Бүгін, сайлау атты жалпыұлттық «жиында» Қазақстан халқы көпжылдық келешегін, келесі заңғар белестерін айқындайтын түйін жасады. Ол түйін-таңдау – табысы толайым, беталысы орайлы Назарбаевтың «Нұрлы жолымен» тағы да толық үндестік тауып отыр.
Мені таңдандырғаны әрі тәнті қылғаны сол, таңертең, сағат 6-да сыртқа шыққанымда, Ұлттық академиялық кітапханадағы, сонымен қоса, №66-шы мектептегі сайлау учаскелері алдында қарақұрым халық жиналып қалыпты. Дауыс беру рәсімінің тек 7-де басталатындығына қарамастан, тіпті таяққа сүйенген қариялары және басқа да адамдар бар, ендігі ұзын кезек түзген екен. Қазақстан халқының өзінің азаматтық ұстанымын білдіруде соншалықты белсенділік танытуы мені бір қуантып тастады.
Біз осы сайлау алдында кандидат Н.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабымен бірге әртүрлі өңірлерді, ауыл-аймақты аралағанбыз. Сонда халқымыздың Нұрсұлтан Назарбаевты қуаттап-қолдайтынына, ел басшылығында тек осы тұлғаны ғана көруге құштарлығына әбден көз жеткіздік.
Қазақ елі – тағдыры тарихтың түп-тереңінен бастау алатын абыз халық. Ол ешқашан өнегелі тарихын ұмытқан емес. Осыдан 25 жыл бұрын біз кім едік? Кеңес Одағының республикалары ішіндегі соңғы орында тұрған, дамуы кенже қалған, көш соңында салпақтаған ел едік.
Сонау мыңжылдықтар тоғысында, Кеңес Одағы күйреп жатқан тарихи сын кезеңде-ақ халқымыз ел тізгінін Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырған-тын. Нәтижесінде, оның басшылығымен Қазақ елі талай асқар асулардан асты. Осы жолдағы талай «тар жол, тайғақ кешулерден» Елбасы елді абыроймен шығарып, үдемелі дамуға жол таба білді! Сөйтіп, кенже қалған жұртын қуатты, ұрпағын сауатты, келешегін тату-тәтті күнге жеткізді. Бұл туған елдің – тағдыр алдындағы, ал, Елбасының – тарих алдындағы тұғырлы жеңісі, ұлы мақтанышы болатын.
Ал бүгін біздің алдымыздан тағы да тарихи да тағдырлы таңдау жасау сәті туған еді. Халықтың қалауы – Назарбаев болды. Қазақстандықтардың Қазақстан көшбасшысына көрсеткен бірауызды қолдауын киесі күшті Еліміздің даналығы дара Елбасына және оның алдағы қадам-қимылдарына деген «ақ батасы» ретінде қабылдауға да болады. Бұл татулық пен тұрақтылықты ту еткен, әлемге бейбітшілік пен келісім нұрын таратқан Қазақ елінің жеңісі!
Әр елдің өзіндік демократиялық даму жолының болатыны рас. Қазақстан да халықаралық қауымдастықтың және жаһандық құқықтық тәртіптің бір мүшесі ретінде тәуелсіздік жариялаған күннен бастап, әділ де адал, халықаралық ұйымдар ашық деп бағалаған сайлау өткізіп келе жатыр. Азаматтарымыздың өзінің дауыс беру құқығы мен мүмкіндігін толыққанды пайдалануына барлық жағдайлар, тетіктер жасалған.
Біз Мемлекет басшысының алда қандай ұлы істерді қолға алатынын білеміз. Ол – «5 халықтық реформа» деп аталады. Ал, бұл реформалардың тұғыр-ұстынын құраушы, «Мәңгілік Ел» идеясы арқауындағы жұмылдырушы құндылықтар – азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыстылық пен білімді қастер тұту, зайырлы ел – тағаттылық елі болмақ.
Біздің бүгінгі жалпыұлттық таңдауымыз үшін кейінгі ұрпақ әлі-ақ алғысын айтар. Өйткені, ол келешекке кемел Қазақстанды табыстауды көздейді. Біз біртуар, бірегей көшбасымызбен бірге әлемдегі ең дамыған отыз елдің сапына еркін қосылатын боламыз. Қазақстанның мәртебесі зор, ырысы мол боларына сенімдімін!
Елбасына дауыс бердім мен бүгін!
Теңселтпеген Тәуелсіздік теңдігін.
Мәңгілікке, «Мәңгі елге» бастаған,
«Нұрлы жолмен» егеменді елдігін.
Елбасына дауыс беру елге сын,
Бейбіт күнде ана бесік тербесін.
Оқтың даусы не екенін білем мен,
Оқ пен оттың ортасынан келгесін.
Елбасына дауыс бердім, неге мен?!
Шаңырағым – алтын, күміс керегем,
Елбасының еңбегі деп танимын,
Бүгінгі таң, Қазақстан – егемен!
Елбасына дауыс бердім, себебі,
Көшбасшымыз көш бастаған өрелі.
Кім нығайтса Тәуелсіздік іргесін,
Халқы мәңгі соған ғана сенеді,
СОҒАН ДАУЫС БЕРЕДІ!
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының
«Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы.