Астындағы атында алты жасар баланың ақылы бар халықпыз. Оның үстіне бозбалалары үйірген асығын алшы қылған, үйір жылқы айдап, қабыланның құйрығын қамшы қылған қазақтың даласында «төбел бие сойдырып, төменгі елді, жорға бие сойдырып жоғарғы елді шақырған» ұлы дүбір тойдың басталуына да санаулы күн қалды. Той деп отырғанымыз – 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары. Ондағы 21 ойын түрінің 10-ы қазақтың ұлттық спортына жатады екен.
Аталған ойындардың басты рәмізі ретінде Күнбасты салт атты бейне таңдалып алынған. Бұл белгі Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізуші елдердің барлығында қолданылып келеді. Қою қызыл түспен боялған логотиптің жалпы пішін сұлбасы көшпелілер қолдан жасаған тұрмыстық бұйымның сәндік элементтеріне ұқсайды. Белгінің күнбасты салт атты болуының өзінен-ақ спорттық ойындардың басым бөлігі ат үстінде болатынын аңғару қиын емес. Әрі ол төрт тұяғы төрт шумақ өлеңге ұқсаған жылқымен төрт құбыласын түгендеп келе жатқан халқымыздың тарихының да бір көрінісін айғақтап тұрса керек.
Ат туралы әңгіме айтса, ішер асын жерге қоятын қазақтың абырой атағының бір өлшемі – аламан бәйге. Арғымақ пен аруды бірдей көріп мәпелейтін ақсүйектігіміздің белгісі саналатын жылқының бабы туралы айтар болсақ, оның тегінен бастауға тура келеді.
Тұлпардың жүйріктігі енесінен...
«Ат болатын құлынның мүшесінен, кісі болар баланың кісесінен» танитын біздің ел жүйрікті құлын кезінен танып, қамқорлығына алуға тырысқан. Мәселен, жүйрік тайды сынағанда бірінші кеудесінің кеңдігі мен бүкіштеу беліне баса мән берген. Сонымен қатар жүйрік болатын құлынның сынын аузы, жағы, тұмсығы ұзын, үрпек жүнді, денесі түкті, қылшық басқан, алды-арты тең төртбақ, аяқтары жуан, шашалы, кірпік-қасы мол, артынан қарағанда алдыңғы төсі көрінетіндей талтақ, тізесі шор, буындары жуан, төсі шалқақ, мойны ұзын, үстіңгі күрек тістері түйе тісті, жан-жағына ұрлана қарағыш және ұйқышыл келеді деп суреттейді. Ұйықтағанда төрт аяқты керіп жатады. Алайда қазақ жүйрік атты тек тұрқынан ғана емес, енесіне сын көзбен қарап, бие ішіндегі құлынын қай уақытта, қандай ерекшелікпен төлдейтінін де білген. Егер бие жүйрік төлдейтін болса, күзейтін болған. Жүйрік әкелетін бие таң бозарып атып келе жатқан мезгілде бошалайды. Алдына қара салмайтын шынайы жүйрік енесінен жерге төрт аяғымен тік түседі. Мұндай жағдайда қазақ астына киіз төсеп, көтеріп алатын болған. Іште жатқан құлынның өзін сыннан өткізетін бапкерлер жүйріктерге «Желқанат», «Тесік өкпе» деген сияқты атау да берген. Кей деректерге сүйенсек, шын мәнінде, жүйрік жылқының өкпесінде бармақтай тесік болатын көрінеді. «Желқанат» деп атайтын себебі – арғымақ болатын аттың бір қабырғасы артық болып келеді. Қазақ даласында есімі тұлпарлармен қатар аталатын Толыбай, Күреңбай сияқты сыншылар өткен. Ат сыншылары нағыз жүйріктің бойындағы белгілерін тап басып, тұлпарды қай уақытта жаратып, қай уақытта жаратпау керектігін айна-қатесіз айтып отырған. Ал дүбірі даланы иітіп дүниеге келген құлынды «тайында тасқа сал, құнанында құмға сал, дөненінде қоя бер, бестісінде бәйгеге қос, бәйге алмаса басын кес» деп әрі қарай баптауға кіріседі. Айтса айтқандай-ақ, жүйрікті тай кезінен баптап, балаша қарап, жүрегін шайлықтырып алмай, қанжілік қылып қанын бұзбай, сүйегін жасытып, құнан шыққанда аздап аламан көрсетеді. Мұны қазақ «қолтығын жазу, жер таныту» деп атаған. Сөйтіп, күзге қарай қолға алып, қыста жілігінен суық өткізіп алмай, көктемде қар суымен қоя беріп піштіруді «қанды бұт» деп атайды. Осыдан кейін дөнен азу жарып, қайта оралады. Бұл – жүйріктің мүшелге толғанының белгісі. Бесті болу – бәйге аттың беске толуы. Бесті – жігіттің 25 жасындай күшті жас. Бұл кезде де жүйріктің күшін сақтап, күзден бастап күтімін жасап, қыста қолға алып бағады. Кейде тебінге қоя беріп, қол-аяғындағы зорықты алдырып, қар тепкізеді. Мұның барлығы – қазақтың жүйрік баптаудағы дәстүрлі қағидалары.
