«Research and Development Solutions-RDS» – өңіріміздегі бағдаршамға жауапты бірден-бір кәсіпорын. Шахтинск, Теміртау, Қарағанды, Саран қалаларына орнатылып жатқан жол реттілігін реттейтін бағдар бағаналарын өзіміздің жергілікті кәсіпорын шығаратыны қуантады.
Компания жол қозғалысын басқарудың заманауи техникалық құралдарын енгізу арқылы жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін жақсартуды көздейді.
«Карагандаавтотранссигнал» ЖШС тарихы 1971 жылдан бастау алады. Сол жылы өз жұмысын «Гордорстрой» басқармасына қарасты учаскеден бастады. 1977 жылы Қарағанды облысының мамандандырылған монтаждау-жөндеу басқармасы негізінде қайта құрылды. 1988 жылы СМЭУ Қазақ КСР ІІМ Мемлекеттік автоинспекциясы Бас басқармасының «Қазавтотранссигнал» республикалық тресінің құрамына енді. 1993 жылы трест «Автотранссигнал» АҚ болып қайта құрылды. Оның құрамына Қарағандыдағы бөлімшесі ретінде қосылды.
1999 жылы 31 наурызда акционерлік қоғам мүлкінің, құқықтары мен міндеттерінің бір бөлігін бөлу арқылы «Автотранссигнал» ЖАҚ қайта құру жолымен «Қарағандыавтотранссигнал» атанса, 2004 жылдың шілдесінде ЖАҚ «Қарағандыавтотранссигнал» ЖШС болып қайта құрылды. Содан бері «Research and Development Solutions – RDS» деген атаумен Қарағанды облысындағы көлік қозғалысын ұйымдастыру секілді маңызды салаға әбден маманданған кәсіпорынға айналды.
«Кәсіпорында 50-ге жуық жұмыскер бар. Көбі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін салада көп жылдық еңбек тәжірибесі бар, біліктілігі, білімі жоғары кәсіби мамандар. Өрлеген өндірістік әлеуеттің арқасында компаниямыз жоғары бизнес стандарттарын қалыптастырып, инновациялық шешімдер мен технологиялар енгізуді ынталандыра отырып, саланы дамытуға үлес қосып келеді. Біздің компания тұтынушылардың қажеттілігін барынша қанағаттандыру үшін көрсетілетін жұмыстар мен қызметтерді үздіксіз жаңартып отырады», дейді кәсіпорын басшысының орынбасары Нұржан Самитов.
Қазіргі орнатылып жатқан бағдаршамдар шетелдікі. Бірақ оған қажетті қосалқы бөлшектер, арнайы жабдықтар жергілікті кәсіпорындардан сатып алынады. Отандық өндіріс орындарымен келісімшарт жасалған. Мәселен, Майқұдықтағы «Энергосистемы ЭЛТО», Сарандағы «Kazcentrelectroprovod», «Өрнек НС» ЖШС, «Ұлар МК», РСУ, «Агродор» компанияларымен тығыз байланыста.
Компания интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу және техникалық қамтамасыз етумен қатар жол белгілеріне арналған тіректерді де жасайды. Бұл мақсатта отандық компаниялардың өнімдерін пайдаланады. Бағдаршамдарды орнатып, оны күтіп ұстау, автоматтандырылған қозғалысты басқару жүйесін енгізіп, техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету – кәсіпорынның негізгі міндеті.
Мұнымен қоса, осы ұйымның құзыретіне кері санақ таблосы, арнайы дизайндағы жол белгілері мен билбордтар, жасанды жол бұдырлары, жол жиегіндегі металл қоршауларды жеткізу және орнату қызметі кіреді. Шамамен бір-екі жыл бұрын кәсіпорын көру қабілеті нашар жаяу жүргіншілер үшін дыбыстық белгі беру құрылғысын енгізген еді.
«Келісімшарт негізінде 162 бағдаршамды күтіп ұстауды міндетімізге алдық. Дегенмен Қарағанды қаласы бойынша 200-дей бағдаршамға жауаптымыз. Бүгінде облыс орталығында жаяу жүргіншілер өтетін жерлерге 518 арнайы дыбыстық белгі беру құрылғысымен жабдықталған әлеуметтік бағдаршам мектеп, аурухана маңайына орнатылды», дейді кәсіпорынның бағдаршам шаруашылығы бөлімінің басшысы Владимир Плотов.
Жарты ғасырлық тарихы бар кәсіпорын облыстың жол полициясымен тығыз байланыс орнатқан. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстың барлық түрін атқаруды жалғастыра бермек.
Айта кетерлік жайт, мекемеде бос жұмыс орындары бар. Жүргізуші, электржөндеуші, дәнекерлеуші мамандарға есігі ашық.
Қарағанды облысы