Қытайдың Үрімші қаласынан велосипедпен жолға шыққан Бүрлен есімді жиырма жастағы қазақ қызы Астанаға жетті.
Бүрлен Әділетқызы – Шыңжаң өлкесі, Дөрбілжін ауданының тумасы. Биыл жоғары оқу орнын бағдарлама жасақтаушы мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол Қазақстан – Қытай арасындағы ынтымақтастықты қолдау мақсатында сапарға шыққан. Екі мың шақырымды артқа тастаған Бүрленді елорда жұртшылығы ерекше ықыласпен қарсы алып, шашу шашып, қымыз ұсынды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Астана қалалық филиалының басшысы Ғалым Үлкенбайұлы Бүрленді жеңісімен құттықтап, Алғысхат және ақшалай сертификат табыстады.
«Астанаға аман-есен жетіп, сіздерді көргеніме өте қуаныштымын. Қарсы алып жатқан ықыластарыңызға көп рахмет. Бұл сапарды көптен бері ойластырып жүр едім. Тәуекелге бел буып, 21 шілдеде Үрімші қаласынан жолға шықтым. Басты мақсатым – екі елдің достығын насихаттау. Биыл «Бір белдеу, бір жол» жобасына 10 жыл толып отыр. Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режім орнағаннан бері саяхатшылардың саны артып келеді. Екі ел арасындағы достық нығая берсін», деді ол.
«Жол азабын жүрген біледі» демекші, Бүрленнің бұл сапары түрлі қиындық пен қызыққа толы болған.
«Бұл – велосипедпен шыққан алғашқы саяхатым. Күніне 100-150 шақырым жол жүріп отырдым. Күннің ыстығы аздап қиындық тудырды. Қызуым көтеріліп, ауырған күндерім де жоқ емес. Әуелде жуан дөңгелекті велосипедпен шыққанмын. Бірақ ол баяу жүретіндіктен, жіңішке дөңгелекке ауыстырдым. Жолда тас, әйнек кіріп, доңғалағым жарылып, шынжырым істен шыққан кездер болды. Бәрін өзім жөндеп алдым. Таңғы 5-терде шығып, түнде аялдап отырдым. Жолда кездескен жандардың барлығы қолдау білдіріп, сусын беріп, тамағымен бөлісіп, көмектерін көрсетіп жатты. Бұл сапар өмірімнің бір белесі ретінде ерекше есте қалатыны сөзсіз. Атамекенге табаным алғаш тиіп тұрған жоқ. Бірақ осы жолғы алған әсерім мен толқынысым ерекше», дейді Бүрлен Әділетқызы.
Велосапар көңілінен шыққаны сонша, Бүрлен алдағы уақытта өзге елдерді де аралауды жоспарлап отыр.