Ат бабының атаулары
Баптауға алынған жүйрік атты көк тістетпей, көктемде де қолда бағады. Өйткені көк шөп аттың етін босатып, көбеңсітіп жібереді. Өкпесін де қабындырып тастайды. Сондықтан атты тек қана пішен, сұлымен бағады. Пішен мен сұлы аттың әуелгі күш-қуатын, етін қалыпты сақтауына септігін тигізеді. Жүйріктің мұндай күйін «қу тезек» деп атаған. Қазақ «Ат шаппайды, бап шабады» дегенде сол ат бабының қиындығы туралы айтса керек. Жүйрікті жаз шыға бере шалғынға біраз күн қоя беріп, етін көтеріп барып баптауын «көкке аунату» деп атайды. Ат бұл кезде қыста жиған қазысын жазады. Осы кезеңнен өткеннен кейін жүйрікті қайта қолға алып баптайды. Аз мініп бусандырып, кешке арқандап жайып, күн шықпай алып келіп байлап, бір айдай жүреді. Кейін еті әбден қатқан соң барып жайылу уақытын созып, мінуді де көбейтеді. Өте семіз болса, қолға ұстай бастаған алғашқы күндері екі күнде бір суарып, кейін келе бір күнде екі реттен суарып отырады. Әрі ат су ішіп, басын бір көтергенде суды сол күйі ішкізбей тоқтатады. Мұны «атты көкқарыннан сақтау» деп атайды. Егер ішінде зорық болса, қайнаған қара шаймен суарған. Осылайша, ішінің зорығын шығарып отырады. Сол сияқты қан бұзылса да, жүйріктің қанын түзеу үшін иленген қамырды суға шылап берген. Кейде әр бапкер өзінің ыңғайына қарай сары саумал беріп те жатады. Кейбір деректерде ертедегі қазақтар бестісінде жүйріктің тілін жайлауға буып жіберетіні жайлы айтылады. Сонда күзде ұстағанда бәйгеге өзі-ақ дайын тұрған. Сол сияқты әр бапкердің өзінің ат баптау тәсілі болады. Баптау барысында көбік терін алып, ащы терін шығарады. Ащы терін алу дегеніміз – қара жарысқа қосып, таң асыру. Таң асырғанда да сол күнгі аттың көңіл күйіне қарайды. Одан кейін бәйге алаңының нақ қашықтығын білген соң ғана сол қашықтықта атты жүгіртеді. Осылайша, аттың «тұнық терін» алады. Содан кейін бапкер аттың терін саусағымен жалап көреді. Егер тері тұнық болып мөлдіреп, басқа дәмі болмаса, онда жүйрік бабына келіп қалған деп есептелінеді.
