• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 09 Тамыз, 2024

Науаи және Абай

191 рет
көрсетілді

Ерен ойдың жүйрігі, поэзия падишасы, айту­лы ғұлама Әлішер Науаи – қа­зақ поэзиясының шыңы Абай Құнан­бай­ұлына ерекше әсер еткен тұлға.

Науаи мен Абайдың өмір жолында ұқсастық пен үндестік аз емес. Бұл туралы кезінде академиктер Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, профессор Есмағамбет Исмаилов, кейінірек Қайым Мұхаметханов, академик Рахманқұл Бердібай, профессор Мекемтас Мырзахмет, Өтеген Күміс­баев, т.б. зерделі зерттеушілер қадау-қадау ой айтқаны мәлім.

Расында да, Әлішер Науаидың әдеби мұрасы мәні мен мағынасы аса бай болғаны сияқты, Абай Құнанбайұлы поэзиясының да көркемдік көкжиегі өте кең. Екі ақынның да шығармалары – ерен ой мен терең сезім жиынтығының жемісі деуге тұрарлық ғажайып дүниелер. Иә, ұлы қос ақынның поэ­тикалық шығармалары барынша ойлы да, аса тартымды. Салған жерден өз жетегіне үйіре түседі. Оқырман жұртшылықты таңғалдырып, оқыған сайын тамсандыра түседі.

Ұлы ақын Әлішер Науаидың түркі халық ақын­дарына, оның ішінде қазақ поэзиясының жарқын жұлдызы Абайға тигізген игі әсері ерекше. Өйткені Абай Шығыс шайырларын, оның ішінде Әлішер Науаиды өзіне ұлағатты ұстаз тұтып, шығармаларынан рухани нәр ала отырып, кейбір өлеңдеріне муқам­мас байлап, қазақ өлең өлшемдеріне ерен жаңалық әкелді. Сондықтан ұлы Абайдың өлең жолына түсуіне, үнемі іздеп, сүйіп оқып, үлгі тұтқан ақыны Науаи туындылары болғаны – дау тудырмас бірден-бір шындық. Филология ғылымдарының докторы, профессор Рахманқұл Бердібай: «Абайдың өлең өнері жолына түсерде шығармаларын сүйіп оқыған, өзіне пір тұтқан ақыны Орта Азия әдебиеті аталарының бірі Әлішер Науаи болғаны да баршаға аян», дейді де, өз ойын одан әрі түйіндей түсіп: «Абай өзбек әдебиеті классиктерінің еңбектерін ерекше ыждағатпен зейін салып оқыған. Оның қазақ өлеңінің ұйқастық, ырғақтық, өлшемдік мүмкіншілігін байытуына Шығыс шайырларының үлгісі де әсер еткен. Ұлы Абайдың өзі Науаиды өзіне ұстаз деп білген», дейді.

Шынында да, ұлы Абайдың: әйел­­­дердің әсем көркін, аса тамаша сұлу­лы­ғын сипаттаған «Иузи – раушан, көзі – гауһар», сондай-ақ «Көзімнің қарасы», «Қор болды жаным», «Сен мені не етесің?» сияқты т.б. көңіл күй лирикалары, Әлішер Науаидың Астрабадта әкім болып тұрған шағында (1487-1489) жазған «Мағыналар қазынасы» («Хазоин-ул-маоний») атты көңіл күй лирикаларымен үндесе, сарындаса түседі. Кемеңгер ақынның бұл өлеңдер жинағы ел арасында «Төрт жинақ» («Чор девон») деген атпен кеңінен танылып кеткен болатын. Әрі Абайдың аталған өлеңдері Сағди, Хафиз бен Физули өлеңдерімен де іштей үндесетінін байқау қиын емес.

Оның үстіне ұлы Абай өзі­нің «Иузи – раушан, көзі – гауһар», «Білімдіден шыққан сөз» деген өлеңдерін Науаиға елік­тей отырып, қазақ поэзиясында бұрын-соңды болмаған «ғаруз» өлең өлшемі негізінде жаз­ған. Мәселен, Абай 1889 жылы жазған 8 шу­мақ­тық «Білім­діден шыққан сөз» атты өлеңі­нің барлық жолын 7, 8 буынды етіп өрнектеген. Оның бірінші шу­ма­ғынан басқа шумақтарының бар­лығы дерлік «ғаруз» өлең өл­шемі негізінде жазғанын профес­сор М.Мырзахмет 1994 жылы «Қазақстан» баспасынан шық­қан «Абай және Шығыс» деген зерттеу еңбегінде ерекше атап өтті. Сон­дықтан да ғалымның «Абай өлең­деріндегі ғаруз ұйқасы деп жүр­ген «а, а, б» түрінде келе­тін ұйқас түрі, түркітілді туысқан ха­лық­­тардың әдебиетінде сонау көне дәуірден-ақ орын алып, тума құ­бы­лысқа айналып кеткен байырғы ұйқас­тардың біріне жата­ды», деген ойына біз де қосы­л­амыз.

