Қазақтан шыққан ғұлама, Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалаушы һәм тұңғыш президенті, минералогия ғылымдарының докторы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қаныш Сәтбаевтың домбырасы Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музей қорында «КП 16730/1» реттік нөмірмен сақтаулы тұр.
Аспаптың пошымы – төрт қырланған сопақша шаршы іспетті. Мойынтұрағының ұзындығы 58 см, шанағының ұзындығы 28 см, көлденеңі 17 см. Тұтас ағаштан ойылып жасалған. Шанағы ұзынша төртбұрыш. Мойны шалқақ. Үш буынды. Бет қақпағы жұқа тақтайшадан жасалған. Он төрт пернелі, ішегі қарапайым жіп.
Қолымызда бар ақпаратқа жүгінсек, бұл домбыраны Қаныш Имантайұлы 1920 жылдардың басында Том политехника институтында оқып жүрген жылдары жанынан тастамай алып жүрген дейді.
Жуықта жезқазғандық Өтеген Ахмет атты шебер дәл осы музейде тұрған домбыраның дәлме-дәл көшірмесін екі дана жасап, бірін ғалымының туған жері Баянауылдағы, екіншісін өсіп-өнген өлкесі Жезқазған қалалық музейіне тапсырған екен.
«Домбыраның тарихы туралы нақты дерек жоқ. Қаныш Имантайұлы оны арнайы тапсырыспен жасатуы да мүмкін. Себебі мұндай пішінді домбыра ел ішінде көп кездесе бермейді екен. Оның көшірмесін жасаудағы мақсатым –ұлттық аспаптың сирек кездесетін түрін насихаттау» дейді қолөнер шебері.