• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:45

Пестицид: Қажеттілік пен қауіпсіздік арасы

22 рет
көрсетілді

Жеміс-көкөніс өнімдеріне сұраныстың артуымен зиянкестермен күресу үшін химиялық пестицидтерді барған са­йын қарқынды және бақылаусыз пайдалану байқалады. Оған қоса климаттың жаһандық жылынуымен бірге зиянды организмдердің түрлік құрамы өзгеріп, жаңа індеттер пайда болды. Осыған байланысты FАО (БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) мамандары қауіпті препараттарды қолдануды барынша азайтып, кейін олардан толық бас тартуға көмектесетін заманауи әдістерге назар аударып отыр.

Халықтың үнемі өсіп келе жатқан сұранысын қана­ғат­тандыру үшін ауыл шаруа­шы­лығында өсімдіктерді қор­ғаудың химиялық құрал­да­рын қолдану ең оңтайлы жол бол­ғаны айқын. Азық-түлік тап­­шылығына ұшырамаудың қа­мымен адам ұзақ уақыт бойы оның залалынан гөрі пайдасын бірінші орынға қойып келді. Бірақ адам ағзасына тікелей немесе жанама жолмен – өнімді тұтыну, ауа, су және топырақ арқылы енген улы химикаттар түрлі аурулар тудыруы мүмкін. Олардың шамадан тыс көп болуы жасушалық деңгейде мета­боликалық үдерістердің бұ­зылуына, қатерлі ісік, қант диабеті, глаукома, сал ауру­ларының пайда болуына әкеле­ді. Алайда денсаулыққа, қор­шаған ортаға кері әсер ететін фактор мен жаһандық жоқ­шылық қаупін салмақтай келе, адам үнемі екеуінің ара­сын­дағы теңгерімді іздеуге мәж­бүр. Мысалы, жыл сайын фермерлеріміз жеміс-жидек дақылдарының бактериялық зақымдануынан елеулі шығынға ұшырайды. Түркістан облысында 50 мың гектар аумақтағы жеміс дақылдары бактериялық күйіктен айтарлықтай зардап шеккені белгілі. Сондай-ақ өсімдіктерге қызанақ күйесінен, қоңыр-мәрмәр қандаласынан келер қауіп көп. Өнімділіктің күрт төмендеуі азық-түлік тапшылығына әкеледі. Осы күрделі мәселе айнала мен адам денсаулығына кері әсері аз баламаларды әзірлеуге мо­йын бұрғызып, қоршаған орта­дағы, дақылдар мен тамақ өнім­деріндегі пестицидтердің қал­дықтарын бақылаудың өзек­тілігін танытып отыр.

Агроазық-түлік саясатына «жасыл» күн тәртібін енгі­зуді көздейтін FАО бастамасы отандық фермерлердің за­ма­науи оқу-дағдыларды мең­геріп, жаңа деңгейге көшуіне көмектеседі. Ұйым же­тек­ші­лігімен елімізде тұрақты ор­га­никалық ластағыш­тар (ТОЛ) мен ауыр металдар дең­­­гейін төмендетуге ық­пал ете­тін экономикалық қолже­тім­ді, экологиялық таза және қол­дануға оңай био және фиторемедиция технология­сы сынақтан өткізіліп жатыр. FАО қауіпті препараттарды қол­дануды 60%-ға дейін тө­мен­­детуге және кейбір кезең­дер­де тыңайтқыштардан бас тар­туға мүмкіндік бере­тін әдіс­терді қолдануды ұсына­ды. Халық денсаулығын, био­а­луа­ндылықты және топы­рақ­­тың сапасын сақтау үшін әлемде қауіпті және каран­тин­дік зиянкестердің таралуын бақылайтын және пес­ти­цидтерді пайдалануды азайтатын кешенді құрал – біріктірілген қорғау тәсілі (Integrated Pest Management, IPM) кең қолданыс тапқан. IPM тиімділігін көрсету үшін FАО былтыр еліміздің алма бақтарында, қызанақ алқаптарында және қырық­қабат фермаларында сынақтар жүр­гізді. Олар пестицидтерді қол­дануды айтарлықтай төмен­де­тіп, дәстүрлі әдістермен салыс­­тырғанда жоғары нәтиже берген. Дәстүрлі әдіс бір маусымда 20-ға дейін өңдеуді қажет етсе, IPM бұл көрсеткішті 6-ға дейін қысқартып, 80%-дан аса экономикалық тиімділікке қол жеткізді. Бұл ретте токси­кологиялық сараптама топырақ пен жемістерде химиялық зат­тардың ізі жоқтығын, жиналған өнімнің тазалығын көрсетті. Шілдеде Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қол­дауымен Түркістан, Алматы, Павлодар және Ақмола облыс­тарында тренингтер өткізілді. Сессияларға жергілікті фермерлер мен бағбандар ғана емес, сонымен бірге атқарушы органдар мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің, сондай-ақ ҮЕҰ өкілдері қатысты.

«Пестицид тәуекелдерін азайту үшін үш рет жуу әдісі мен бүрку жүйелерін дұрыс пайдалану қажет. Қазір көптеген ел өсімдіктерді қорғаудың эко­логиялық таза технологияларына белсенді түрде көшкен кезде Қазақстанда бұл бағыт тек жоғары уытты улы химикаттармен өңдеуге негізделген деу – қате. Аграрлық салада пестицидтерді бақылаусыз қолданудың артуы ғалымдарды қатты алаңдатады. Топырақтың саулығы мен экологиялық те­пе-теңдігін қамтамасыз ету және қауіпсіз ауыл шаруа­шылығы тәжірибесін дамытуда тыңайтқыштар мен өңдеу кестелерін пайдалану­ды оңтайландыру зор рөл атқарады. Сондай-ақ қауіп­тіліктің 3 немесе 4-санатына жататын пестицидтердің ба­ламаларын зерделеу және биофунгицидтер мен биоин­сектицидтерді пайдалану мүмкіндігін қарастыру өте маңызды», деді Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Жанна Исина.

Тағы бір проблема пестицидтерден қалған бос ыдыстармен байланысты. Өкінішке қарай, көп өңірлерімізде мұндай қалдықтарды жинау және қайта өңдеу жүйесі әлі құрылмаған. Өртелген не көмілген қалдық топырақ пен су нысандарына сіңіп, қоршаған ортаны ластайды. Фермерлер контейнерлерді күнделікті өмірде, әсіресе, азық-түлік мақсатында пайдаланған кезде жағдай одан да қауіпті бола түседі. FAО пестицидтер контейнерлерін басқару жүйесі жөніндегі ұлттық кеңесшісі Әсел Шаханованың айтуынша, тәжірибе бос канистрлер жуу технологиясы сақталмай, көбіне пестицидтердің қал­дықтарымен бірге кәдеге жара­туға жіберілетінін көрсетіп отыр. Зерттеулерге сәйкес үш рет жуу қауіпті заттардың мөл­шерін едәуір азайтады.

Мамандардың айтуынша, интеграцияланған күрес сынақтары пестицидтерді зиян­кестерді жоюдың биоло­гиялық әдістерімен үйле­сімде әлдеқай­да аз қолдануға болатынын ай­ғақ­тай отырып, толымды нәти­же бер­ді. Енді шаруалар бұл тәсіл­дің экологиялық және эконо­микалық артықшылығын іс жүзінде бағалай алады.