Тер алудың маңызы өте үлкен. Өйткені кей жылқы тершең болса, кей жылқы оңайлықпен терлемейді. Сондықтан бапкердің жаңылысуы әбден мүмкін. Егер терлемейтін жылқы болып, тері алынбай қалса, болмаса тершең жылқы болып, сәл артық кетіп қалса да, аттың күйі бұзылады. Оның үстіне кей жылқы қара етті, кей жылқы қызылаш болады. Қара етті жылқының сырты семіз көрінгенімен, іші майсыз келеді. Қызылаш жылқы тырбиып тұрса да, ішінде май көп болады. Оны да білу өте маңызды.
Ал жүйрік атты бапкерлер бәйгеге бір күн қалғанда үйірге қосып жіберген. Әбден іші пысып тұрған жүйрік әрі-бері ойнақтап, таң ата жылқымен бірге жусап ұйықтайды. Сонда ұйқысы қанды деп есептеген. Оны бапкерлер тілінде «бәйге атының ұйқысын қандыру» деп те атайды.
Ат баптаудың белгілі бір қағидасы да жоқ. Өйткені әр аттың психологиясы әртүрлі. Бұл бапкер үшін маңызды. Сондықтан ол нені қалап тұр, соны білу керек. Қазақ көбіне қарабайыр жылқыны ұстаған. Себебі қарабайыр тұқым суыққа шыдамды, мініске төзімді. Қарабайыр 50 шақырымға шапса, қазанат, ақалтеке 25-30 шақырымға шабады. Қазанат, дончак, ақалтеке тұқымдарының өңі жұқа келеді. Сондықтан ерекше бағып-күтуді қажет етеді.
– «Алуан түрлі жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген мәтел тегін айтылмаса керек. Соған қарай бапкер де алуан түрлі болады. Мысалы, жүйрік аттың күйіне келсек, семіз, қоңды жылқының бабы ұзаққа созылады. Ондай жылқыны ұстаған сәттен бастап-ақ қара терін алып, қара жарысқа сала берген жөн, – дейді жылқышы Қасқырбек Нұрмаханов.
Құртқаның ізіндегі қаракөздер
Жылқы десе жүрегі тулап қоя беретін қазақтың азаматтары ғана емес, арулары да атқа жақын болған. Тарихта Тайбурылды баптаған Құртқа сұлу туралы аңыз қалуының да астарында осы сөзіміздің ақиқаты жатқандай. Бүгінде сол Құртқаның сіңлілері жоқ емес. Олар тіпті жігіттерден гөрі жылқыға жақын екендіктерін әлеуметтік желілерде жариялап та жүр. Ат баптап, жүйрік жаратып жүрген арудың бірі әрі бірегейі Аружан Амангелдіқызы. Ат жалында ойнаған аруымыз, арғымақты тану мен түсінудің амалдары туралы айтып, ағынан ақтарылды.
– Жылқы баптау – жылқымен тілдесу деген сөз. Оны сынаудың да түрлі жолдары бар. Біреулер сыртқы тұрқы мен қимыл-қозғалысына қарап білсе, біреулер ізіне қарап-ақ қандай жылқы екенін жазбай таниды. Мысалы, жүйрік жылқының ізіне қарасаңыз, алдыңғы аяғының басқан орнын артқы тұяғы келіп дөп басады. Бұл – жүйрік жылқының белгісі. Ал артқы тұяғының ізі алдыңғы тұяғынан озып түссе, онда жүйрік емес, жорға жылқының белгісі. Ал енді алдыңғы, артқы тұяғының ізі де бірдей анық, бірақ артқы тұяғының ізі алдыңғы тұяғының ізінен кейін түссе, онда шабан аттың белгісі.
Жүйріктің бабына келсек, жылқы қыздан да нәзік болып келеді. Сондай-ақ мінезді болады. Олардың қалауын қабағынан білмесеңіз, көңіліне жақпай қалуыңыз әп-сәтте. Жылқының да мінезі, талабы, таңдауы болады. Кейбіреулері жуас, байыппен жүріп, елеңдемей, өзін салмақты ұстайды. Ал кейбіреулері керісінше құлағын қайшылап, тырс еткен дыбыстан үркіп, тыпыршып, жер тарпып, жүргенде еркелеп жүреді. Енді бірде үстіндегі мінген адамға қарай ыңғайланып жүретін жылқылар болады. Мұндайда тізгіндеушіні тілсіз ұғатын жануар үстінде отырып қорықсаң, онда өз-өзін дұрыс басқара алмайды. Үстінде нық әрі сенімді отырсаң ғана басқан қадамында сенімділік болады.
