Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Президент Теміртау қаласындағы «Qarmet» металлургиялық комбинатын аралап көріп, №3 домна пешінің жұмысымен танысты. Мұнда жылына 3,8 миллион тонна шойын өндіріледі.
«Qarmet»-тің қажырлы қадамы
«Qarmet» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев пен кәсіпорынның бас директоры Вадим Басин өндірісті дамыту үшін атқарылған және жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде баяндады. Бұл мақсатқа 3,5 миллиард доллардан астам қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек 500 миллион доллар шамасында Көмір департаментіндегі және 978 миллион доллар көлемінде Темір рудасы департаментіндегі жобаларға қосымша инвестиция құю жоспарланған.
Кәсіпорын ғимараттар мен нысандарға ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биылғы жаңғырту бағдарламасына 100-ден астам нысан енген. 50 мың шаршы метр шатыр ауыстырылуда. Сонымен қатар бұған дейін қабылданған «Тазалық» бағдарламасына сәйкес 120 санитарлық-тұрмыстық ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіле бастады.
Мемлекет басшысына сляб пен блюм шығаратын №2 конверторлық цех пен металл әзірлемелерін үздіксіз құю машинасының жұмысы таныстырылды. Кәсіпорын басшылығы бүгінде мекеменің техникалық жағдайын бабында ұстап тұру, жөндеу жүйесін, сондай-ақ кристалдандырғыш айналым жүйелері мен барлық машина сегменттерін жетілдіру басты міндет екенін атап өтті. Келесі жылы басқару және гидравлика жүйелерін жаңғырту жұмыстары атқарылмақ.
Андрей Лаврентьевтің айтуынша, іске асырылып жатқан жобалар комбинат жұмысын тұрақтандырып, компанияның «5-9-5» бағдарламасының орындалуына болжам жасауға мүмкіндік берді. Қабылданған стратегияға сәйкес, кәсіпорын 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат шығаруды, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіруді жоспарлап отыр. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда, орта есеппен 66 пайыз өсімді қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысы комбинатты табиғи газға көшіру маңызды шешім екенін атап өтті. Бұл бастапқы кезеңде қоршаған ортаға келетін зиянды 30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Биыл күзде Теміртау қаласында экологиялық таза көлік түрі – трамвай желісі қалпына келтіріледі.
Президент өнеркәсіп қауіпсіздігі, өндірістің тиімділігін арттыру және жаңғырту, аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың мерзімі мен жоғары сапа стандарттарын қатаң сақтау қажет екеніне баса назар аударып, бірқатар нақты тапсырма берді.
– Біз отандық инвесторды шақыру арқылы дұрыс шешім қабылдадық. Олар бірден іске кірісті. Комбинаттағы жағдай бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Ең басты міндет – «Qarmet» кәсіпорнының баяғы даңқын қайтарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беру. Бұл бағыттағы жұмыс басталып кетті. Одан хабардармын. Мен комбинатқа жыл сайын келіп, оның даму барысымен танысып тұрамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі кезде «Qarmet» акционерлік қоғамында 34 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді. Металлургиялық комбинаттың өндірістік қуаты жылына 5,3 миллион тонна болат өндіруге жетеді. Былтыр кәсіпорын 2,9 миллион тонна дайын өнім шығарған. Оның 2,1 миллион тоннасы Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Грузия, Әзербайжан және Ауғанстан елдеріне экспортталды.
Бұдан соң Мемлекет басшысы «Qarmet» Креативті технологиялар орталығын аралап көрді. Аталған орталық металлургтер қаласының белсенді әрі шығармашыл жастарының басын қосатын орынға айналды.
Президентке «Qarmet» акционерлік қоғамының профильдік емес активтерді басқару жөніндегі директоры Алмас Сиранов орталықта роботты техника, автомоделдеу, ұшқышсыз басқарылатын дрондар секциялары, бағдарламалау, блогерлер, журналистика, документалистика мектептері, подкаст студиясы және басқа да шығармашылық бағыттағы үйірмелер ашылғанын жеткізді. Оның айтуынша, орталық тек металлургиялық комбинаттың ғана емес, Теміртау қаласының көрнекті нысанына айналады. Мұнда жастар кәсіби бағдар алып, өздерінің инженерлік дағдыларын шыңдайды.
