• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Тамыз, 2024

Аудан жұрты әкімін сайлады

51 рет
көрсетілді

Ақтоғай ауданында екінші рет әкім сайлауы өтті. Бұл жолы ел тізгінін мемлекеттік қызметте шыңдалған, ауданның әлеуметтік, экономикалық мәселелерін жетік білетін Абылай Аманжолов ұстайды. Бұған дейін ол аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

Саяси науқанға ауданның 4698 тұрғыны қатысып, таңдауын жасаған. Сайлауда басым дауысқа ие болған Абылай Аманжолов ауданның жаңа басшысы болып сайланды.

– Бұл сайлауда үш кандидат өз­дерінің үгіт-насихат жұмысын жүргіз­ді. Барлығына бірдей мүм­кіндік берілді. Сайлау комиссияларына да арыз-шағым түскен жоқ. Ақтоғай ауданында әкім сайлауына байланыс­ты 38 сайлау учаскесі талапқа сай жұмыс істеді. Заң бұзушылық тіркелген жоқ. Аудан бойынша сайлау учас­келеріне барлығы 10 213 адам тір­келген. Сайлау қорытындысына сүйенсек, 2997 сайлаушы Абылай Аманжоловқа дауыс берген. Ал оның бәсекелестері Қайрат Нөкеш пен Орал Стыбаев 1424 және 59 дауыс жинады. Мұнымен қоса, «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны 60», дейді ауданның аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Райымбеков.

Аудан әкімдерін тікелей сайлау – жалпы өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігінің бірі. Сондықтан аудан әкімін тікелей сайлау нәтижесі мейлінше маңызды дейді комиссия төрағасы.

«Бұл бір жағынан сайланатын әкімнің жауапкершілігіне бай­ланысты. Екінші жағынан халық­пен қарым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағи­дасының шын мәнінде жүзеге асуына толықтай өз үлесін қосады. Егер сайланған әкімнің жұмысына көңілі толмаса, халық оған мәслихат арқылы сенімсіздік білдіреді. Мәслихаттың құрамы да бұрынғыдай партия тізімімен емес, ауыл, аудан, қала деңгейінде толықтай мажоритарлық сайлау жүйесі арқы­лы жүзеге асады. Бұл – жергілікті белсенділерге, туған жерінің дамуына үлесімді қосамын деген азаматтарға жол ашады. Бұл – тікелей сайлаудың артық­шылықтары. Әкім мен халық ара­сын­дағы байланыстың нығаюына, жауапкершіліктің артуына және жұмыстың тиімділігіне тікелей әсер етеді», дейді әкім сайлауының ел ішіндегі саяси рөлі жөнінде Жан­болат Райымбеков.

Сонымен, аудандағы саяси дода мәресіне жетті. Халық таңдау жасаған әкім бағдарламасында шешімін табуға тиіс мәселе жетерлік.

«Халықтың сенімі – ең құнды. Жерлестерімнің қолдауы­на ие болып, ел тізгінін ұстау – ең биік мәртебе әрі орасан зор жауап­кер­шілік. Осы додада маған қарсылас болған әріптестеріме құрметім жоғары. Сайлауға қатысқан барша жерлестеріме алғысымды айтамын. Науқанға атсалысқан штаб мүшелеріне, сенімді өкілдерім мен байқаушыларға ризашылығымды білдіремін. Ел мен жерге қалтқысыз қызмет етеміз», дейді жаңа әкім.

Ақтоғайға қызмет ету – Халыққа қызмет ету. Ел сеніміне селкеу түсір­мей, аудан халқының әл-ауқатын арттыру – енді жаңа әкімге жүк.

 

Қарағанды облысы,

Ақтоғай ауданы