Еңбек етуден түсетін табыс күнкөріс көзі болуымен қатар, адамның әлеуметтік өмірінің әрбір қатпарын қамтиды. Сондықтан жұмыскердің құқықтары мен мүдделеріне қандай да бір кепілдіктерді белгілеу өте маңызды. Бұл тұста әлеуметтік саланың бұлжымас бөлігі саналатын еңбек қатынастары көбіне күрделі, көпжоспарлы болып келетіні мәлім.
Біршама кемшін тұстарына қарамастан, еңбек шарты өз функциясын, міндетін орындайтын, еңбек тәртібі ережелеріне бағынып, келісілген тұрақты айлық жалақы алатын орташа қызметкерге белгілі бір кепілдік береді. Жұмыс беруші тиісті қорлар мен ұйымдарға салықтық, әлеуметтік және медициналық аударымдар жасауға тиіс. Қолданыстағы еңбек заңнамасымен қызметкерге түрлі жеңілдік, өтемақы қарастырылса, келісімшартсыз оның мойнында тек міндеттемелер қалады.
Кейбір жұмыс берушілердің жұмыс ерекшелігін сылтауратып, еңбек шартын жасасудан бас тартатыны, сол секілді мерзімсіз шарт жасауды көпсініп, бір жыл немесе одан да аз уақытпен шектелетіні еш абырой әпермесі анық. Өкінішке қарай, жұмысшы өз құқықтарына жүрдім-бардым қарайтын, ал жұмыс беруші өзіне жауапкершілік артуға асықпайтын жайттар аз емес.
Оны елімізде 1,2 млн адамның бейресми немесе тұрақсыз жағдайда жұмыс істеп жатқанынан аңғаруға болады. Олардың барлығы келісімшартсыз жұмыс істейді және жалпы еңбек заңнамасымен нашар қорғалған. Негізінен табысы аз, өнімділігі төмен бейресми секторда нан тауып жүргендердің 40%-ы зауыттар мен фабрикаларға, 37%-ы шеберханаларға және 36%-ы жеке қосалқы шаруашылықтарға шоғырланған.
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Сондай-ақ олардың аздаған үлесі құрылыс алаңдарында, ашық базарларда, жекеменшік автокөлік құралдарында байқалады. Осы санаттағылардың басым бөлігі ауыл, орман және балық шаруашылығы, сауда, автожөндеу саласында тірлік етіп жүр.
Еңбек кодексінде көзделген еңбек шарты бойынша немесе онсыз еңбек қатынастары шынында күрделі. Мысалы, ұйым ұсына алатын азаматтық-құқықтық келісімшарт еңбек заңнамасында көзделген барлық кепілдікті қамтамасыз ете алмайды. Көп жағдайда бұл шарт бойынша жұмыс құралдарын (компьютер, принтер, арнайы бағдарламалар) сатып алу шығынын тапсырушының орындаушыға жүктейтіні де қызық. Сондай-ақ жалақы тек жұмыс нормасын пысықтау фактісі бойынша төленетін еңбек шартынан айырмашылығы, азаматтық-құқықтық қатынаста әр жолы орындалған жұмыс актісі рәсімделеді. Қатынастың қай түрі қолайлы екені нақты жағдайға байланысты. Мәселен, жұмысты кез келген уақытта орындау мүмкіндігі сияқты артықшылыққа ие азаматтық-құқықтық шартпен бір мекемеге күзетші болып орналасу қисынға келмейтіні айқын.
Еңбек шарты ай сайынғы кіріс кепілі ретінде, әсіресе асырауында еңбекке жарамсыз отбасы мүшелері бар азаматтарға – мүгедектігі бар, денсаулығы шектеулі адамдарға, қарттарға, жүкті әйелдерге, құқықтар мен кепілдіктерді сақтау, өндірістік жарақаттанудың және денсаулыққа зиян келтірудің алдын алу мақсатында алғаш рет жұмысқа орналасатындарға, оқу орындарының түлектеріне қажет. Қоғамның осындай түйткілдері келісімшарт жасасуға ниет те, құлық та танытпайтын тұлғаларды толғандырып жатпасы белгілі. Өмірлік тәжірибені сарапқа салсақ, бұл санатқа криминалдық полиция мен прокуратураның назарына сұранып тұрған ашық қылмыстық кәсіп иелерін жатқызуға болады. Сол секілді қараусыз қалған шахталар мен кеніштерде, тау өзендерінің арнасында алтын өндіруге мемлекеттік монополияны бұзатын алтын қазғыштар белең алды. Иен далада археологиялық ескерткіштерді қиратып, ежелгі зергерлік бұйымдарды іздеу және оларды кейіннен елден әкету не сату үшін заңсыз қазба жұмыстарын жүргізетін көлеңкелі кәсіп жанданды. Сондай-ақ кеңестік кезеңнен қалған өлшеу құралдарының радиобөлшектерінен бағалы металдардың заңсыз аффинажын қылмыссыздандыру бірнеше онжылдық бойы мемлекет емес, ұйымдасқан топтардың тұрғындардан құрамында қымбат металдар бар радиокомпоненттерді сатып алуына әкелді.
