте­гиялық маңызы артып келеді. Бұл сала өңірдің қарқынды дамуына жаңаша серпін беретін қозғаушы күшке айналуға тиіс. Экономикалық өрлеудің нақты бастауы саналатын өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрландыру салаларында бірлескен кәсіпорындар құруға көп көңіл бөлініп жатыр. Орталық Азия мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөніндегі іс-қи­мыл жоспарының биыл бекітілуі осы бағыттағы маңызды қадам болмақ»,  деп жазды Мемлекет басшысы.

Мақаланы толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.