Президент кәсіпорын жұмысшыларымен және ардагерлерімен, сондай-ақ кәсіподақ өкілдерімен әңгімелесу барысында еңбек адамы ең жоғары құрметке лайық екенін атап өтті. Бұл ретте мемлекет тарапынан олардың әл-ауқатын жақсарту үшін барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.
Кеншілер қауіпсіздігі – басты назарда
Сондай-ақ Президент «Qarmet» акционерлік қоғамының диспетчерлік-талдау орталығын аралап көрді. Компанияның бас директоры Вадим Басин Қасым-Жомарт Тоқаевқа көмір өндірісі бөлімшесін дамыту жөнінде баяндады.
Атап айтқанда, былтыр көмір тек 3 шахтадан өндірілсе, енді Президент тапсырмасына сай қысқа мерзім ішінде барлық 8 шахтадағы жұмыс қалпына келтірілді. Өндірістік қауіпсіздікті күшейту үшін ауқымды жұмыстар қолға алынды.
Президент шахтерлердің өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қабылданған тың шаралармен танысты. Диспетчерлер нақты уақыт режімінде барлық шахтадағы ахуалды бақылап, газ деңгейіне талдау жүргізе алады. Бұдан бөлек, кеншілердің жұмысын үйлестіріп, олармен бейнебайланыс орнатады. Сонымен қатар орталықта жүйедегі қауіпсіздік бақыланып, өндірістік көрсеткіштер мен үдерістердің орындалу барысына мониторинг жүргізіледі. 2025 жылдың соңына дейін барлық 8 шахтадағы кеншілердің жүрген жері мен денсаулық жағдайын нақты анықтайтын қондырғы жүйесі орнатылады.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы «Саран» шахтасында, 620 метр тереңдікте жұмыс істеп жатқан кеншілермен бейнебайланыс арқылы сөйлесті. Кәсіпорын жұмысшыларды жаңа alarmphone құрылғысымен жабдықтаған. Қорғаныс деңгейі аса жоғары гаджетте қызметкермен жедел байланысуға арналған смартфон функциясы бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілерге жанкешті жұмысы үшін алғыс айтып, шахтерлердің қызметінде еңбек қауіпсіздігін сақтау маңызды екеніне назар аударды.
«Кәусар» – креативті даму орталығы
Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды қаласының Пришахтинск шағын ауданында таяуда ғана ашылған «Кәусар» оқушылар сарайының қызметімен де танысты.
Мемлекет басшысына мұндағы 13 үйірме мен секцияға 1 600 бала қатысатыны жайында мәлімет берілді. Оқушылар игілігі үшін орталықта Hi-tech цех, шығармашылық шеберхана, хореография залы, ART-студия, дыбыс жазу, телевидение және фото студиялары, VR-архитектура және WEB-дизайн кабинеттері, Intellectum-студия, Интернет заттары кабинеті, роботты техника және техникалық шығармашылық зертханасы, STEM-зертхана, музыкалық студия, экологиялық орталық, спорт және ойын алаңдары ашылған.
Жалпы ауданы 3,3 мың шаршы метр болатын ғимарат сапалы қосымша білім алуға қажетті құралдармен толықтай жабдықталған.
Мемлекет басшысы жас ұрпақтың шығармашылық және креативті дамуының мәні зор екеніне назар аударды. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға, соның ішінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізуге баса мән беретінін атап өтті. Президент оқушыларды осы маңызды бастамаға белсенді түрде атсалысуға шақырды.
Тұрмыстық техника зауытын аралады
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары одан әрі қарай Саран қаласында жалғасты. Президент мұнда тұрмыстық және электр техникасын шығаратын «Silk Road Electronics» кәсіпорнына барды. Жалпы ауданы 61 мың шаршы метрден астам өндіріс бұрынғы «Қарағандырезинатехника» зауытының аумағында орналасқан. Жобаның құны – 25 миллиард теңге.
Президентке «Meridian Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры Александр Критский кәсіпорындағы өндіріс үдерісі туралы айтты.
Зауыт жыл басынан бері тұрмыстық техника шығарып, оны еліміздің электроника бұйымдарын сататын сауда желілеріне жеткізеді. Бүгінге дейін кәсіпорында 97 мың тұрмыстық техника өндірілген. Компания 2027 жылға қарай толық өндірістік қуатына көшіп, 1,1 миллион тұрмыстық техника шығаруды және өз өнімін ТМД елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.
