• RUB:
    5.28
  • USD:
    482.78
  • EUR:
    536.66
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Денсаулыққа сеп нысандар

27 рет
көрсетілді

Жетісуда медицина саласына бағытталған блокті-модульді нысандар көптеп салынып жатыр. Мәселен, биыл ондаған ауылда заманауи емханалар бой көтерген. Одан бөлек, кейінгі екі жылда 47 ветеринарлық пункт салынған. Жақында облыс орталығында тұрғызылатын онкологиялық орталықтың да жобасы сызылды. Қазір ауылдағы халықтың әлеуметтік деңгейін жақсарту мақсатында осындай қадамдар жасалып жатыр.

Президент Жолдауында берілген тапсырманы іске асыру аясында мамандардың жалақысын кезең-кезеңмен 60 пайызға көтеру үшін қосымша 1,2 млрд теңге қаражат жұмсалды. Бүгінде мамандардың орташа жалақысы 120 мың теңгеден 250–300 мың теңгеге дейін көтерілді.

Медицина саласында жылдам салынатын құрылыс орындары бюджетке де үнем әрі ұзақ уақытты талап етпейді. Осы ретте халықты көп толғандырған Талдықорған қаласында салынатын онкологиялық диспансердің жобасы дайын болды. Құны 10 млрд теңге шамасындағы үлкен әлеуметтік жобаны «Kazakhmys Holding» компаниясы іске асырады.

Атап өтсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына жұмыс сапары кезінде Талдықорған қаласындағы онкологиялық диспансердің материалдық-техникалық базасын нығайту туралы тапсырма берген еді. Соған сәйкес осы жылдың маусым айында облыс әкімдігі, Денсаулық сақтау министрлігі, «Kazakhmys Holding» инвестор-компаниясы Талдықорғанда онкологиялық орталық салу туралы үшжақты меморандумға қол қойған. Аталған уағдаластық негізінде инвестор өз қаржысына орталық ғимаратын тұрғызады, Денсаулық сақтау министрлігі заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етеді, ал әкімдік өз тарапынан инженерлік коммуникациялық желілерін жүргізеді және ішінара құрал-жабдықтар алуға қолдау көрсетеді деп жоспарланып отыр.

«Онкологияны диагностикалау мен емдеу – бүкіл әлемдегі өзекті мәселелердің бірі. Сон­дықтан да оған мемлекет тарапынан басымдық берілген. Бұған дейін облыс әкімінің бастамасымен жаңа заманауи онкологиялық орталық салу туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Бұл жаңа орталықта пациенттерді емдеу және диагностикалаудың жаңа тәсілдері қолданылады. Емдеу барысында сызықтық үдеткіш, химиотерапияны емдеу әдістерін пайдаланатын интервенциялық хирургия қолданылады. Бұдан басқа, скрининг орталығы ашылады, бұл халыққа сапалы меди­циналық қызмет көрсетуге өзінің оң әсерін тигізеді», дейді облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Арман Жансеңгіров.

Сондай-ақ жаңа онколо­гиялық орталықта гематология, оңал­ту, фармакология бө­лімшелері ашылып, радиология, химиотерапия, маммогинекология бөлімшелері жұмыс істейді.

Ауылдағы халық дегеннен шығады, әуелгі сәлемін «мал-жан аман ба?» деп бастайтын ағайынның бір мәселесі ветери­нарлық пункттер екені бұ­ған дейін айтылған. Осы мақсатта кейінгі жылдары мал емдеуге арналған заманауи мекемелер ірге жая бастады. Өңірде былтырдан бері жергілікті бюджет қаражатына 50-ге тарта блокты-модульді ветеринарлық пункт салынған. Материалдық базаны нығайту жағынан бұл – республика көлеміндегі үздік көрсеткіштердің бірі.

Өңір әкімі баспасөз қызме­тінің мәліметінше, өткен жылы блокті-модульді конструкциядан 24 ветпункт тұрғызылса, биыл 23 ветпункт салынып, пайдалануға беріледі. Мұндай құрылыс қысқа мерзім ішінде – шамамен 3-4 айда тұрғызылады. Жобалық-сметалық құжатты қа­жет етпейді. Құрылыстың құны едәуір арзан. Бұған қоса ветеринария мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 26 автокөлік, 517 арнайы ветеринариялық құралдар, 113 компьютер жиынтығы және 117 дана ИСЖ базасына арналған планшет сатып алынып, арнайы мамандарға берілген.

Бұдан бөлек, кейінгі екі жылда ветеринарлық шара­ларды ұйымдастыру үшін облыс­тық бюд­жеттен 8,1 млрд теңге бөлін­ген. Осындай тұрақты қол­даулар жұмыс сапасына өзінің оң әсерін тигізіп отыр. Мәселен, Же­ті­су облыстық Ветеринария бас­қар­масының басшысы Нұрлан Жамаубаевтың айтуынша, өткен 6 айда 426,5 мың ірі қара, 1 млн 286 мың бас ұсақ мал бруцеллезге қарсы тексеруден өткізілген.

«Мал шаруашылығы – облыс экономикасының негізгі басым бағыттарының бірі. Оған қоса ет пен сүт сапасы халықтың денсаулығына тікелей әсер ете­тін фактор. Сондықтан мал мен құстың жағдайын тұрақты ба­қылап отырамыз. Бұл ретте аса қауіпті аурулардың алдын алу бағытындағы вакциналаудың 6 айлық жоспары лайықты деңгейде орындалды», дейді Н.Жамаубаев.

Жалпы, облыс бойынша аудан, қалаларда 10 ветери­на­р­лық станса мен 118 ветпункт бар. Онда 1 100 маман еңбек етеді. Ветеринарлар ауыл ша­­­руа­шылығы жануарлары мен құстардың аса қауіп­ті ауру­ла­­рының 16 түрі бойын­ша ве­теринарлық-профи­лакти­ка­лық іс-шаралар атқарады. Алда­ғы уақытта қосымша осы салаға ар­налған блокты-модульді нысандар салынады.

 

Жетісу облысы