Астанада «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім» тақырыбында педагогтердің қалалық тамыз кеңесі өтті. 2 мың ұстаздың басын қосқан жиынның басты мақсаты – білім саласын цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларының озық үлгілерін енгізу. Білім ошақтарының басқа да өзекті мәселелері де назардан тыс қалмады.
Педагог қызметкерлеріне арналған тамыз кеңесі – жаңа оқу жылының басталуына орай жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі іс-шара.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қала тұрғындарының жыл сайынғы өсімін ескере отырып, елордада бірнеше мектеп салынып жатыр. Статистикаға сүйенсек, бас қалада жылына 35 мың бала дүниеге келеді. Бүгінгі сәби – ертеңгі оқушы. Сондықтан оларды жайлы мектеппен қамту – өзекті мәселе.
«Қазіргі уақытта екі ауысымда 100 мың оқушыға арналған 30-дан астам мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу жылы ішінде 20-дан астам мектеп ашамыз. Олардың бір бөлігі — «Жайлы мектептер». Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Samruk-Kazyna Construction» 2024–2025 жылдар аралығында 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салады. Жауапты министрлікпен, университеттермен, инвесторлармен бірлесіп, жатақханаларда орын санын арттыру бойынша жұмыс істейміз. Биыл Астанада 4,5 мың орынға арналған 6 студенттік жатақхана салынады. Тағы 4 университетке жатақхана салу үшін жер телімі бөлінді. 2025 жылы тағы 2 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осы іс-шараның барлығы оқушыларымыз бен ұстаздарымызды қолдауға бағытталған», деді елорда басшысы.
Бұған қоса жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім саласына салынған инвестиция көлемі жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтты.
«Адам өміріндегі сарқылмас қазына – білім мен тәрбие. Ал оны беретін ұстаз. Сондықтан да біздің педагогтер Мемлекет басшысының үнемі қолдауы мен қамқорлығын көріп отыр. 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасымен 46 мұғалім марапатталса, «Үздік педагог» атағын 668 әріптесіміз иеленді. Ал төрт жылда ұстаздардың жалақысы екі есеге артты. Сондай-ақ кейінгі бес жылда білім бюджеті екі есеге, ал инвестициялар көлемі алты есеге өсті. Астана қаласында балабақша тапшылығын байқап отырмыз. Бүгінгі таңда 2–6 жасқа дейінгі балаларды қамту 81 пайыз. Бұл бағытта қала әкімдігі ауқымды жұмыс атқарып жатыр. 2025 жылға дейін бірінші рет 10 балабақша салу жоспарланған. Бұл – орасан зор жетістік. Әлеуметтік осал топқа жататын отбасындағы 97 мың бала тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Оның 11 712-сі елорда балабақшаларына тиесілі», деді министр.