• RUB:
    5.09
  • USD:
    524.66
  • EUR:
    550.21
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Тамыз, 2024

Павлодар: Көгілдір отын мәселесі қашан шешіледі?

85 рет
көрсетілді

Ертіс-Баян өңірін газдандыру мәселесі алдағы бес жылда шешіліп қалады деп күтіліп отыр. Арнайы жұмыс комиссиясының есебінше, жергілікті тұтынушылар көгілдір отынға 2030 жылы қосыла бас­тауы керек.

Кереку өңірін газдандыру мәселесін бұдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тапсырған болатын. Аймақ жұртшылығымен кездесуінде Пре­зидент өнеркәсіпті дамыту қоршаған ортаға ауыр жүктеме түсіретінін атап өткен. Себебі Павлодар облысында еліміздегі зиян шығарындылардың үштен бірі шығады. Бұл – жыл сайын шамамен 700 мың тонна.

«Күнделікті еңбегі бүкіл елдің индустриялық өсуінің негізі санала­тын өңір тұрғындары туған өлкенің қоршаған ортасының жай-күйіне қатты алаңдайды. Экологиялық жағдай – азаматтардың өмір сүру сапасының маңызды көрсеткіші. Сондықтан өндірістік әлеуетті кү­шейту мен экологияны қорғау ара­сындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды. Еске сала кетейін, Қазақ­стан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қолжеткізу ниетін жариялады», деген еді Мемлекет басшысы.

Президент айтқандай, Үкімет ай­мақты газбен қамтамасыз ету жолдарына басымдық беруі керек. Бұл жасыл даму күн тәртібін толық жүзеге асыруға және нақты тұрақты дамуға бағытталған маңызды қадам болады.

Биыл өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасы Павлодар облысын газдандыру мәселелері бойынша жұмыс тобын құруға бастамашы болды. Көгілдір отын жүйесі барлық он аудан мен үш қаланы қамтиды деп жоспарланып отыр.

Әуел баста Павлодар қаласы мен төрт ауданды ғана газдандыру жос­парланған еді. Жұмыс тобы мәсе­лені саралай келе, барлық аудан-қаланы жүйеге қосуды нақ­тылады. Жобаның жобалық-смета­лық құжаттамасы әзірленбеген, соған орай жүйені тарту, енгізудің қанша сомаға түсетінін айту мүмкін емес дейді жауапты ведомство өкілдері.

«Аймақта табиғи газ бен газ­таратқыш желілер жоқ. Облыс­тың ірі елді мекендерін газдандыру кейінгі жылдары республикалық дең­гейде көтеріле бастаған. Биыл біздің басқарма Павлодар облысын газдандыру мәселелері бойынша жұмыс тобын құруға бастамашы болды. Жұмыс тобының құрамына Энергетика министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, «QazaqGaz» ҰК» АҚ және «КАТЭК» ЖШС жобалау-зерттеу ком­пания­сының өкілдері кірді. Сәуір айында өткен алғашқы отырыста олар газды тұтынудың болжамды көлемін талқылады», дейді өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайып.

Өңірді газдандырудың болжамды мерзімі – 2030 жыл. Бұл мерзімге дейін жоба жан-жақты пысықталып, қажет қаражат көзі де табылып қалады деген сенім зор. Жергілікті энергия жүйесінің ма­мандары көгілдір отын келсе, Павлодар қаласының экологиялық мәселелері шешімін табады деген сенімде. Шаһардың қақ ортасында орналасқан жер үйлер қыс бойы пеш жаққанда қаланың біраз аумағы көк түтінге бөгіп жатады. Ал газ жетсе, бұл үйлердің барлығы көгілдір отынды пайдаланар еді. Есесіне жергілікті ауа да тазара түседі.

Бұған қоса қазіргі уақытта өңірде электрмен жабдықтау желілерін қайта жаңарту және жаңғырту бо­йын­ша 2025–2026 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп жатыр. Жол картасын іске асыру 80 елді мекенге немесе 98 мың тұ­тынушыға әсер етпек. Желілердің тозуын азайту мақсатында жыл сайын облыстың энергия беруші кәсіпорындары электр желілерін қайта жаңарту, жаңғырту, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын атқарып ке­леді. Қосалқы стансалардың электр жаб­дықтары бойынша инвес­ти­циялық іс-шаралар да жыл сайын жүргі­зіледі. Алайда бұл жеткіліксіз. Мамандардың сөзінше, жоспарлы жөн­деу шаралары тозу көрсеткішін қуып жете алмай отыр.

Жол картасын іске асыру нәти­жесінде аудандардағы апаттық өшірулер саны 1042 жағдайға немесе 40 пайызға азаяды деп күтіліп отыр.

 

Павлодар облысы