Едәуір табыс тауып, салықтан жалтаратындар тізімін заңсыз жеке жүк тасумен, жылжымайтын мүлікті тіркеумен, салу және жөндеу қызметтерін көрсетумен, тіркеусіз, үй жағдайында косметикалық және медициналық қызметпен, сәуегейлікпен, өз бетінше қоғамдық су айдындарының акваториясы мен жағалауын басып алумен және азаматтар үшін заңсыз ақылы балық аулауды, демалысты ұйымдастырумен айналысатын адамдар «толықтырады». Олардың іс-әрекетінің себебі көбіне жасырын жұмыссыздық екенін де мойындау қажет. Сол секілді блогерлер мен басқа да жаңа мамандардың қызметі еңбек заңнамасымен толық реттелмеген. Елдегі көп кәсіпкер мен олардың балалары кем дегенде 2-3 жыл бойы Instagram, YouTube хостингтерінде авторлық бейне-роликтерді орналастырғаны үшін шетелдік көздерден қомақты қаражат алатын күмәнді дәстүр қалыптасты. Кейбір мәліметтер бойынша Біліктілік анықтамалығына бірнеше ондаған жаңа мамандықты енгізу жоспарланып отыр. Демек осы уақытқа дейін шетелден тауар сатып алып, өзімізде қайта өткізу арқылы пайда көретін интернеттегі сатушылардың қызметі де бір жүйеге келіп қалар.
Заңды сыйласа да еңбек шарты шеңберінен тыс жұмыс істеуге мәжбүр тұлғалар – шығармашылық қызметпен айналысатын азаматтар (жазушылар, ақындар, суретшілер, мүсіншілер). Ұлттың ар-ұжданы саналатын шығармашыл топтардың қызметін реттеуге қай кезеңде де талпыныс жасалған. Бірақ суретші шығармашылығының ерекшеліктерін ескеретін жұмыс беруші ұйымның еңбек режімі мен ішкі тәртіп ережелерін ойлап табу мүмкін болмады. Мысалы, суретшінің еңбегі еркін ойға, ұшқыр қиялға негізделіп, шабыттың шарықтауымен, нұсқаларды, эскиздерді талай мәрте іздеумен, көптеген сынақ, қателіктерді еңсерумен сипатталады. Сол секілді ақын-жазушылар көбіне кеш бата, ел аяғы саябырсығанда қалам ұстап, күндіз демалуға дағдыланған. Осылайша, шығармашылық иелерінің тұрмысы еңбек шарты аясынан шығып, табиғи түрде сұрыпталатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Қазіргі уақытта елімізде компьютер бағдарламашылары, цифрлық бағдарламалық басқару (ЦББ) станоктарын реттеушілер тапшы. Ат төбеліндей топ көбіне еңбек шарттарын қажет етпейді және жоғары жалақымен толық қамтамасыз етілген. Заман үдерісі әуесқой дарынды электроншының еңбегін де кең танымал етті. Кез келген дайын электронды құрылғыны жасау үшін радиокомпоненттер орнатылып, дәнекерленетін жоғары сапалы мөрлік тақша (PCB – printed circuit board) қажет. Ең қиыны – мыс байланыстырушы өткізгіштер ізінің сызбасын жасап, гербер сым файлдары мен тесік бұрғылау файлын алу. Мұндай жұмысты бірнеше танымал шартты-ақысыз компьютерлік бағдарламаларда мөрлік тақша сымдарының мамандары немесе құрылғы авторлары өз бетінше орындайды. PCB жасауға арналған файлдар пакеті негізінде Қытай, Тайвань, тағы басқа елдердің ондаған кәсіпорны ақылы қызметтерін ұсынады. Мұндай төлемдерді зауыт-өндіруші кез келген адамға қолайлы бағамен белгілейді. Танымал PCB авторына зауыт жаппай тапсырыс берушілердің төлемдерінің белгіленген пайызын төлейді. Әуесқой электрониканың бұл қызметі мүлдем жаңа және еңбек заңнамасымен реттелмейді.
Сонымен, біз еңбек қатынастарын және онымен байланысты жұмыскерлер мен тұлғалардың әртүрлі санатын реттеудегі ағымдағы жағдай мен жаңа үрдістерге тоқталдық. Бұдан жасалатын тұжырым – еңбек шарты қатынастардың мәніне, еңбек заңнамасындағы олқылықтарға және кейбір адамдардың қалауына байланысты әрдайым қолданыла бермейді. Ал келісімшарт жасаудан қашатын көпшілік құқық бұзушылықпен бетпе-бет келетіні бесенеден белгілі.