Аттың сынына келсек, жүйрікті кез келген адам бір көргеннен танымайды. Аттың тұрпаты, тұрысы, жүрісі, шабысы, аунауы, тіпті жүрген кездегі құйрығының орналасуы көп нәрсе айтады. Алайда әр іске бейім аттың сыны әртүрлі болады. Мысалы, көкпарға басы үлкен, кеңсірігі кең, азулы, мойынды, көкірегі жалпақ, жуан, сауырынды, жүректі, қайтпас мінезді, ірі әрі мығым аттар жарайды. Ал жіңішке мойын, аяқтары ұзын, тік бақайлы, шоқтығы биік, ұзын, салқы төсті аттар ұзаққа шабады.
Атқа мінуді жақсы көру мен атты жақсы көру мүлде бөлек нәрсе. Аттың жанарынан оның көңіл күйін, ауру-сау екенін, не істегісі келіп тұрғанын бір қарағаннан түсіне алмайсың. Ат жарықтық иесінің көңілінен шығам деп талпынады, ал адам тым қинап жібереді. Бәлкім, оған жүген тар болып, езуі жырылып жатқан шығар, мүмкін шоқтығына ер тиіп батқан шығар, тағаның шегесі тұраға тиіп, жүргенде ауырсынатын шығар. Оның бәрін ол айтпайды, білдіреді. Міне, осындай жағдайда оларды түсіну үшін түйсік пен жүрек керек, – дейді ол.
Шынымен де, жылқының бойында ұлтымызбен рухымызды біріктіріп тұрған бір қасиет бар. Мұндай құдіреттің ертегілерде сипатталуы да ер мен аттың бір-біріне серік болғаны атам заманнан бері жалғасып келе жатқандығынан дерек береді. Мысалы, «Ер Тарғын» жырында да: «Айналайын, Тарланым, Құлында емдің, тайда емдің, Құнан жаста арда емдің. Дөнен жаста үйреттім, Алты қабат ала арқан, Жібектен өріп сүйреттім. Алшақтатып ойнаттым. Таудан асқан тұлпарым», деп еміренсе, Қабанбай өзінің Қубасымен серттескенде: «Айналайын, Қубас ат, Сен келдің отыз сегізге, Мен келдім жетпіс сегізге. Сені мініп шапқанда, Тайсалмай түстім теңізге. Сенен басқа ат мінсем, Мінгендей болдым өгізге», дейді. Міне, мұның бәрі де қазақ пен жылқының жіпсіз байланып, жіксіз біріккенінен хабар берсе керек. Қазақтың көзге, тұяққа, жүрісіне қарап жылқы тануы – өзгеде жоқ ерек қасиет. Сондықтан да ат баптау өнері – ең ежелгі дәстүріміздің алтын діңгегі. Жылқы психологиясын білу, жылқы тану, оны бағып-баптаудың өзі – дала мәдениетінің бір мәйегі.
Ал азаннан салса кешке озып, ылдидан салса төске озып, құмына аунаған құлыны құлагер боп шығатын қазақ даласында өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарындағы ұлы аламанға қазірге қанша ат қосылатыны белгісіз. Алайда бәйгеден бағын сынап келетін жүйріктерге арнайы алаң дайындалған. Онда дәстүрлі ұзақ бәйге және ұшқыр бәйге болады. Ұшқыр бәйгеге арналған алаңның бір айналымы 1 600 метрді құрайды. Ұшқыр аттар үшін жарыс үш түрлі қашықтықта болады. Ал дәстүрлі бәйгенің ұзақтығы 25 километрге дейін. Бұл бәйгеге келген аттар аламан бәйге, топ бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге деген сияқты жарыс түрлеріне қатысатын болады.
Шапағат ӘБДІР,
журналист