Әлішер Науаидың «Төрт жинақ» («Чор девон») атты 40 мың жолдық көңіл күй лирикаларынан ерекше рухани нәр алғандығы сонша, ақынның араб әліпбиі негізінде жазған ғазелдерінің үлгісімен Абай 19 жасында «Әлифби» атты өлең жазды. Сондықтан да профессор Мекемтас Мырзахмет: «Абай­дың кейбір өлеңдерінде ұлы Науаи шығармаларының әсері айқынырақ сезіледі. Тіпті «Әлифби» өлеңінде Абай ұстазы Әлішер Науаимен ақындық өнер жарыстырғандай мінез де танытады. Науаи кейбір араб әрпін сұлу әйелге балай суреттесе, Абай араб әрпін түгел қамтып, қыз бойындағы әсем көркіне түгел жетіп, өзінше ақындық өнер, соны тапқырлық көрсеткендей шеберлік те ­танытады», деген ойды алға тартады.

Кемеңгер Абай қырықтан асып, әбден ақын ретінде қалып­тасқан шағында оқта-текте болса да, Шығыс шайырлары, оның ішінде Әлішер Науаидың ғаруз өлең өлшеміне соққаны білінеді. Оны біз ұлы ақынның 1889 жылы жазған «Білімдіден шыққан сөз» деген өлеңінен анық аң­ғарамыз. Ең қызығы, ақын өле­ңінің бірінші шумағынан бас­қа­сының бәрі, түгел­дей дерлік ға­руз өлең өлше­­­мімен пішілген. Өлең­де­гі 8 шу­мақ­­тың әрбір жолы 7 буын­­мен өрнектелген. Мәселен, ақын:

«Білімдіден шыққан сөз

Талаптыға болсын кез.

Нұрын, сырын көруге

Көкірегінде болсын көз», дегенде, осы бірінші шумақ қана қара өлең ұйқа­сымен беріледі де, онан кейінгі өлең жолдарының бәрі де жеті буынды болып келеді. Мәселен:

«Жүрегі – айна, көңілі – ояу,

Сөз тыңдамас ол баяу,

Өз өнері тұр таяу,

Ұқпасын ба сөзді тез.

Әбілет басқан елер ме,

Сөзге жуық келер ме,

Түзу сөзге сенер ме,

Түзелмесін білген ез?» деп одан әрі жалғаса түседі.

Сөйтіп, Абай есейген ша­ғын­да оқта-текте болса да, Шы­ғыс шайырларының, Әлішер Науаи мен сопылық әдебиеттің ірі өкілі Қожа Ахмет Ясауидың шығар­­­ма­ла­рына жиі-жиі соғып, олар­дың көркем туындыларын көңіл кө­зі­нен өткізіп отырғаны аңда­ла­ды.

Тіптен ұлы Абайдың махаббат туралы көңіл күй лирикалары да, Шығыс классиктерінің, оның ішінде Әлішер Науаидың сүйіспеншілік тақырыбындағы өлеңдерімен іштей қабысып, үндесе, сарындаса түсетін ой сілемдері көрінеді. Бұл орайда ұлы Абайдың «Қор болды жаным», «Көзім­нің қарасы», «Қызарып, сұрланып», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Сен мені не етесің?» сын­ды т.б. өлең­деріне назар ау­дар­сақ жеткілікті. Әсіресе Науаи қа­ла­­­­­­­­­мынан туған «Төрт жинақ» («Чор девон») атты көңіл күй лир­и­калары мен ғазелдерінде көте­ріл­ген ойлармен іштей үйлесе түс­кендігі күмән тудырмайды. Әрі Науаидың «Хозойин-ул-маоний», яғни «Мағыналар қазынасы» атты ли­ри­калық өлеңдерімен іштей үндеседі.

Мәселен, Әлішер Науаи:

«Хуш дурур бир тирайи номихажр икки ер учрашиб,

Танишиб, бир-бирларини

махкам қучушиб йиғлашиб», десе, Абай да өзінің өлең жолдарында қос ғашықтың өзара шынайы сүйіспеншілігі мен іңкәр көңілдерін сипаттай отырып, олардың кездескен сәттерінде сөз таппай, терлеп-тепшіп, әбден берекесіздене түсетінін ақындық жүрекпен сезініп, оны былайша өрбітеді.

«Екі асық құмарлы,

Бір жолдан қайта алмай.

Жолықса ол зарлы

Сөз жөндеп айта алмай.

Аяңдап ақырын,

Жүрекпен алысып.

Сыбдырын, тықырын,

Көңілмен танысып», деп сезім суретін салады. Бұл – ұлы ақынның асқан тап­қырлығы.

Сондай-ақ Науаи екі ғашықтың бір-біріне деген ынтық көңілдері мен шынайы сезімдерін, өзара құштарлық сырларын өз өлең жолдарында:

«Гох икки ришта янгинг ким топар бир - бирига тоб,

Икки: дек фақм одмогудек бир - бирига чирмашиб», десе Абай да:

«Дем алыс ысынып,

Саусағы суынып,

Белгісіз қысылып,

Пішіні құбылып», деп ғаруз өлең үлгісімен аса әсерлі етіп, тамаша байлам жасайды да, оқырмандарды ынтықтыра, тамсандыра түседі.