«Samsung Electronics Central Eurasia» компаниясының басқарма төрағасы Минки Чу аталған өндіріс алаңында «Samsung» брендімен теледидар және автоматты кір жуу машинасын шығару көзделіп отырғанын жеткізді.
Президентке қазіргі таңда зауытта Қарағанды, Саран, Шахтинск және Абай қалаларының 232 тұрғыны жұмысқа орналастырылғаны туралы мәлімет берілді. Зауыттың өндірістік қуаты толығымен іске қосылған кезде жұмысшылар саны 1 200 адамға дейін ұлғаяды.
Өнімі көп кәсіпорын
Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Саран қаласындағы көлік дөңгелектерін шығаратын «KamaTyresKZ» зауытын аралап көрді. Президентке кәсіпорынның өндіріс циклы мен даму келешегі таныстырылды.
Мемлекет басшысына «Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов пен зауыт директоры Радий Бурганов құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, технологиялық құрал-жабдықтар толықтай жеткізілгенін айтты. 234 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынған зауытта өнімнің сериялық өндірісі басталды. Өткен айда «KamaTyresKZ» 30 мың дөңгелек шығарған. Зауыт алғашқы жылы өнім көлемін 1 миллионға дейін жеткізе алады.
Президентке дөңгелек құрастыратын цехтар мен өндіріс желілері таныстырылды. Зауыттың құрал-жабдығы Латвия, Италия, Португалия, Жапониядан және тағы да басқа елдерден әкелінген. Жалпы, кәсіпорында 800-ге жуық технологиялық құрылғы орнатылған.
3ауыт 2027 жылға қарай 3,5 миллион дөңгелек шығарады деп жоспарланып отыр. Қазіргі кезде кәсіпорында 590 жұмысшы еңбек етіп жатыр. Келешекте қызметкер саны 1 125 адамға дейін көбейеді. Өндіріс жұмысшылары «Татнефть» компаниялар тобының дөңгелек шығаратын кәсіпорындарында оқу-тәжірибеден өткен.
Зауыт өнімі «Attar» брендімен танылады және халықаралық стандарттарға сай сертификат иеленген. Отандық дөңгелектер шілде айынан Қазақстан мен шет мемлекеттердің нарығында сатыла бастады. Биыл елімізде құрастырылатын «JAC» маркалы автомобильдер конвейерден «Attar» дөңгелектерімен шығады.
Ауылды дамыту басымдығы
Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Нұра ауданы, Шахтер аулындағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауылдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені таныстырылды. Мұнда волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі, қазақ күресі секциялары және жаттығу залы бар. Кешенде Мұзбел, Егінді және Байтуған ауылдарының балалары да спортпен шұғылданады.
Президент жүзу бассейнін және жақында жөндеуден өткен жергілікті Мәдениет үйін аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокоп бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында түрлі жобаларды жүзеге асыруға үлес қосқанын атап өтті. Сондай-ақ оның ауданда спортты, мәдениетті және өнерді дамытуға қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты.
Мемлекет басшысы Шахтер аулының Үрмелі аспаптар халық оркестрінің ұжымымен әңгімелесіп, оларға шығармашылық табыс тіледі. Президент өңірлерде спорт және мәдениет жобаларын іске асыру маңызды екеніне назар аударды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұра ауданы, Шахтер аулының еңбеккерлерімен жүздесіп, әңгімелесті.
«Шахтерское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Георгий Прокоп ауыл шаруашылығы кәсіпорынында 245 жергілікті тұрғын жұмыс істейтінін айтты. Шаруашылық негізінен дәнді және майлы дақылдар, сондай-ақ картоп егумен айналысады. Директордың айтуынша, агробірлестіктің техникалық паркінде «John Deere», «Buhler», «CLASS», «Lovol», «Valtra», «РСМ», «Acros» маркалы заманауи шынжыр табанды және доңғалақты тракторлар, астық жинайтын комбайндар бар. Бүгінде шаруалар егін жинау науқанына сақадай сай.
Жергілікті тұрғындар Президентке ауылда жұмыс істеуге және өмір сүруге қолайлы жағдай жасалғанын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет ауылды дамытуға және шаруаларды қолдауға айрықша мән беретінін атап өтті.