Өлеңде шын жүректен сүйіп, бір-бірімен табысқан екі жастың сезім сырларын тым әсерлі әрі аса шынайы өрнектей түседі. Сосын:

«Жүйрік тіл, терең ой,

Сол күнде қайда едің?

Ғашыққа мойын қой,

Жеңілдің, жеңілдің!», деп те аса терең байлам жасайды.

Әлішер Науаи жоғарыдағы өлең жолдарын 50 жасында жазған болса, Абай да дәл осы жырларын нағыз ақын ретін­де қалыптасқан 46 жасында түсі­ріпті. Абай­дың ұлы ақын болып қалыптасуында Шығыс шайырларының, оның ішінде Әлі­шер Науаидың ықпалы бол­ғандығы көңіл күй, махаббат лирикаларынан байқалады.

Сондықтан да ғұлама Мұхтар Әуезов: «Мысалы, 1889 жылы жазған «Қор болды жаным», 1891 жылы жазылған «Көзімнің қарасында», ақын махаббат жайын тағы да жаңағы аталған, өзіне анық түсінікті болған, бүгінгі ұлы кеңестік Отанымыздың қадірлі, кәрі клас­сиктері Науаи, Физулише жазатыны бар», деп терең тұжырым жасайды.

Абай поэзиясына тере­ңірек үңі­ліп, жан-жақты назар аударсақ, ұлы ақынның Әлішер Науаимен бірге Физули, Низами шығармаларына көбі­рек көңіл бөліп, ерекше ден қойып, зер­делегенін тани түсеміз. Мәсе­лен, Әлішер Науаидың көңіл күй лирикалары мен ғазелдері формасы, құрылысы жағынан әртүрлі, олар мазмұны жағы­нан да аса терең сезімге, ерен ойға құрыл­ғанымен ерекше назар аудартады.

Оның үстіне Әлішер Науаи да, Абай Құнанбайұлы да шынайы сүйіс­пеншілікті аса жо­ғары бағалаумен бірге ерен сезім мен мөлдір махаббатты, іңкәрлік көңілді биік­­ке көтере түседі. Мәселен Әлішер Науаи:

«Ер улдурким: тил ва ҳам кўнгил анинг бўлса бир,

Ким тили ўзга ва кўнгил ўзгадур, - ёр эмас.

«Наводир» ден,

Икки бошим бўлмаса, икки кўнгиллик ёрни,

Севмагай менким, – бало урсун

муқарррар бочимо «Бадойидан»,

дей келе, өзінің «Көңіл­­­дің сүйгендері» («Махбуб-ул-қулуб») шығар­­масында бұл ойын одан әрі жетіл­діре, жандандыра түсіп:

«Тил билан кўнглингни бир тут,

Кўнгли ва тили айтган сўзинга бут», деп сүйіспеншілікте тіл мен ділді бірдей ұстауға үндесе, Абай ұлы ақын ойын одан әрі жетілдіре, жалғастыра келіп:

«Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,

Бір сөзімен тұрса екен, жанса, күйсе», деп кім-кімді сүйсе де, шын көңілмен сүю керегін айтады. Әрбір жанның сөзінде тұруын да аса жоғары бағалайды. Нәтижесінде, адалдықты, пәк­тікті, бір сөзділікті аса жоғары бағалайды.

Абай Құнанбайұлы тәлімдік-тәр­биелік мәнге ие «Қара сөз» деп аталатын ғибратнамаларында: «Тіл – жүректің айтқанына көн­се, жалған шықпайды», деген те­рең ойды да алға тартады. Ұлы ақын Әлішер Науаи да, Абай Құнан­байұлы да өмірде жүректі аса жоғары бағалап, өз жүрегіне бағына білген жанды нағыз адам ретін­де танып, оны биік тұлға ретін­де қастерлейді. Ондай жан­ды ерекше құрметтеуге ­ша­қы­ра­ды.

Шынында да, ұлы Абай Шы­ғыс поэ­зиясының бал-бұлақ­та­­рынан рухани нәр алғанда тікелей елікпей, оған барынша сыншылдық көзбен қарап, өзінше па­йымдап, түйін жасайды.

Қорыта айтқанда, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлы өзбек әдебиетінің ұлы тұлғасы Әлішер Науаи шығармаларынан рухани нәр алғаны анық. Соның нәти­жесінде, Абайдың ақындық әлемі жаңа кеңістікке жол ашты. Біз оның Әлішер Науаи шығармаларымен сарындасатын кей өлеңдеріне ғана көңіл көзін қададық. Әрі оның қадау-қадау тұстары төңірегінде ғана ой айттық. Сондықтан да Абайдың Шығысқа қатысты мәселесін, оның ішінде ұлы тұлға, кемеңгер ақын Әлішер Науаи шығармаларымен үндес тұстарын әлі де болса тереңірек зерттеп, жан-жақты үйрене түсу бүгінгі таңдағы абайтану ғылымының алдында тұрған өзекті тақырыптың бірегейі.

 

Қалдыбек СЕЙДАНОВ,

Өзбекстан мәдениет саласының ардагері, профессор